Сарыкемердің сабыны

0 8

Сарыкемер ауылының тұрғыны, 4 баланың анасы Ақерке Нұрышова иіс сабын және сәбилерге арналған табиғи таза сабынды үй жағдайында жасап, шығара бастады. Бұл істі Ақерке Меделханқызы биыл ақпан айында қолға алыпты.

– Мамандығым бойынша бастауыш сыныптың мұғалімімін. 8 жылдан аса уақыт Сарыкемер мектеп-гимназиясында еңбек еттім, кейіннен отбасылық жағдайға байланысты жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Біраз уақыт жұмыссыз отырып қалдым. Алайда әрекет жасап, ізденіп, отбасының нәсібін молайтамын дейтін адам үшін еш кедергі болмайды. Мен де үйде отырып-ақ, кәсіп бастауды мақсат еттім. Сөйтіп, интернеттен үй жағдайында әтір сабынды қалай жасауға болатынын үйрететін бейнебаяндарды көре бастадым. Содан, сабынның сан түрін дайындауды үйрететін ақылы онлайн видео сабақтарға қатыстым, осы саланы егжей-тегжейлі үйреніп шықтым, – дейді ізденімпаз кәсіпкер.
Ақерке аталған кәсіпті теориялық жағынан меңгергенімен, практикалық тәжірибені жинақтауға кіріскен. Содан, өнім жасағанға жұмсалатын қажетті шикізатты тапсырыспен онлайн жеткізуші арқылы алған.
– Интернеттің белсенді пайдаланушысымын, Instagram желісінде 32 мың оқырманы бар аудиториямен қамтылған парақшамды жүргіземін. Алғашқы тапсырысым осы әлеуметтік желі арқылы келіп түсті. Қай кәсіпті бастасаң да қаражат қажет екені белгілі. Алғашында кәсібімді бастау үшін шамамен 50 мың теңге, кейін тағы 200 мың теңге жұмсадым. Интернет арқылы Ресейден «Мыльная основа» деп аталатын шикізатты, ал, өзіміздің Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан қосымша эфир майларын, хош иістендіргіштер, бояғыштар және тағы басқа қоспаларды арнайы тапсырыспен сатып алдым, – дейді Ақерке.
Көрші Ресейден жеткізілетін шикізаттың бір келісі – 1850 теңге. Бұл бір келі шикізатқа мөлшерімен су, хош иістендіргіш, бояғыштар және эфир майларын қосқанда шамамен 80 граммдық сабынның 1820 данасын өндіруге болады екен. Сабынды түрлі пішінді етіп шығару үшін арнайы формаларға құйылады.
– Сабынды түрлі-түсті, саналуан қаптамада және әртүрлі пішінде жасаймын, барлығы тапсырыс берушінің талғамы мен қалауына байланысты. Мәселен бесікте жатқан сәби, қанатты «періште сәби», түрлі түсті көліктер, құс, аю, сан түрлі гүлдер пішінді сабынға сұраныс көп. Дайын өнімді Атырау, Өскемен, тағы басқа қалаларға тұрақты түрде жіберіп тұрамын. Ал, жақында Оңтүстік Кореядан арнайы тапсырыс қабылдап, 30 дана сабынды танысым арқылы жөнелттім. Барлық тұтынушыларым қызығушылықтарын танытып, өнімнің сапасына деген ризашылықтарын білдіруде. Ендігі кезекте Тараз қаласындағы бірнеше монша иелерінің тапсырысын орындап жатырмын, – дейді кәсіпкер.
Ақеркенің қолынан шыққан бір дана сабынның бағасы – 250 теңге, ал, сабынның қаптамасына арнайы тапсырыспен логотип немесе жазу жаздыратын болсаңыз бір сабын шамамен – 400 теңгеге айналады. Мұндағы баға сабынның қаптамасына, жұмсалатын ылғал өткізбейтін қағаз бен сол қағазға бастырылатын жазуына байланысты есептеледі.
Мұнымен бірге ол өзі меңгерген кәсіпті өзгелерге үйрету мақсатында онлайн дәрістерін өткізіп, бүгінде 60 адамға үйреткен екен. Үйренушілерінің барлығы осы саланы дамытып, кәсіптерінен нәсібін тауып жүрген жайы бар.
Ақеркенің мақсаты – жеке кәсіпкерлігін заңдастырып, кір сабынды шығаруды қолға алмақшы. Ол үшін қалыпқа құйылған сабынды басып шығаратын, қаптамаға орайтын және бірдей пішінді етіп турайтын аппараттарды сатып алғанға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантты және төмен пайызды несие алуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, бұл құрал-жабдықтың көмегімен бір сағатта 100 дана сабынды шығаруға болады, әрі бағасы да анағұрлым арзанырақ болатын көрінеді.

Гүлжан РУСЛАНҚЫЗЫ,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.