«Сарыарқаны сандалсам, Саңлағымды табам ба?..»

0 3

Мейірімнен мақұрым, қатыгездіктен алдына жан салмайтын ажалдың елшісі – сұрапыл соғыс тағдырлы тарихтың өшпес трагедиясы. Ауылдарды шаңға, қалаларды күлге айналдырған адамзат әлманахындағы сондай зілді соқпақ Ұлы Отан соғысы жылдары өтті. Миллиондаған ғұмырдың жазықсыз қанымен нүктесін қойған аяусыз майданның зауалы заманға да, адамға да оңай соққан жоқ. Біреуді әкесіз қалдырып, асқар тауын құлатты. Біреудің аяулы анасын зарлатып, бауырындағы бұлағын сарқыды. Ал біреудің жағасындағы құрағын жапырып кете барды. Жапырылған жауқазын ғұмырлы жауынгерлердің қатарында Отан үшін от кешіп, оққа қарсы атылып, оралмаған оғылан ұл, XX ғасырдың Гомері атанған қазақ жырының қызыл жолбарысы Жамбыл Жабаевтың перзенті Алғадай да бар еді.

Алғадайым арлы едің,
Ата сөзін сыйлаған.
Перзентімнің алды едің,
Көңілімді қимаған.
Аттандырдым майданға,
Аман-есен жүр балам!, – деп жыр алыбының жүрегінен жыр төгіліп, көңілі сөгіліп аттандырған Алғадай ұлы осы еді. Жалпы Жамбыл бабаның Момын, Талжібек, Қанымжан деген үш әйелінен он ұрпақ тарағаны тарихтан мәлім. Момыннан – Қожақ, Әйімхан, Қожаш, Қожамберді, Күлтай, Талжібектен – Аққұлы, Ақбала, Қанымжаннан Алғадай (1900-1943), Ізтілеу (1906-1944), Шыныбай (1909-1933), Тезекбай (1913-1986) туған. Осының ішінде Қанымжаннан туған екі ұлы Алғадай мен Ізтілеу қан майданнан қайта оралмаған. Алайда Алғадайдан Таубай мен Қуаныш, Ізтілеуден Жеңісхан деген ұл қалған екен. Жамбыл ұлдарының ішінде елге етене таныс, елгезек ержүрек ұлдарының бірегейі осы – Алғадай. Жауынгер ақынның жаужүрек ұлы да Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Кең жүрегінің күре тамыры үзілгендей қанаты қайырылған Жамбыл ақынның жоқтауы да естіген жанның арқасынан аяз жүгіртеді.
…Алғадайдың мүрдесін
Жол-жөнекей көрдің бе?
Топырағың торқа боп,
Тыныш ұйықта дедің бе?
Қалай қиып қалдырдың,
Қарт әкеңді еліңде?
…Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәріп адамға.
Күнде үйімде күңіренем,
Көзіме жас алам да, – деп жан дүниесі ботадай боздаған тау тұлғаның теңіздей тебіренісі сұм соғысқа сөз киесінің қарғысын жаудырғандай.
Жалпы Алғадай Жамбылұлы 1942 жылдың қаңтарында майданға аттанған болатын. Соғыста 7-гвардиялық қызылжұлдызды атты әскер (кавалерия) дивизиясы құрамында шайқасты. Осы дивизияға қарасты 19-гвардиялық атты әскер полкінің 1-қылышты (сабельный) эскадронында қол пулеметінің новодчигі болды.
