Сауда және ойын-сауық орталығы ашылды

0 0

Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында «Firkan Sarykemer» сауда орталығы мен «TOY CITY» балалар ойын орталығының ашылу салтанаты болып өтті. Жеке кәсіпкер Сания Алтаева аталмыш нысанды ел игілігіне ұсынып, жергілікті халықтың ризашылығына бөленді.

Алдымен «Firkan Sarykemer» сауда орталығында ашылу құрметіне орай ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Мұнда жиылған тұрғындарға реттік нөмірлер таратылып беріліп, оның екінші бір бөлігі ұтыс ойынына қатыстырылды. Алғашқы реттік нөмірлері сәйкес шыққан он адамға отыз секунд аралығында сауда орталығы ішінен (арақ-шарап, сусындардан басқа) кез келген тауарларды касса алдына жинау керектігі ескертілді. Осы белгіленген уақыт мөлшерінде ұтыс иелері үлгергендерінше керекті заттарды касса алдына жинады. Нәтижесінде ойынға қатысқандар арасынан ең жасы 12 жасар, ең үлкені 75 жастағы ойыншылар жалпы құны 15 000 теңгеден бастап 67 000 теңгеге дейінгі тауарларды алып үлгерді. Үлкендер жағы күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін, ал, жастар жағы ойыншықтар мен тәттілерді алып қалуға тырысып жатты. Осындай сауда орталығы келе жатқан 8 наурыз мерекесі қарсаңында Бәйтерек ауылдық округінде ашылатыны туралы қосымша хабарланды.
Екі қабатты жаңа нысан 1200 шаршы метр аумақты алып жатыр және кассалық, қоймалық ғимараттармен, бейнебақылау желісімен толық  қамтылған. Аталған нысан «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында пайдалануға беріліп отыр. Орталық басшысы Сания Алтаеваның айтуынша, жобаның жалпы құны 50 миллион теңгені құраған.
Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ қос нысанның лентасын аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мен «Firkan Sarykemer» сауда орталығының құрылтайшысы Болатхан Жаңабаев қиды.


Келушілердің бір бөлігі сауда орталығын араласа, балаларын жетектеген ата-аналар екінші қабатта орналасқан ойын орталығына асықты. Ашылу күнінде орталықта ине шаншар жер болмады. Заманауи қондырғылармен жабдықталған ойын орталығында аттракциондармен қатар, танымдық элементтер: балалар әткеншегі, пластик үйшіктер мен балалар қамалы, үрлемелі батуттар, бүлдіршіндерге арналған лабиринт, тағы да басқалары бар.
Сіз жақсы көңіл-күй сыйлайтын «TOY CITY» сиқырлы әлемінде болмаған болсаңыз, балалар ойын орталығы 1 жастан 12 жасқа дейінгі балаларды ата-аналарымен, ата-әжелерімен күн сайын сағат 12.00-ден кешкі 21.00-ге дейін көңіл көтеруге шақырады. Бағасы сағатына 500 теңгені құрайды және мұнда әр аптаның сейсенбісі күні 20 пайыздық жеңілдік те қарастырылған. Егер отбасыңызбен келген болсаңыз, сіздерді жайлы дәмхана (Кислородты коктейль, қуырылған балмұздақ, тәтті мақта) аймағы күтеді.
«Ауылда жыл өткен сайын кішкентай балалары бар жас отбасылар көбеюде және балаларға арналған ойын орталығы жоқ. Сондықтан, кәсіпкерлікте дәл осы саланы қолға алуға шешім қабылдадым. Отбасы болып уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге болатын орталық ашқым келді», — дейді кәсіпкер Сания Мақсұтқызы.
Осында екі жүз адамға арналып ас беріліп, әруақтарға құран аяттары бағышталды.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.