Жастар.kz

Сарыбековтің лекциясынан студенттер серпіліп шықты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия алдына бірнеше міндеттерді жүктеп, олардың орындалу барысына бақылау жүргізуді тапсырған еді.

Атап айтқанда, Елбасы партиялық кадрлармен жұмысты күшейту, жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысу, партиялық технологияларды жетілдіру, жастармен белсенді жұмыс жүргізу сынды міндеттерге айрықша тоқталды. Осы мәселелерді және Елбасының бес әлеуметтік бастамасындағы маңызды міндеттерді жастарға түсіндіру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ТарМУ ректоры, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Махметғали Сарыбеков жастармен кездесті.
Президенттің мемлекеттің барлық саласына серпін беретін стратегиялық жоспарларын атап өткен Махметғали Нұрғалиұлы партия Саяси кеңесі отырысында айтылған тапсырмаларға кеңінен тоқталды.
–Елбасы үшін жастар қауымы әр кезде стратегиялық әрі кадрлық ресурс санатынан тысқары болған емес. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы әрқашан жастарға басымдық беріп отырады. Жалпы, Елбасы тапсырмасына сәйкес партияны жүйелі жаңғырту үшін 22 жаңа жоба қолға алынды. Соның ішінде жастарды цифрлы жүйеге даярлау, шағын және орта кәсіпкерлікке баулу, үштілділікті меңгерту, IT мамандар даярлау сынды маңызды міндеттер бар. Жаңа реформаның басты мақсаты – еліміздің экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінде технологияның өсу, даму қарқыны жоғары. Сондықтан жастарды осы көштен қалмай, ғылым мен техниканың озық үлгілерін меңгеруіне жағдай жасау керек. Бұл бағытта оқу орнында «Цифрлы университет» тұжырымдамасы қолға алынды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында «Мехатроника» аса қажетті мамандық болады. Ал, шағын және орта кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретуде шетелдік оқу орындарының тәжірибесі енгізіледі. Бізде бизнес бастау үшін алдымен экономикалық білім болу керек деген ой қалыптасқан. Ал, шетелде бизнесті дамыту үшін техникалық, технологиялық, инженерлік мамандықтарға баса назар аударады. Яғни, «бизнестің инженерін» даярлайды. Осы мақсатта университет жанынан «Инновация және кәсіпкерлікті дамыту» орталығы ашылды. Сондай-ақ, елімізде IT саласына жылына 35 мың маман даярлайтын орталықтар жұмыс істейтін болады. Мұндай орталықтарға алдымен жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған жастар тартылмақ. Осыған орай, облыстық әкімдік тарапынан өңірімізде IT орталықты ТарМУ-дың жанынан ашу жөнінде ұсыныс айтылды. Егер әкімдік тарапынан орталықты қаржыландыру мәселесі толық шешілсе, қолға алынады,– деді ол.
Махметғали Нұрғалиұлы сондай-ақ, партия жобаларының аясында кітапханалар да тыс қалмағанын айтты. Еліміздің кітапханаларын заманауи оқу орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы кітапхана қорын цифрландыруды қолға алды. Жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен пайдаланылып, оқырмандарға жаңа форматтағы «Рабис» бағдарламасы бойынша қызмет көрсетіледі.
Кездесу соңында жастар бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Студенттерді мұқият тыңдаған ректор білімді де, белсенді жастар үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.

Ұлдана ЖҰБАЙ, М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 1-курс студенті

ПІКІР