1943 жылдың 22 ақпанында Украинаның Синельниково стансасы түбінде Мәншүк Мәметова сияқты қарсы шапқан жауға пулеметтен оқ жаудырған күйі ерлікпен қаза тапқан. Ұрыс даласында қалған 4 жігіт 200 фашистке табандап қарсы тұрып, 80-ін жер жастандырды. Алайда жау жағы төрт қайсар жігітті отқа орап, көзін жойған. Архив деректері бойынша, Алғадай осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылыпты. Марапаттау парақшасында былай деп жазылған:
«Тов. Джамбулов в боях с немецкими оккупантами за ст.Синельниково с 20 по 22.02.43 проявил мужество и храбрость. Стойкость и хладнокровие в трудной и тяжелой обстоновке с ручным пулеметом и группою товарищей 4 человека вели атаку 200 фашистов станками отражал в течении 3,5 часов. Немцы подожгли где был дом тов. Джамбулов с 4-я гвардейцами убил 80 немецких солдат и офицеров, в этом бою храбрым пал тов. Джамбулов с одним красногвардейцам. За проявление стойкость и боевые умение тов. Джамбулов Алгадай – сын великого Народного поэта Казахстана. Достоин посмертно представление к правительственной награда к ордену «Красного знамени».
Алайда Алғадайға ол атақ бұйырмай, «І дәрежелі Отан соғысы» медалі ғана беріліпті. Батырдың денесі Днепропетровск облысы Синельниково ауданы Синельниково қаласындағы бауырластар зиратында жерленген. Зират жанындағы мектептің әскери даңқ музейінде Алғадайдың ұстаған қаруы мен каскасы сақталған көрінеді. Ал оның бауыры Ізтілеу Жамбылұлына қатысты дерек жоқтың қасы. Ізтілеу де ағасы Алғадаймен бірге 1942 жылдың қаңтарында майдан даласына аттанған. Деректерде оның 1943 жылдың мамырында хабарсыз кеткені ғана жазған. Міне осындай ерліктің иесі Алғадай батырға Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Украинадағы Днепропетровск облысы Синельниково қаласындағы «Даңқ» мемориалында арнайы ескерткіш орнатылып, салтанатты түрде ашылғанын көпшіліктің бірі білсе, бірі бейхабар болар. Бұл шараға Жамбыл ақынның атымен аталған Әулиеатадан сол кездегі облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы Қасымхан Төлендиев, мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы Шала Шәрденовтер қатысқан болатын. Ал Алматы облысынан Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов, Жамбыл мұражайының директоры Мәулен Қожашев алыстан ат терлетіп жеткен еді.
Соғыс өрті ұшқындап, жау жағадан алғанда кемедегінің жаны бір. Осы секілді алтын басты ұлдар ажалдың қанжығасында кеткен жылдары фашизмнің азуына әрбір ұлттың ұландары білек біріктіріп, қарсы тұрды. Тіршілікке, талай таудай ұлдарын төмпешікке айналдырған жер анаға жаңа өмір сыйлаған мамыражай көктемде украиндықтар ержүрек ұлдарын іздеп келген қазақ делегациясын зор құрметпен қарсы алады. Бұл туралы делегацияны облыстан бастап барған Қасымхан Төлендиев өз естеліктерінде айрықша айтудан жалыққан емес. Өмір мен өрттің арасында сол өңірде жаумен арпалысқан алаштың арыстандай ұлдары аз болған жоқ. Сондай оғланның бірегейі Алғадай батырдың рухына арнап бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатында сөз тізгіндеген Днепропетровск облысының мемлекеттік әкімшілігінің төрағасы Юрий Ехануров, Қазақстан Республикасының Украинадағы елшісі Амангелді Жұмабаев, Синельникова қаласының басшысы Леонид Сутула қазақ халқының ержүрек ұлдарына, олардың өшпес ерліктеріне деген құрметінің шексіз екендіктерін ерекше мақтанышпен айтып өткен. Сол