Сарысуды соны серпін күтіп тұр

0 7

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданының жаңа әкімін тағайындап, оны аудан активіне таныстырған онлайн өткен жиында аудан басшысына ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономикасын дамытуға күш салу керектігін баса айтқан. Бұл ретте аймақ басшысының аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің алдына инвесторлармен жұмысты үдетудің мақсат-міндеттерін де қойып отыр. Ауданға көгілдір отын жеткізуді жеделдету қажеттігін де тапсырма етіп жүктеді.
Тағайындаудың ертесі күні облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек ауданға жұмыс сапарымен келіп, облыс басшысының артқан жауапкершілігін баса айтып, қызметіне сәттілік тіледі. Марат Сұлтанғалиев өзіне артылған сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді.

Су тасқынының себебімен емес, салдарымен күресу керек

Осылайша қызметіне кіріскен Марат Қырғызәліұлы ең алдымен көктемгі су тасқынының алдын алуға ерекше мән беріп, дайындық шараларын күшейтті. Арықтар мен құбырлар тазартылмаса, күн күрт жылынған жағдайда қар тез еріп, төтенше жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан еріген қар суының кедергісіз өтуі үшін су өткізгіш құбырлардың, арықтардың арналарын уақытылы тазалау жұмыстарына баса назар аударылды. Бүгінгі таңда аудандағы қауіпті аймақтар белгіленіп, бөгеттерді бекіту жұмыстары да қолға алынған.
Ақпан айында орталық қазандықта жылу құрылғыларының істен шығуы тұрғындарды айтарлықтай әбігерге салған болатын. Сондықтан да аудан басшысы орталық жылу қазандыққа арнайы барып, бүгінгі жай-күйін көзбен көріп, қала тұрғындарына беріліп жатқан жылу қысымын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Майдангерлерге құрмет – ерлікке тағзым

Қазір ауданда санаулы ғана Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагер тұрады. Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Соғыс ардагері Қабыл Ібжановтың шаңырағындағы кездесуде келелі әңгіме өрбіп, жауынгерлік естеліктер айтылды. Қ.Ібжанов әрдайым құрмет көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіріп жүрген атқарушы билік өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

М.Сұлтанғалиев аудандық бірқатар ауылдық округтерге де арнайы барып, ондағы әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, тұрғындарды толғандырған мәселелерге құлақ түрді. Алдымен жұмыс сапарымен «Ынталы» су қоймасына ат басын бұрып, ондағы ахуалды көзбен көрді. 1975 жылы пайдалануға берілген нысанның сыйымдылығы – 30 миллион текше метр. Бүгінгі таңда онда 18 миллион текше метр су жиналған. Аудан әкімі төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында кезекшілік кестесі құрылып, мекеме қызметкерлерінің бақылауында болуы керектігін жауаптыларға ескертті.
Тарихи-мәдени ескерткіштер де Марат Қырғызәліұлының назарынан тыс қалмады. Күйші-композитор Ықылас Дүкенұлы, Шоқай датқа кесенелеріне барып, Құран бағыштады.
Мұнан кейін Саудакент ауылындағы жаңадан салынған спорттық-сауықтыру кешенінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Сонымен қатар Б.Адамбаев атындағы орта мектепке және техникалық шығармашылық орталыққа барып, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, үлкендердің ақ батасын алды.
Сондай-ақ Түркістан, Арыстанды ауылдық округтеріне ат басын бұрып, тұрғындармен жүздесті. Ал ақылы қоғамдық тұрғын үй жетекшілерімен өткізген кездесуінде шаһардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, тазалық мәселесін қолға алу жөнінде тапсырмалар берді. Қаладағы жылу мәселесі және тазалық жұмыстары бойынша М.Сұлтанғалиев өз ұсыныстарын, жоспарларын айтып, халықпен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді.
Игілік, Жаңаталап ауылдық округтеріне барып, білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен ауызсу жинау қоймасының құрылыс жұмысымен танысты. Ауыл ақсақалдарымен кездесуде ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ерубаев пен жергілікті қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Жайханов жаңадан тағайындалған аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, Жаңаталап орта мектебі жанынан спортзал, асхана, мәжіліс залын салу туралы ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде Марат Қырғызәліұлы көтерілген әр мәселе назарға алынатынын атап өтіп, ауылдық округ әкімі Т.Абдраевқа тиісті тапсырмаларын берді.
Ал Жайылма ауылдық округіне қарасты Маятас ауылындағы кездесуде ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Қойшыбаев аудан басшысының қадамына сәттілік тілей отырып, ауылға жаңа мектеп ғимаратын салу, «Бүркітті» су қоймасының екі шақырымдық лотогын жаңадан ауыстыруға ықпал ету туралы көптің ұсынысын жеткізді.
Одан кейін аудан әкімінің сапары Жайылма, Жаңаарық, Түркістан, Досбол, Тоғызкент, Қамқалы ауылдық округтерінде жалғас­тырып, онда тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралады.

