Сарысулықтардың қуанышы

0 43

Бүгінгі таңда Сарысу ауданында барлық салада оң өзгерістер байқалуда. Аймақта жол жөндеу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, қоғамдық орындарды абаттандыру, жаңа нысандарды салу, көпқабатты үйлерді қайта қалпына келтіру және тағы да басқа салалар бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Ауданда баламалы энергия көздерін дамыту бағдарында да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Жуырда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай осыдан төрт жыл бұрын құрылысы басталған «Жаңатас» жел электр стансасының алғашқы кезеңі іске қосылса, «Сарысу» жел электр стансасының қазығы қағылды.
Стансаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Асанбай Сейналиев, «Жаңатас» жел электр стансасының бас директоры Гуо Ким қатысты.
Жобаның құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық жұмысшы тартылса, іске қосылғаннан кейін 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жиында сөз алған Алмас Өскенбайұлы көпшіліктің қуанышымен бөлісіп, алдағы уақытта да облыста баламалы энергия көздерін дамыту жұмыстары қарқын ала беретінін жеткізді.
Ал аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы өз құттықтауында келешекте жобаның игілігі мол болатынына тоқталды.
– Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Бірінші кезеңі іске қосылғалы тұрған «Жаңатас» жел электр стансасы көлемі жағынан орта Азиядағы электр қуатын өндіретін ең үлкен станса болмақ. Аудан, облыс тұрғындары стансаның әлі талай игілігін көретін болады. Осынау игі істе баршаңызды бірлікте, ынтымақтастықта болуға шақырамын. Өйткені бірлігі бекем елді жау да, дау да алмайтыны сөзсіз. Бастағалы отырған ісіміз берекелі болып, ырыстарыңыз арта берсін, – деді М.Қырғызәліұлы.
Бұдан кейін стансаның алқызыл лентасы қиылып, салтанатты шараға келген қонақтар жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар өңірде «Сарысу» жел электр стансасының құрылысы басталды. Стансаның құрылысына 163,7 гектар жер бөлінген. Жоба 2023 жылдың мамыр айында іске қосылады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда құрылысқа 280 жұмысшы жұмылдырылған. Ал жоба толығымен іске қосылғанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

*      *      *

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Елорда күніне орай Жаңатас қаласында тігін шеберханасы да ашылды. Шеберханада дайындалған өнімдер бүгінде тек аудан көлемінде ғана емес, республика бойынша келісімшарт негізінде Атырау, Алматы қалаларына жөнелтілуде.
Шеберхананың иесі, кәсіпкер Ирина Георгиади қазіргі таңда 20-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, келісімшарт негізіндегі тапсырыстарға байланысты тұрақты және бірқалыпты жұмыс атқаруда.
Тігін шеберханасының жаңа нысанының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев пен аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, кәсіпкердің қуанышына ортақтасты.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.