қатарда сөз алған жыр алыбының немересі Әлімқұл Жамбылов Алғадай батыр мен оның қандыкөйлек жолдастарына көрсетілген құрметке риясыз ризашылығын білдіріп, әсерлі, жан тебірентерлік естеліктерімен бөліскен екен. Ал облыстан делегацияны бастап барған Қасымхан Естемесұлы украин еліне жамбылдықтардың ыстық сәлемін жеткізіп, осындай зауалы заманаға зіл болған сұрапыл соғыс жылдары жауынгерлерге өлмес рух берген,1943 жылы жау қоршауында қалған Ленинград тұрғындарына жыр толғауымен мұқалмас жігер, қаһарлы қайрат сыйлағанын, қазақ батыры Алғадайға көрсетілген мұндай құрмет сын сағатта майданды да жеңе білген ұлы достықтың нышаны әрі бұл бүкіл адамзат баласының ұрпағына өшпес өнеге үлгісі екендігін ерекше жеткізеді. Сонымен қатар Алғадай мен бауырластар зиратында жатқан қазақ жауынгерлерінің ерлігін тізіп, есімдерін түгендеп, ерекше құрмет көрсетіп отырған жергілікті жұртқа сол кездегі облыс әкімі Б.Жексембиннің атынан алғыс айтқан. Осындай алғыс иелерінің қатарында аталмыш қала басшысы Л.С.Сутула мен жергілікті мектептің мұғалімі, қызыл ізшілердің жетекшісі Е.Трущенколар да бар. Облыс делегациясы Алғадай ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойып, қасиетті Әулиеатадан арнайы жеткізілген топырақты сол ескерткіштің жанына шашты, рухына тағзым етті. Гүл шоқтарын қойып, қазақ батырының ерлігіне бас иіп жатқандардың ішінде жергілікті тұрғындардың да қарасы қалың болған.
Айта кетерлік жайт, Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында мереке күні Украинада бой көтерген ескерткіш Алматы облысында жасалса, оған Жамбыл өңірі қолдау білдірген екен. Бұған қоса 1943 жылы 22 ақпанда қасап майданда ерлікпен қаза тапқан Алғадай батырды жауынгерлік салт-жорамен жерлеу рәсіміне Жетісу өңірінің қадірлі азаматы, майдангер майталман Әбікен Үмбетов (қазіргі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің әкесі) қатысып, қаруласының қабіріне топырақ салған екен.
Батыр рухының аруағы бір аунаған сол күні қазақстандықтарды құшақ жая қарсы алған жергілікті №5 мектептің ұжымына облыс делегациясының басшысы Қ.Төлендиев сол кездегі облыс әкімінің атынан компьютер табыс етеді. Ал осы аталған мектептің ұстазы, жат жерде жан тапсырған жауынгерлердің есімдерін зерттеп-зерделеп жүрген қызыл ізшілердің жетекшісі Евгений Трущенконың иығына қазақы салт-дәстүр бойынша шапан жабылып, лайықты сый-сияпат жасалады. Өз кезегінде мектептің директоры Неля Макаренко да аймақтан барған ақеділ жұртқа ағынан жарылып алғысын жеткізген болатын. Айта кетсек, осы мектептің мұражайында отан қорғаушыларға, оның ішінде ерлікпен қаза тапқан 67 қазақстандық жауынгерге қатысты құжаттар, деректер мен жәдігерлер сақтаулы екен. Осы шарадан кейін Синельникова қалалық газетінің бір беті тұтас Жамбыл ақын мен оның ержүрек ұлы Алғадайға арналды. Алғадай батырдың отандастарын туған еліне үлкен құрметпен шығарып салды.
Әйгілі сөз сүлейі Кенен ақын жыр алыбына көңіл айтып, жұбатар толғауында «Өлген жоқ, өлтірмейді тарих – ата» деп әсерлі әспеттеген Алғадай батырдың ерлігі Алашқа ғана емес, адамзат баласына үлгі, өшпес өнеге десек, асып айтқандық болмас. Міне биыл Ұлы Жеңістің – 75 жылдығы. Қазақ батырларына деген өзге ұлт өкілдері құрметінің бұл бір парасы ғана болатын. Ал өз елі мен өскелең ұрпағының құрметі шексіз һәм мәңгілік!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.