Кәсіпкерлікті қолдау жалғасады

Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев аудандық орталық ауруханаға арнайы бас сұғып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Бас дәрігер Бағила Бегманова денсаулық саласындағы өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Аудан басшысы өз кезегінде басты байлық денсаулық екенін, осы бағытта еткен еңбек пен төккен тердің зая кетпейтінін, қашанда тұрғындар пікірімен санасып еңбек ету қажеттігін ескертті.
Марат Сұлтанғалиев аудандық «Адалдық алаңында» жеке қабылдау өткізді. Оған жиырмаға жуық аудан тұрғыны келіп, жол, жұмыссыздық, тұрғын үй, қайтарымсыз грантқа қатысты мәселелер көтерді. Аудан әкімі бұл бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді.
Аудан әкімі кәсіпкерлік саласын да ұмыт қалдырмай, Сарысудың аумағында орналасқан барлық нысандардың жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті.

Бірлігі бекем елдің бағындырар белесі көп

Марат Сұлтанғалиев «Жаңатас көлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, директоры Хасен Молдабаевпен тілдесті. Бүгінде бұл мекеме 52 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аудан әкімі серіктестік жұмысына сәттілік тілеп, алда бірлікте жұмыс атқаруға шақырды.
«Коворкинг» орталығындағы үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Басқосуға «Нұр-Шапағат» коорпоративтік қорының жетекшісі Райхан Хасенова, «Сарысу патриоттары» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қуаныш Қияшов және басқа да үкіметтік емес ұйым жетекшілері сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің, алқабилер кеңесінің төрағаларын қабылдап, өңір ардагерлерінің жағдайы мен кеңестің қоғам өміріндегі маңызы және коронавирус індетінен сақтану шаралары талқыланды.

Көктемгі дала жұмыстары қарқын алды

Көктемгі дала жұмыстарының барысына да ерекше көңіл бөлінуде. Жауапты науқанға дайындықты саралау мақсатында Түркістан ауылдық округіне барды. Онда қойманы аралап, шаруа қожалық төрағаларымен кездесті. Техникаларды көріп, дайындық барысына қанықты.
Жалпы аудан бойынша 2021 жылдың өнімі үшін егілетін жаздық дақылдар үшін 14 140 гектар жер сүдігер көтеріліп, 3 600 гектар жерге күздік бидай себілді.
Көктемгі дала жұмыстарына 219 трактор, 59 соқа, 10 қопсытқыш, 39 дән сепкіш сақадай сай дайын тұр. Биылғы жылдың өнімі үшін 6 000 гектар жаздық арпа, 1 200 гектар дәндік жүгері, 7 200 гектар мақсары, 40 гектар картоп, 270 гектар көкөніс, 360 гектар бақша және 1 150 гектар көпжылдық шөп егіледі. Барлық егістік жердің көлемі – 23 715 гектар.
Көктемгі дала жұмыстарына 715 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді.

Жаңатас жайнай түседі

Жаңатас қалалық әкімдігінің мәжіліс залында жиын өтіп, онда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қала тазалығына баса мән беру керектігін, басты мақсат –
қаламыздың тазалығы, көркеюі мен гүлденуіне әркім өз үлесін қосу керектігін атап өтті. Сонымен қатар қаладағы барлық жеке кәсіпкерлерге өз аумағын тазалап, ал тұрғындардың үйлерінен шығарған қоқысты белгіленген жерге тастауы қатаң қадағалануы тиіс екенін ескертті. Тазалық жұмыстарының көктемгі көріктендіру және көгеріштендіру айлығының ерекше қарқынмен өткізілуін қадағалауды аудан әкімінің орынбасары Ерлан Имашевқа тапсырды. Барлық мекеме басшылары мен қызметкерлердің қоғамдық жұмысшылардың ең басты назары қаланың тазалығы мен әдемілігінде болуы керектігін, сондықтан да шаһар тазалығы үшін жұдырықтай жұмылып, бірлікпен жұмыс атқаруға шақырды.
Мұнан соң аудан басшысы бөлім басшыларымен танысып, алдағы уақытта атқарылу тиіс жұмыстарды пысықтады.

Дариха Үмбетиярова,
аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы,
Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.