«Сайлаудың өту барысында ресми шағым түскен жоқ»

0 1

ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы өз мәресіне жетті. Сайлаудың қорытынды нәтижелерімен өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов таныстырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Облыстық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша өңірдегі 492 сайлау учаскесіне тіркелген 720 365 сайлаушының 520 132-сі (72,2 пайыз) қатысты. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Мәжілісіне 502 598 дауыс берілген. Оның ішінде 399 766-сы «Nur Otan» партиясына (79,5 пайыз), 14 516-сы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына (2,8 пайыз), 40 341-і «Ақ жол» демократиялық партиясына (8,0 пайыз), 15 229-ы «Адал» саяси партиясына (3 пайыз) және 32 746 азамат Қазақстан Халық партиясына (6,52 пайыз) өз дауыстарын берді, – деді спикер.
Ал облыстық мәслихатқа 408 087 сайлаушы «Nur Otan» партиясына (81,2 пайыз), 42 453-і «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына (8,4 пайыз), 43 573-і «Ақ жол» демократиялық партиясына (8,6 пайыз) және 8 485 тұрғын «Адал» саяси партиясына (1,6 пайыз) дауыс берген.
Бұдан бөлек есептен шығару куәліктері бойынша 283 адам, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде 4 226 сайлаушы дауыс беру құқығын пайдаланған.
Сонымен қатар сайлауға 26 696 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы қатысса, оның ішінде 2 776 тірек қозғалысы бұзылған, зағип, саңырау азаматтардың 1 005-і учаскеге келіп дауыс берген. Ал 11 117 жас алғашқы рет сайлауға қатысқан.
Серғали Өмірзақұлының айтуынша, сайлау процесінің өтуін 3 583 байқаушы қадағалап, оның ішінде 1 267 саяси партиялардың сенімді өкілдері, 1 013 саяси партия байқаушылары, 1 197 қоғамдық ұйым мүшелері, 43 БАҚ өкілдері және 63 ТМД елдерінен келген байқаушылар жұмыс жасаған. Сайлаудың өту барысында ресми түрде арыз-шағым түспеген.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.