"Кәсіпкерлік"

Сарысудың содасы брендке айналады

Written by Aray2005

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Yildirim Holding» түрік компаниясының өкілдерін қабылдады. Екіжақты кездесуге облыс әкімінің тиісті орынбасарлары мен салалық басқарма және «KazakhInvest» ҰК АҚ-ның облыс бойынша филиалының басшылары қатысты.

Бұған дейін белгілі болғандай, түркиялық компания өңірімізде «Кальцийлендірілген сода өндірісі» инвестициялық жобасын жүзеге асырмақ. Сарысу ауданынан ірге қалайтын жобаның жалпы құны 270 миллион АҚШ долларын құрайды. Зауыт жылына 400 мың тонна өнім өндіруге қуатты. Жобаны 2019-2022 жылдар аралығында іске асыру көзделуде.
Кездесу барысында «Yildirim Holding Soda Ash&Derivatives» компаниясының бас директоры Исмаил Джейлан облыс басшысынан бірқатар мәселелерді шешіп беруін сұрады. Әсіресе жер, су мәселелерін алға тартты. Сондай-ақ ол жоба іске асқанда өніммен ішкі және сыртқы нарықты қамтамасыз етіп, Сарысу содасын брендке айналдыруға болатынына назар аудартты.
Өз кезегінде облыс әкімдігінің жер қойнауын пайдалануды басқару басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов жер мәселесі шешілетінін, ол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал су мәселесін шешу бойынша тиісті шараларды жүйелі түрде атқару үшін өңір басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Асқар Исабекұлы инвесторларға облыс тарапынан тиісті қолдаулар жасалатынын баса айтып, бұл бағытта тараптардың қол қойған меморандумы аясында ортақ жұмыс жоспарын бекіту керектігін ұсынды. Бекітілетін жұмыс жоспары арқылы нақты шаралар атқарылмақ. Өңір басшысы кен өндіру барысында экологиялық қауіпсіздік шараларының сақталуына да аса көңіл бөлу керектігіне назар аударды.
Айта кетейік, «Yildirim Holding» – төрт құрлықта жұмыс істейтін ірі холдинг. Қазіргі кезде холдинг Қазақстанда бизнес жүргізуде айтарлықтай тәжірибесі бар компания болып есептеледі.
Бүгінгі таңда Соркөл кенінде барлау жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме жұмыстары әзірленуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР