Sport

Сарысуда Асанәлі Әшімовтың жүлдесі сарапқа салынуда

Written by Aray2005

Бүгін Сарысу ауданында КСРО және Қазақстан халық әртісі, облысымыздың Құрметті азаматы, Қазақстанның Еңбек Ері, атақты жерлесіміз Асанәлі Әшімовтің жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасындағы шахматтан республикалық VIII дәстүрлі турнир басталды.
Турнирге республикамыздың Ақтау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау қалалары мен еліміздің 5 облысынан және Қырғызстан Республикасының екі облысынан жалпы 80-ге тарта қатысушы келді.
Қатысушыларды қарсы алған Асанәлі Әшімов құттықтау сөз сөйлеп, барлығына сәттілік тіледі. Ал А. Әшімовтың жұбайы Бағдат Әшімоважүлде қорының сыйлықтары мен 300 мың теңге қаржылай марапатты, Асанәлі ағамыздың кітаптарын  ұсынды.

Осы турнирде Асанәлі Әшімов ағамызбен шахмат ойнаған 10 жасар Меркілік Ерасыл Мырзакерім ойынды тең аяқтап, Асанәлі ағамыздың ақ батасын алды.

Турнирдің Қазақстанның Еңбек Ері — Асанәлі Әшімовтың жүлдесі үшін өтуі рухани жаңғыру аясында ұрпақтар ұлағаты және жас шахматшылардың шеберлігін шыңдауға оң ықпал етері сөзсіз.

Жалпы, ауданда салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту бағытында көптеген шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, бес балалар спорт мектебі жұмыс істейді. Барлық ауылдық округтерге спорт алаңшалары ел игілігіне қызмет етуде.
Жылдан-жылға спортшыларымыздың жетістіктері мен жеңістері де көбейіп келеді. Олар республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мақтанарлық нәтижелерге жетуде. Жыл басынан ауданның 11 спортшысы халықаралық, 57 спортшы республикалық және 115 спортшы облыстық деңгейдегі байрақты бәсекелерге қатысып, жеңіс тұғырларынан көріне білді. Спортты кеңінен насихаттау мақсатында ауданда республикалық, халықаралық жарыстар мен турнирлер өткізу қолға алынып келеді.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.

ПІКІР