Сәулеттік мүсіндердің сыры кетсе де, сыны кетпейтінін ұмытпайық!

0 4

Күн өткен сайын көз жауын алған көне шаһардың сәулетіне ел сүйсінуде. Бұрындары әулиеаталықтар елорда мен оңтүстіктегі астанаға жыл құстарындай асығатын болса, қазір керісінше еліміздің түкпір-түкпірінен Тараз төріне ат басын бұратын халықтың қарасы көбейді. Осының өзі көне шаһар шырайының шарықтап, ажары артып келе жатқанын білдірсе керек. Десек те ел тәуелсіздігін алған жылдардан бері облыс орталығында бой көтерген еңселі ескерткіштердің уақытылы боялмайтыны, айналасының шашылып жататыны қала тұрғындарының көңіліне қаяу түсіріп отыр.

 

Көнеден келе жатқан мүсін өнері жұмыр жердің бетінде Тәж-Махалдан бұрын Айша бибідей махаббат символын орнатқан ежелгі Тараз шаһарына таңсық емес екені тарихтан белгілі. Десек те біз мұнда архитектуралық емес, монументтік өнер туындыларына тоқталып отырмыз. Облыс орталығында мүсіндердің кейбірі ғана болмаса, басым көпшілігі тәуелсіздік алғаннан кейін, дені екімыңыншы жылдардан бастап бой көтерген.  Яғни жарты ғасырлық мүсіндерге қарағанда жиырма жылға жетпеген жаңа ескерткіштердің қатары көп. Сөз соңғы екі, үш  жылдың көлемінде  тұрғындар игілігіне берілген жаңа нысандарға қатысты емес, әрине. Бұл ретте  ұлттық рухты жандандырып, ұлы тұлғаларды болашақ ұрпаққа насихаттау ісінде әулиеаталық мүсіншілердің шеберлігінде мін жоқ. Десек те бұл тұрғыда тұрғындардың да өз айтары бар.

– Ескерткіш өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа ұмыттырмай, керісінше ұлықтайтын үлкен тәрбие құралы екенін ұмытпауымыз қажет. Себебі әрбір ескерткіш тар жол, тайғақ кешкен тағдырлы тарихымызбен тығыз байланысты екенін саналы ұрпақ айтқызбай түсінуі қажет. Қайбір жолы қала орталығындағы «Желтоқсан толқыны» субұрқағының  маңында немереммен отырғанда Төле би ескерткішіне суретке түсіп жүрген бір топ студент жастардан тұлға жайлы сұрап, көңілім қынжылды. Шетелдің киноларындағы кейіпкерлер мен әртістерін, футболшыларын жарыса жатқа білетін жамбылдық жастар бабалары жайлы бірауыз сөз айта алмады. Өкінішті-ақ. Ақыры қолдарындағы телефон арқылы интернеттен көріп, пысықтық танытқандары да болды. Бұл өз алдына бөлек мәселе. Менің айтпағым, қаладағы осындай ескерткіштердің қаңсып тұрғаны. Қолбасшы Қойгелді ескерткішінің бояуы оңып кеткеніне де біраз болды. Сол секілді қаланың қақ ортасындағы Бәйдібек бабаның да мүсіні оңып барады. Осыларды уақытылы бояп қойса, оған шығын кетпейтін шығар. Олардың әрқайсысы ел тарихындағы өр тұлғалар. Ұрпақ сол бабаларын көрмесе де, еңселі ескерткішіне қарап бой түзейді. Ал айналасы қоқысқа толып, сыры ұшып, күтімсіз тұрса, онда одан жастар қандай өнеге алмақ? Тәрбиенің басы осындай кішкене дүниелерден бойға, санаға сіңеді. Сондықтан ақыры ұрпақ игілігі үшін жасалған мүсіндерге уақытылы көңіл бөлініп, күтімі жасалса деген тілегім бар, – дейді зейнеткер Орынбасар Жапарқұлұлы.

Қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамыған бүгінгі қоғамның қайнаған қазанында кем-кетікті байқап жүрген қырағы көз қария сөзінің де жаны бар. Ұлт тарихы, ұрпақ санасындағы ұлы тұлғаларымыздың ұстыны мен ұстанымын ұлықтап тұрған мүсіндердің жайы ұмытылмауы тиіс.

– Шыны керек, бұрын қалада бала-шағамен серуендейтін жер жоқтың қасы еді. Қазір саябақтарға сән кіріп, «Арбат», «Тектұрмас» кешендері тұрғын ретінде әрбіріміздің мерейімізді өсіруде. Өзім қант зауытында бұрыннан бері тұрып келемін. Өкініштісі, мұнда ешқандай сәулеттік мүсіндер жоқ. Бұрынғы Кеңес үкіметінен келе жатқан «Аналар аллеясы» деген болған. Бірақ ол үлкен қоқыс алаңына айналып, қолына құс қондырып, сәби ұстаған аналар мүсіндері қирап кетті. Одан кейін мұнда талай жылдан бері Лениннің мүсіні тұрғаны аздай, бұрынғы «Жеңіс» паркіндегі күн көсемнің ескерткішін де осында алып келіп қойды. Сонда ел мен жер қорғаған бабаларымызға деген құрметіміз қайда қалды деп талай мәрте қынжылдық. Ол өз алдына бөлек мәселе. Балаларымызды мереке күндері қаладағы туыстарымыздың үйіне, саябақтарға алып барамыз. Күнделікті көріп жүргендіктен қала орталығындағыларға біліне бермес. Ал жарты жылда бір бас сұғатын біз секілді шеттегі тұрғындар үшін ескерткіштердің ескіргені бірден байқалады. Қала қонақтарына да солай көрінетін шығар, – дейді көпбалалы ана Мадина Сағатбекқызы.

Бұл ретте облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы мамандарының да пікірін білдік.

– Жалпы өңірде 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін тарихи-мәдени ескерткіштердің саны 1 080-нен 3 448 нысанға жетіп отыр. Оның 25 ескерткіші республикалық, 5 нысан халықаралық, 711 нысан жергілікті маңыздағы мемлекеттік есепке алынған, сондай-ақ 2 707 нысаны мемлекеттік тізімге ұсынылатын тарихи-мәдени ескерткіштердің алдын ала есебіне алынып отыр. Негізінде қаладағы мүсіндердің қай-қайсысы болса да сынып, формасына залал келсе, бүлінсе, оны қалпына келтіруге біз жауаптымыз. Ал олардың сырлануы, тазалығы тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты. Бұл жерде мүсіннің құрылымына байланысты боялатын және боялмайтын болып бөлінеді. Яғни кейбір мүсіндер мүлдем боялмайды, – дейді аталмыш дирекцияның монумент, архитектура және археология бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Устаев.

Ал Тараз қаласы әкімдігіне қарасты жауаптылардың айтуынша, облыс орталығындағы   ескерткіштер мен монументтер облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясына қарайды және олар соңғы рет 2015 жылы жаңартылған. Сонымен қатар олар арнайы бояулардың 10 жылға жарайтынын да айтып отыр. Ескерткіштердің далада орналасқандығын ескерсек, қысы-жазы тұрған мүсіннің  алты жылдағы кейпіне қарап-ақ бояудың сапасына бойлаудың қажеті жоқ екені айтпасақ та түсінікті болар. Бұған қоса қалалық әкімдікке қарасты мамандар мәдениет министрлігі тарапынан барлық ескерткіштер мен монументтерді қайта  жаңғырту (реставрация) бойынша арнайы жоспар дайындалатынын, ескерткіштердің бояулары тозған жағдайда министрлікке өтінім берілетінін де жеткізді.

Қорыта айтқанда, тау үгіліп, тас мүжілетін уақыт өтпегенімен, қала көркіне айналған мүсіндердің бірталайы бүгін осындай халде. Жаңа ескерткіштердің жайымен жүргенде ескілері естен шықпаса игі. Бұл мәселені де майда көрмей, мән беруді жауаптылар қаперден шығармаса екен дейміз.

 

Нұржан Қадірәлі

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.