"Кәсіпкерлік"

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, бүгінде елімізде отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, кәсібінің нәсібін көріп отырғандар аз емес. Міне, сондай жас отбасылардың бірі – Серік Қарымсақ пен Гүлжахан Қазақбаеваның бизнестегі жолы өзге жастарға үлгі боларлықтай. Өйткені, жас кәсіпкерлер кәсібін қарапайым ғана шағын дүкеннен бастаған.

Отбасылық бизнеспен қоса үй тірлігін дөңгелентіп келе жатқан Гүлжахан кәсіптің көзін табу үшін бұл жұмыстан толыққанды хабардар болудың маңызды екенін айтады.
– Менің туған жерім Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласы. Отбасымыздағы 5 қыздың екіншісімін. Әкемнің анасы Ұлтуар апам өте пысық кісі болатын. Кеңестік дәуір кезінде кілемнің бояуын сатумен айналысушы еді. Біз ол кезде баламыз. Апам құрғақ бояуды қағазға орап, түсінен шатасып қалмау үшін бас бармағын бояуға батырып, қағаздың сыртына басып қоятын. Оны біз де үйреніп алып, апамызға қолғабыс көрсететінбіз.

Менің ата-анам да кейінірек саудаға бет бұрды. Қырғызстаннан арзан бағаға аяқ киім алып, өзіміз тұратын елді мекенде саудалайтын болды. Мен бойжеткен соң Тараз қаласындағы сол кездегі Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетіне «Химиялық, криминалдық, экологиялық экспертиза» мамандығына оқуға түстім. Осында жүріп Жетісайдағы ата-анама көмектесіп тұрдым. Қалай дейсіздер ғой, ол кезде Оңтүстік Қазақстаннан Тараз арқылы Бішкекке автобус жүретін. Олар автобус жүргізушілерінен маған ақша беріп жібереді де, ал мен сол автобуспен Қырғыз еліне барып, аяқ киім саудалайтынмын. Сосын алған заттарымды автобусқа салып, жолай Тараздан түсіп қалатынмын, – дейді Гүлжахан.

Ол университетте оқып жүргенде болашақ жары Серікпен кездесіп, оқуды тәмамдаған соң тұрмысқа шығады. Бір қызығы, оның барған жері де сауда саласынан қашық емес екен.
– Мен босағаны келін болып аттағанда бұл кісілердің ауласында шағын дүкені болды. Келе-келе дүкен жұмысына да араласа бастадым. Сөредегі самсаған дүниелердің бағасын білуді, тауар тасушыларға қажетті заттарға тапсырыс беруді, ең бастысы – дүкенге келушілердің қас-қабағын бағуды үйрендім, – дейді Гүлжахан.

Бүгінде 70-тен аса қызметкері бар дүкен иесі Гүлжахан Әбілқайырқызы бизнесінің аршынды қадаммен алға басуын күйеуі мен енесінің арқасы деп біледі.
– Отбасымыздың осындай жетістікке жетуі бірінші Алланың, екінші анамыздың арқасы деп білемін. Себебі мені келін болып түскеннен бастап ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа баулыған сол кісі. Алғашында маған талап қойып, соның үдесінен шығуымды қадағалады. Әрине, мен де ол кісінің айтқанын екі етпеуге талпындым. Енем, адал еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын құлағымызға құйып отыратын. Біраз жыл өткен соң ата-анамыз бізден кейінгі ұлын үйлендіріп, Қазалыға қоныс аударды. Осындағы тіршілігін бізге тапсырып, батасын беріп кетті. Бірақ, ол кісілер ара-тұра келіп-кетіп, ақыл-кеңестерін айтып тұрады, — дейді кәсіпкер.

Қашанда еңбек еткен адамның еңсесі биік. Байқасаңыз, істің көзін тауып, кәсібін дамытып жатқандардың алға қойған жоспары да, ойға алған тірлігі де көп.
– Бұрын облыс орталығындағы көк базарда сауда жасайтынбыз. Базар көшіріле бастағанда, не істерімізді білмей қалғанымыз да рас. Бірақ, тәуекелге бел байлап, ә дегенде «Ауыл-береке» базарынан сабын, кіржуғыш ұнтақ сынды тұрмыстық заттар сататын «Арзан» дүкенін, сосын сол базардан тағы бір сауда нүктесін аштық. Кейіннен қаладан жер алып, жаңа сауда орнының іргетасын қаладық та, айналасы 3-4 жылда құрылысын аяқтадық. Алғашында зәулім нысанды дүкен ашушыларға жалға бермекші болдық та, кейіннен ол ойымыздан айныдық. Өйткені, жалға сұраушылардың барлығының мұнда азық-түлікпен бірге ішімдік сататын ниеті болды. Ал, біз отбасымызбен бес уақыт намазды қаза етпеген, ислами тәрбиемен өскен жандармыз. Келіншегім екеуміз бес парыздың бірі – үлкен қажылыққа да барып келдік. Сондықтан, нәсібімізді харамнан тапқымыз келмеді, – дейді Серік Қаржаубайұлы.

Аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты нысанды игеру жас отбасы үшін оңайға соқпайды. «Арақ-шарапсыз, шылымсыз сауда жүргізу мүмкін емес» деп дүкеннің болашағына күмәнмен қарағандар да болыпты.

– Шағын дүкенді ұршықша айналдырғанымызбен, үлкен сауда үйін ашуда біраз қиындықтарға тап болдық. Оның үстіне тәжірибеміз де аз. Тауарларға тапсырыс беріп, оны кассалық компьютерге енгізудің өзі ақырет екен. Тіпті, сауда орнына ат қоюдың қиын болатынын да сол кезде білдік. Анамыздың есімі Арзан болғандықтан, оның үстіне алғашқы дүкендеріміздің желісін өзгертпей «Арзан сити» сауда орталығы деп атап, көтерме маркетті ұлымыздың есімімен «Нұрислам» деп қоюды жөн көрдік, – дейді кәсіпкер.

«Нұрислам» сауда үйі бүгінде қаладағы ішімдік пен темекі сатылмайтын бірден-бір дүкен. Кәсіпкер ішімдіксіз де саудасының өрге домалап тұрғанын қуанышпен жеткізді.
– Жаңадан келушілер болмаса, бұл жердегілердің барлығы бізде арақтың сатылмайтынын жақсы біледі. Ал, сұрайтындар болып жатса, оларға мән-жайды түсіндіруге тырысамыз, – дейді Серік.
Отбасылық кәсіп иелері қарапайым халыққа қайырымдылық жасаудан да кенде қалған емес. Қол астындағы жұмысшыларының бірінің өз кәсібін ашуына көмектессе, бірінің шаңырақ көтеруіне қолғабысын тигізген. Бұдан бөлек, Т.Рысқұлов ауданында мешіт салдырып, мұсылман жамағатының батасын алыпты.

Кім қанша еңбек етсе, қанша тер төксе, соншама жетістікке жетеді. Бұл – кәсіпкердің басты ұстанымы. Ал, адал адамның еш уақытта да аты арымайды, тоны тозбайды дейді олар.

Айжан Өзбекова

ПІКІР