Қоғам

Саябақта Ағылшын тілін тегін үйреніңіз!

Written by Aray2005

«Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың». Расында да көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Бұл тұрғыда жетпіске жуық тілді еркін меңгерген ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің бүгінгі ұрпағы Ұлы Далада үштұғырлы тіл саясатын ұстанып, озық отыз елдің қатарына ұмтылуда.
«Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекетік тіл – мемлекет құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білуі – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан, біз оны үйренуге тиіспіз. Ал, қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып, өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді», – деп Елбасы айтып өткендей, бүгінде әлемдік ғылым тілін меңгеру басты қажеттіліктердің бірі болып отыр.
Осы орайда облыс әкімінің қолдауымен, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» мен «Облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тіл саябағы» әлеуметтік жобасы қолға алынып отыр. Жоба аясында 200-ден астам жергілікті тұрғынды екі айлық ағылшын тілін үйрету курсынан тегін өткізу жоспарланған. «Жеңіс» саябағында өткен жобаның ашылу салтанатында облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің директоры Гүлхан Әлімбекова, «Облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа сөз тізгіндеп, берері мол бастаманың маңыздылығына тоқталды.
– Жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындарының ағылшын тілін емін-еркін меңгеруіне жағдай жасау, сол арқылы халықты ағылшын тілінде тілдесу, ауызекі сөйлесу деңгейіне жеткізу. Оқыту курсында оқу орындарындағыдай алфавиттік тәртіппен немесе грамматикаға көп уақыт жұмсалмайды. Қайта тілді барынша тез меңгеруге лайықталған заманауи әдіс-тәсілдер қолданылады. Талапкерлер «Жеңіс» және орталықтағы Т.Рысқұлов атындағы саябақтарда 4 топқа бөлініп оқитын болады. Нақты уақытта 200-ден астам адамнан сұраныс түсіп отыр. Бұл көрсеткіш әлі де көбеюі мүмкін. Сабақ уақытын үй шаруасында бала қарап отырған аналарға арнап таңғы сағат 11:00-де және мемлекеттік қызметтегі немесе жұмысбасты азаматтардың жұмыс кестесін ескеріп кешкі сағат 20:00-ге белгілеп отырмыз. Сабақтың жалпы ұзақтығы бір және бір жарым сағатқа созылады. Алдағы уақытта караокеде ағылшынша ән айту, интерактивті тұрғыда түрлі ойындар ойнату және әралуан тренингтер ұйымдастырылатын болады. Және курстарға аптасына бір мәрте шетел азаматтары, еріктілер қатыстырылмақ. Бұл жоба жастарға, жалпы қала тұрғындарына өте қажет. Бірнеше тілді меңгерген, еркін сөйлей алатын білікті азаматтардың көп болғаны еліміздің дамуына оң септігін тигізетіндігі сөзсіз. Пилоттық жоба 2 айда нәтиже берсе, келер жылы тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады, – дейді «Облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Серікбол Берікқожа.
Игі бастамаға тұрғындар тарапынан сұраныс өте жоғары. Оларға енді ашық аспан астында ағылшын тілінен жоғары білімді оқытушылар дәріс береді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейді дана қазақ. Оның үстіне халықаралық қатынас тілі саналатын ағылшын тілін меңгеру кім-кімге болсын артықтық етпейтіндігі даусыз. Сондықтан, жүйелі жобаның жалына жармасып, тіл үйренуге асығайық, жас достар!

Н.Серікханұлы

ПІКІР