Қоғам

Сайда саны, құмда ізі жоқ

Written by Aray2005

Жалпы, саяжай дегеніміз – маусымдық жұмыстарға арналған аумақ. Яғни, тұрғындардың жаз мезгілінде ғана тіршілік ететін аймағы ретінде қарастырылады. Дегенмен, бұл бұрынғының еншісінде қалып кеткен пікір. Қазіргі таңда саяжайларда халық жыл оны екі ай тұрақтап, тіршілігін жасауда. Сондықтан болса керек, ондағы бұқара тұрғын үй мәртебесін алсақ деп арман етеді.

Расында, бүгінде ондай аумақтардың барлығының аты саяжай болғанымен, заты тұрғын үй алқабы екенін аңғартады. Себебі, былайғы жұрт онда бұрынғының аядай үйлерін бұзып, орнына зәулім баспана көтеріп алған. Оның үстіне қаланың өзі таяқ тастам жерде тұр.
Негізінен, облыс орталығында бас-аяғы 32 саяжай болса, оның 28-і Шөлдала аумағына қарасты. 2012 жылы Жамбыл ауданынан қаланың құрамына кірген бұл аумақтағы саяжайларда 13 мыңнан аса тұрғын тұрады екен. Жасыратыны жоқ, онда түтінін түтетіп отырған жұрттың дені атажұртты аңсап келген қандастар. Шаруаға бейім бауырлар саяжайға қоныстана салысымен шаңырақтарын кеңейтіп алған. Дегенмен, үйлерінің құжаттарын жасата алмағаннан кейін, тұрғылықты жері бойынша тіркеле алмай әлек. Яғни, жоғарыда атап өткен 13 мың халық қазір не қаланың, не даланың тұрғыны атана алмай, сарыуайымға салынып жүр. Бұдан өзге, ол жерлерде шешілуі тиіс мәселелер де жетерлік. Атап айтқанда, бүгінде ондағы тұрғындар электр қуатына ақшаны заңды тұлға ретінде төлейді. Бұл дегеніміз жеке тұлғадан біршама артық төлейді дегенді білдіреді. Сондықтан, саяжай тұрғындары аумақтың нысаналы мақсатын тұрғын үй ретінде өзгертуге тырысып бағуда.
– Бүгінде біз тұрып жатқан саяжайлар қалаға қарағанымен монополистердің қолында. Мұнда сырттан келгендер үй салып, күнелтіп жатқанымен тіркеуі өзге өңірлерде немесе мүлде жоқ. Бірақ, жарық, су секілді коммуналдық төлемдерге ай сайын ақшамызды төлеп келеміз. Осындай кезде сұрауымыз болғанымен, қалған уақытта тіпті, тізімге де кірмейтініміз қынжылтады. Қазіргі таңда электр қуатына әр киловаты бойынша заңды тұлға ретінде 25 теңгеден төлеп жатырмыз. Жеке тұлғалар электр жарығына 17 теңгеден төлейді. Бұл төлем қалтамызға ауырлық етуде. Келіп тұрған жарықтың да сапасы көңіл көншітпейді. Сәл жел тұрып, жауын жауса сөніп қала береді. Меніңше, саяжайларға тұрғын үй мәртебесін беретін уақыт келген секілді. Егер мұндай мүмкіндік туып жатса, үйлеріміздің құжаттарын да оңай рәсімдеп алар едік, – дейді «Химстрой» саяжайының тұрғыны Хадиша Күлтоғаева.
Біз тұрғындарды толғандырған мәселені алға тартып, ең бірінші Тараз қаласы әкімдігінің есігін қақтық. Шаһар басшысының орынбасары Сайлауғалы Байназаровтың айтуынша, саяжайларға тұрғын үй мәртебесін беру мақсатында 2010 жылдан бері егжей-тегжейлі жоспарлар жасалынуда екен. Соның нәтижесінде, қазіргі таңда 4 саяжайдың жоспары нақтыланып, «Родничок» саяжайына тұрғын үй мәртебесі беріліпті. Десе де, қала әкімі орынбасарының сөзінен түсінгеніміз, бұл бірден іске аса қоятын шаруа емес. Ондағы тұрғын үйлерді қаланың бас жоспарына сәйкес жоспарлау үшін де қыруар жұмыстар атқарылатын көрінеді. Сондықтан, саяжайды мекен еткен өзге тұрғындарға сабыр сақтаудан басқа амал жоқ.
Қала әкімдігінен тағы бір білгеніміз, саяжай болғандықтан тұрғындар тұрғызған үйлерін архитектуралық негізде заңдастыра алмайды екен. Сондай-ақ, тұрғындарға мемлекеттік акт те берілмейді. Тұрғын үйлерді банктер де кепілдікке алмайды. Былайша айтқанда, саяжайлық халықтың сайда саны, құмда ізі болмай тұр.
Осындай мәселе Жамбыл ауданының Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Жаңа Жамбыл» саяжайында да әлі күнге дейін оң шешімін таппай келеді. Тұрғын үй мәртебесі берілмегеннен кейін аталған аумақта мектеп, медициналық пункт секілді әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлар да мұнда мүлде бас сұқпайтын көрінеді. Сондықтан, ондағы жұртшылық жергілікті әкімдік саяжайға тұрғын үй мәртебесін берсе дегенді айтады.
– Саяжайымыз қаланың іргесінде орна­лас­қанымен бізге тұрғын үй мәртебесі берілмей келеді. Біршама жыл бұрын Амангелді ауылының №3 учаскелік аумағы болады деген сыбыс шыққан еді. Бірақ, билік өкілдері әлі үнсіз. Қазір мұнда 105 шаңырақ түтінін түтетіп отыр. Ал, олардың қатарында қаншама көпбалалы аналар мен жұмыссыздар бар. Мәселен, тұрғын үйге қатысты тиісті құжаттың жоқ болуына байланысты Алтын алқа ала алмай жүрген жандар бар. Сонымен қатар, тұрғындардың бір тобы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіркеле алмай, сарсаңға түсуде, – деп ашынады Қанат Райқұлов есімді тұрғын.
Дегенмен, аталған саяжай жақын арада ауылдық елді мекен мәртебесін алатын секілді. Өйткені, осы аумақтың мән-жайын білу мақсатында Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа хабарласқанымызда, «Жаңа Жамбыл» саяжайының нысаналы мақсатын өзгерту туралы ұсынысты аудандық мәслихатқа жолдағандарын айтты. Жергілікті мәслихат ол ұсынысты жан-жақты зерделеп, облысқа жеткізбек. Егер облыстық мәслихат мақұлдаған жағдайда аталған саяжай Амангелді ауылының №3 учаскелік аумағы ретінде атала бастайды екен. Алайда, бұл саяжай мәселесінің сағызша созылуын аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы ондағы тұрғындардың басым бөлігінің тіркеуінің басқа аймақта болуымен түсіндірді.
Міне, осылайша бір саяжайлардың тұрғын­дары ауыл мәртебесін алғалы жатса, екіншілері биліктен көмек сұрап отыр. Ал, жоғарыда аталған 32 саяжайға тұрғын үй мәртебесін беру үшін қанша жыл қажет екені белгісіз. Бұл мәселеге енді Тараз қаласының әкімдігі мықтап кірісіп, көмек қолын созады деп сенейік.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР