Астанаға 20 жыл

Сарыкемердегі спорт нысаны

Астана қаласының 20 және Байзақ ауданының 80 жылдық мерекесіне орай Сарыкемер ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан жаңа спорт залы ашылып, пайдалануға берілді. Аталған спорт нысанының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов барша тұрғындарды Астана күні мерекесімен құттықтады.

– Елбасының жүргізіп отырған сара саясатының басым бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту. Өйткені, бұқаралық спорт адамзатты салауаттылыққа, бірлікке шақырып қана қоймай, қоғамда дені сау азаматтардың қалыптасуына жағдай жасайды. Осы спорттық кешен жас жеткіншектердің арманына қанат бітіріп, еліміздің абыройын асқақтатар даңқты спортшылар тәрбиелеуге мол септігін тигізіп, халықтың игілігіне қызмет етеді деп есептеймін, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.

Жалпы, нысан құрылысы былтыр сәуір айында басталған. Бұл мақсатқа 363,4 миллион теңге бөлініпті. Мердігер «Ақ пейнет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, ел игілігіне ұсынып отыр. Шара барысында аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев аталмыш серіктестіктің директоры Владимир Севостьяновты Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Айтбековке жаңа нысанның кілті салтанатты түрде табыс етілді.

Спорт кешенінің лентасын Ерқанат Нұрбапаұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев қиған соң, көпшілік нысанды аралап көрді. Мұнда күрес, бокс залдары, киім ауыстыру, шомылу, жаттықтырушылар және әкімшілік қызметкерлердің бөлмелері бар. Сондай-ақ, ғимарат алдында спорт мектебінің стрит-воркаут алаңшасы орналасқан. Жаңа кешен ашылысымен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгерлері волейбол, футбол, күрес түрлерінен екі топқа бөлініп, жолдастық кездесу өткізді.

Бір ауысымда 65 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар жаңа ғимаратта жастарымыз спорттың бокс, каратэ-до, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, дзюдо, волейбол, баскетбол, үстел теннисі сынды түрлерімен айналыса алады.

Байзақ ауданы

ПІКІР