Сауықтыру лагері балаларға серпіліс сыйлауда

0 1

Демалыстың көркі – лагерь. Жайнаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Балалардың белсенді демалысы әдеттегідей жазғы сауықтыру лагерьлерінде қызықты өтеді.

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Т.Рысқұлов ауданының білім бөлімі Балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты жазғы сауықтыру лагерінде аудан мектептерінің оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында бір ауысымда 70-ке жуық, екінші ауысымда 65, үшінші ауысымда 65 оқушыны сауықтыру жоспарланды. Жазғы лагерьге аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың да балалары тартылды. Лагерьге келген демалушыларды күнделікті лагерь медбикесі денсаулықтарын тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізді. Жазғы лагерьде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмаған. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға бес мезгіл тамақ берілді. Оқушылар ән айтып, би билеп, демалыс лагерінің жұмысын қыздыра түсті. Балалардың көңілді демалып жатқандығы жүздерінен көрініп тұрды. Балалардың демалуына барлық жағдайлар жасалған. Олардың емін-еркін ойнауына арналған арнайы алаңдар, бөлмелер жабдықталған, демалушылар ойын-сауық құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Әртүрлі іс-шаралар мен спорттық ойындар өткізген лагерь аға тәлімгері Гүлсана Сейтбаева, тәлімгерлер Динара Кыпчакбаева, Назгүл Бабашева, Ердос Абдрайымов, Дінмұханбет Тоқтанай балалардың жанында болып, оларға әртүрлі ойындар ойнатып, түрлі жарыстар, тақырып бойынша тапқырлық, сөзжұмбақ сайыстарын ұйымдастырып тұрды. Сондай-ақ лагерь психологы Таңшолпан Сейітова қызықты тренингтер мен ойындар өткізді. Бір мезгіл балдырғандар сурет салып, тақпақ жаттап, ән салады. Күнде жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өтеді. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін аямай жұмсады.
Жоспар бойынша 12 күн бойы оқушылар көңілді күндерді өткізіп, әртүрлі байқаулар мен сайыстарға да қатысып отырды. Бекітілген жоспарға сәйкес күн сайын әр түрлі ертеңгіліктер мен мерекелік іс-шаралар өткізіліп, балалар бассейнге түсіп, күнге қыздырынып, су шашып ойнап, денелерін шынықтырды. Сондай-ақ бір күн Қарақыстақ тау шатқалына саяхат ұйымдастырылды.
Тағы да айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Елорда күніне орай аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты жазғы сауықтыру лагері аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығымен бірлесе отырып, спорттық іс-шаралар өткізілді. Спорттық іс-шара арқан тартыс, секірмек, тоғызқұмалақ, асық ату, қашпа доп сынды бағыттар бойынша тартысты өтті. Лагерь демалушылары барлық бөлімдерге белсене қатысып, арнайы орындар мен марапаттарға ие болды. Балалар лагерьдегі 12 күнін жақсы көңіл күймен, зор қызығушылықпен ұйымдасқан түрде аяқтады. Лагерьдің жабылу салтанатында балалар өздерінің қуаныштарымен, ұмытылмас сәттерімен бөлісіп, ән айтып, би билеп, белсенді қатысқан оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Гүлсана СЕЙТБАЕВА,
аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты жазғы демалыс лагерінің аға тәлімгері,
Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.