Uncategorized

Саялы мекен – Сарысу

Written by Aray2005

Ұлы даланы мекен еткен еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл — 27 жыл. Бәлкім, бұл жекелеген адамдар үшін елеулі уақыт болса, ал тарих үшін қас қағым ғана сәт. Дегенмен, Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында осы уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобалар қолға алынып, ел еңсесі тіктеліп, халықтың тұрмысы түзелді. Тәуелсіздік түлеткен өңірлер қатарында бүгінде өндірісі өркендеп, шаруашылығы шалқып, ырысы күн санап еселенген Сарысу ауданы да бар.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың алға қойған мақсат-міндеттері, тапсырмалары аясында іргесі татулық пен бірліктен, босағасы берекеден құрылған Сарысу ауданында көптеген ілкімді істер атқарылуда. Өнеркәсіп саласы бойынша ағымдағы жылдың соңғы он айының қорытындысы бойынша өнеркәсiп кәсiпорындары 15 745,6 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өнеркәсiп өнiмдерiнiң физикалық көлем индексi өткен жылмен салыстырғанда 100,4 пайызды құрады. Сол секілді негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 18,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 113 пайызға орындалды.
Құрылыс саласындағы кешенді жұмыстар жыл бойына жалғасын тауып, есепті кезеңде жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 5 574 миллион теңгені құрады. Ұлт көшбасшысының қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріп, қазіргі таңда бірқатар баянды бағдарламалардың жүзеге асып жатқаны баршаға мәлім. Бұл орайда аймақта нәтижелі жұмыстар жүргізіліп, үй кезегінде тұрған азаматтардың қатары жыл санап азайып келеді. Мәселен, биылғы жылы жалпы алаңы 10 521 шаршы метр болатын 33 жеке тұрғын үй мен 1 коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артты. Жалпы, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» 1 және 2 тетіктері бойынша 80 миллион теңгеге 6 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Елбасы биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн. Үкіметке алдағы үш жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын», деп отандық агроөнеркәсіптік кешенді жаңаша бағытпен дамытуға байланысты нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы айқындаған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауыл шаруашылығы саласына да ерекше назар аударылуда. 2018 жылдың өнімі үшін егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігі арасындағы «Ауыл шаруашылығы дақылдарының 2017-2021 жылдар аралығындағы егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру» туралы меморандумға сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдары 19 560 гектар жерге орналастырылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1 170 гектарға артық. Негізі өңірдегі егістік жер көлемі 19 560 гектар. Оның ішінде суармалы егістік 3 588 гектар.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарында жалпы 5 179 тонна көлемінде майлы дақыл өнімі жиналып, облыстағы қайта өңдеу кәсіпорындарына өткерілді. Сонымен қатар бақша дақылдары 278 гектар алқаптан қазіргі уақытқа дейін 6 978 тонна өнім жиналып, халықтың тұтынуына, жәрмеңкеге және көтерме сауда орындарына өткізілді.

Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерін атап өткен болатын. Соның ішінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнер қатерге де ерекше мән берілді. Расымен де, бүгінде бүкіл әлем үнемдеу мен таза экологиялық өнім алудың бәсекесіне көшкелі біраз уақыт болды. Ал экологиялық таза өнім алу да қажырлы еңбек пен қомақты қаражатты қажет ететіні бесенеден белгілі. Жаһандық азық-түлікке төнген қатерге төтеп беру аясында отандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, жылыжай шаруашылығын дамытуға баса мән берілуде. Қазіргі таңда Сарысу ауданында мемлекет ерекше көңіл бөліп отырған жылыжай шаруашылығы жанданып, жемісін беріп келеді. Ауданда жалпы аумағы 0,6 гектар алқапта 2 000 түп қияр, 3 000 түп қызанақ егілген 1 жылыжай өнім беріп тұр. Аталған жылыжай көлемін ұлғайту үшін қосымша жер учаскесінің құжаттары рәсімделуде. Осы жұмыстар біткеннен соң жылыжай құрылысы басталып, қондырғылары орнатылатын болады.
Аудан аумағы ауыл шаруашылығына қолайлы болғандықтан, халықтың басым бөлігі осы саладан нәсібін теріп жүр. Жыл санап өрісіміз төрт түлікке толып, ата кәсіпке бет бұрушылар қатары артуда. Аймақта мүйізді ірі қара 19 290-ға, қой-ешкі 233 745-ке, жылқы 6 142-ге, түйе 2 076-ға, құс 23 108-ге жетіп, «Мерке-ет комбинаты» және «Оңтүстік халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 91,7 тонна ет өткерілді. Ағымдағы жылы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру» бойынша 135 миллион теңге субсидия төлеу жоспарлануда. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 7,4 миллион теңгеге немесе 5,8 пайызға артатын болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлік саласын үнемі бақылауда ұстап, салаға ерекше көңіл бөлініп жатқаны барлығымызға аян. Сондықтан болса керек, ауданда кәсіпкерлік арқылы ырзығын айыруға ниеттілердің қатары қалың. Аудан бойынша 2 357 шағын және орта бизнес нысандары тіркелген. Аталған бизнес нысандарында 3 162 адам жұмыспен қамтылған. Тұрғындарды жұмыспен қамту да үнемі күн тәртібінде. Есепті кезеңде жұмыспен қамту бойынша уәкілетті органға 2 808 адам қайырылды.
Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 464 адам жолданып, 91,4 миллион теңге игерілді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 10 ай ішінде 181 жас маман уақытша жұмыспен қамтылып, 39,4 миллион теңге игерілді. «Әлеуметтік жұмыс орындарын» ұйымдастыру бағытында жыл басынан 90 жұмыссыз азамат уақытша жұмысқа орналасты. Игерілген қаржы 11,4 миллион теңге. Әртүрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға 289 адам жолданды. 2018 жылдың қаңтар-қараша айларында 8 424 тұрғынға 312,4 миллион теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Білім, мәдениет, жастар саясаты салаларында да атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктеріміз аз емес. Әрине, жыл ішінде жүзеге асырылған, өңір тұрғындары игілігін көрген тындырымды тірліктердің барлығын тізбелеп шығу мүмкін емес. «Ең алдымен ел қамы, содан кейін қалғаны» деп халқымыздың қадірлі ақыны Қадыр Мырзалиев айтпақшы, ауданымыздың абыройы, еліміздің ертеңгі келешегі үшін қал-қадірімізше еңбек етудеміз. Алға қойған жоспарларымыз да жетерлік. Сондықтан саялы Сарысу ауданы соны серпіліспен болашаққа нық қадам баса беретін болады.

Балабек НАРБАЕВ,

Сарысу ауданының әкімі

ПІКІР