Астанаға 20 жыл

Сарыкемер ауылындағы шаттық

Астананың мерейтойы қарсаңындағы алғашқы нысан апта басында Байзақ ауданында ашылды. Дәл осы күні Сарыкемер ауылында «Ерік ата» жекеменшік балабақшасының тұсауы кесілді.

Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, ауданның Құрметті азаматтары мен Бәйдібек ауылдық округінің тұрғындары көптеп жиналды. Шарада аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, мектепке дейінгі тәрбие Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі екендігін жеткізді.

– Бала – өміріміздің жалғасы. Ал, оны тәрбиелеу – басты міндетіміз. Сондықтан, Елбасы дәстүрлі Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мектепке дейінгі тәрбиеге байланысты нақты міндеттер жүктеді. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік негізде балабақша ашуға баса назар аударуда. Өткен жылы осы мақсатта ауданда 500-ден аса бала балабақшамен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы 485 орын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшада орналасуы 97,9 пайызды құрап отырса, жыл соңына дейін 99 пайызға жеткізу жоспарда, – деген Рахматілдә Сегізбайұлы кәсіпкерлердің де еңбегіне ерекше тоқталып өтті. Мұнан соң Бәйтерек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәбит Айтбаев игі бастаманың жемісті болуын тілеп бата берсе, ауданның Құрметті азаматы Үсіпәлі Қалиев осындай ілкімді шараларға көңілі толатындығын жеткізді. Өз кезегінде ата-аналар атынан сөз тізгіндеген Шырын Көпжасарова Астана мерейтойы аясында аталған балабақшаның ашылуы көптеген жанұяларға қуаныш сыйлағандығын тілге тиек етті.

75 орынға шақталған ғимаратқа жеке инвестиция есебінен 11 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Аталған балабақшаның меңгерушісі әрі иесі Бекзада Тайшикованың сөзінше, мұндай кәсіп ашуына бұрын өзінің мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінде жұмыс атқаруы себеп болған. Бүгінде ол осы кәсібі арқылы 15 педагог маманды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта ол балабақшасының жанынан тағы қосымша ғимарат салып, музыкалық сыныптар ашуды жоспарлап отыр екен.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР