Сарысуға көгілдір отын келетін күн жақын

0 2

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барды. Аудан активімен болған кездесуде өңір басшысы ауданның жаңа әкімін таныстырды.

Облыс әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Бақытжан Жақсылықов Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалды.
Бердібек Сапарбаев жаңа әкімге экономиканың барлық саласында өсімді қамтамасыз етіп, өндіріске, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікке айрықша назар аударуды тапсырды.
– Сарысу ауданында алдыңғы қатардан көрінуге қажетті барлық мүмкіндік бар. Ол үшін әкім ведомствоға қарасты барлық мекемелердің жұмысын жүйелі түрде ұйымдастырып, қоғам белсенділері және кәсіпкерлермен өзара ынтымақта жұмыс істеуі керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы өзара байланысты жолға қою қажеттігін атап өтті.
Бақытжан Жақсылықов өңір басшысына сенім артқаны үшін алғысын білдіріп, Сарысу ауданын дамыту жолында бар күш-жігері мен мүмкіндіктерін жұмсайтынын жеткізді.
Бердібек Сапарбаев жаңа әкім мен аудан активін қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Кездесуден кейін Бердібек Сапарбаев ауданның жаңа басшысымен бірге аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Бірінші кезекте өңір басшысы Түркістан облысының Шаян ауылынан «ЕвроХим-Тыңайтқыш» компаниясының зауытына дейін тартылатын газ құбырының құрылысы барысымен танысты. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құдайберген Қорғанбаев жобаның мердігері «StroyGazСompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін жеткізді. Газ құбырының ұзындығы 98,3 шақырымды құрайды. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде Жаңатас қаласын қоса алғанда, аудандағы14 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Облыс әкімі жауаптыларға жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.
Бұдан соң өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қайта жаңғыртылып жатқан екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңына бет бұрды. 1977 жылы салынған 90 пәтерлік екі үйді қайта жаңғыртумен «AKM Group» ЖШС айналысуда. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айында аяқталады деп көзделуде.
Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың айтуынша, үш тұрғын үйді қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
Облыс әкімі келесі кезекте жуырда ғана ашылған Жаңатас қаласының сервистік әкімдік қызметімен танысты. Мұнда тұрғындар «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтердің бірнеше түрін бірден ала алады.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев азаматтардың барлық өтініштері бір мезгілде қатар қаралатынын атап өтті.
– Жобаның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімін арттыру, мемлекеттік қызметтерді тиімді және уақытылы ұсыну, – деп еске алды Бердібек Сапарбаев.
Бұдан соң облыс әкімі жақында пайдалануға берілген Жаңатас қаласындағы сүт цехында болды. Құны 65 миллион теңге болатын цехты «Байтұр 2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Жалпы соманың 16 миллионнан астам теңгесі «Еңбек» бағдарламасы аясында бөлініпті. Кәсіпкерлік нысан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қолдау шаралары арқасында инфрақұрылыммен қамтылған.
Мұнда сүт өнімдерінің бес түрі шығарылатын болады. Жергілікті 10 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Цех тәулігіне 2 тонна сүт өңдей алады.
Аудандағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі бірқатар денсаулық сақтау нысандарына ат басын бұрды. Өңір басшысы болған дәріханалардан вирусқа қарсы препараттар табылмады. Бірақ фармацевттер қажетті дәрілердің жақын арада жетізілетінін айтып сендірді. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев қандай жағдайда да бағаны көтермеу керектігін баса айтты.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Бағила Бегманова пневмониямен ауыратын науқастар емделетін «қызыл аймақтың» жұмысы туралы баяндады. Бас дәрігер Бердібек Сапарбаевқа 2017 жылы сатып алынған рентген аппаратын көрсетті. Облыс әкімі дәрі-дәрмектің жетіспеуіне қатысты алаңдаушылығын білдірді. Бұл орайда Бағила Бегманова аурухананың резерві бар екендігін және барлық науқастарды қажетті препараттармен тиісінше қамтамасыз ете алатындығын тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, ақпан айының соңында аудандағы жұмыс сапары кезінде Бердібек Сапарбаев Саудакент ауылындағы аурухананың күрделі жөндеу мәселесін қарастыратындығына сендірген болатын. Қазіргі таңда онда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі жаңа ғимараттың мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды.
Бердібек Сапарбаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша Жаңатас қаласының аулалары мен көшелерін абаттандыру мен көгеріштендіру жұмыстарының барысымен танысты.
Бұдан соң облыс әкімі шалғай ауылдарға бет түзеді.
Ақтоғай ауылында Бердібек Сапарбаев күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан орта мектепте болды. 1991 жылы бой көтерген ғимараттың терезе, есіктері, едендері ауыстырылып, қасбеті жаңартылып, санитарлық тораптармен жабдықталады. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 150 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Нысан мердігері «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды тамыз айында тапсыруға ниетті.
Округ әкімі Оңласын Мұқашев Жаңаарық ауылдық округінің Ақтоғай мен Ұ.Сыздықбайұлы ауылдары табиғи газдан басқа барлық қажеттіліктермен қамтылғанын атап өтті. Бұл ауылдар келесі жылы көгілдір отын тартылатын 14 елді мекеннің тізіміне енген.
Жаңаталап ауылындағы мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 74 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Мектепте бастапқыда асхана, акт залы және спорт залдары салынбаған. Бердібек Сапарбаев келесі жылы олар үшін қосымша құрылыс қосуды тапсырды.
Ауданда барлығы 27 мектеп бар. Бүгінде 17 білім ошағында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде дәретханалар салу ісі де қолға алынған. Алты мектепте дәретхана ғимарат ішінде орналасса, төрт мектепте дәретхана корпусы қосылмақ.
Жауаптылар Бердібек Сапарбаевқа ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары туралы да баяндалды. Сарысу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Еркін Алтышев биыл Жаңаталап, Ұйым, Игілік, Өндіріс ауылдарына ауыз су тартылатынын жеткізді. Жалпы 796 үй таза сумен қамтылмақ. Нәтижесінде ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 57,6 пайыздан 72 пайызға дейін артады деп күтілуде. Бүгінгі таңда тағы төрт ауылда сумен жабдықтау жүйесінің құжаттары дайын.
Жұмыс сапарының соңында Бердібек Сапарбаев Жаңаталап ауылындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында салынған аллеяны аралап көрді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.