Қоғам

Селден сескенбейміз бе?

Әбігерге салған қыстың қытымыр аязы да сынып, ауа райы әлсін-әлсін жылынып келеді. Көнекөз, кәріқұлақ қарияларымыз «үштің айы – күштің айы» деп қауіптенген ақпан айы да бел ортасына таяды. Яғни, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы көктем мезгілі де қыр астында тұр. Ал, көктем келгендегі қым-қуыт тірлік өз алдына. Осы тұста тасқынның көптеген елді мекен тұрғындарының көңіліне қорқыныш ұялата бастайтыны жасырын емес. Мәселен, былтыр Ақтөбеде 600-ге жуық аула мен үйді қар суы басып, селдің салдарынан қаншама тұрғын зардап шекті. Одан бөлек, Қызылорда облысындағы Сыр өзенінің бойындағы тұрғындардың да тасқын судың салдарынан баспанасыз қалғанын ұмыта қойған жоқпыз. Өткен жылы облысымызда да бірқатар елді мекендерге селден қауіп төнсе, 2 мыңнан аса тұрғын мекен еткен Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылының көшелерін су басқан болатын. Әрине, біз бұл тұрғыда былтыр орын алған оқиғаларды баяндап шығуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Биылғы ахуал қандай болмақ?! Селден қауіп бар ма? Тиісті мекемелер өткен жылғы жағдайдан қандай сабақ алды? Осы орайда, сала мамандарының сөзіне құлақ түре отырып, көкейге тұнған көп сұрақтың жауабын іздеп көрдік.

…Осыдан бір жеті бұрын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі Тараз қаласындағы «Қапал» каналының тасығанын хабарлады. Салдарынан Сеңкібай көшесінің 2-бұрылысының бойында орналасқан 8 үй және Қапал көшесінің 6-бұрылысындағы 1 үйдің ауласын су басқан. Ресми ақпаратқа сүйенсек, төтенше жағдайдың орын алуына ауа температурасының төмендеуі және каналдың ластануы себеп болған. Сондай-ақ, қатқан мұздар да канал суының еркін ағуына кедергісін келтірген көрінеді. Міне, қала ішінен ағып өтіп жатқан кішігірім каналдың өзі қаншама отбасын әлекке салып кетті. Ал, облыс аумағынан ағып өтетін өзге де үлкенді-кішілі өзендердің көптігін ескеретін болсақ, арқаны мүлдем кеңге салуға болмайтынын түсінеміз.

Жалпы, облысымыздағы өзен суларының 80 пайызы көрші Қырғыз Республикасының тауларынан бастау алатыны белгілі. Көршіден келетін трансшекаралық Талас, Шу өзендерінің басында екі үлкен Киров және Ортотоқой су қоймалары орналасқан. Егер жауын-шашын мен қар еру процесі жиілеп, аталған су қоймаларындағы жиналған су көлемі артса, төмен жақтағы елді мекендерге қауіп төнбей қоймайтыны түсінікті. Дегенмен, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Омар Тәкеев әзірге селден қауіп жоқтығын және су қоймалары ұдайы назарда екенін айтады.

– Облыс аумағындағы таулы аймақтарда, негізінен, сел қауіптілігі жоғары 18 өзен және 8 бекет бар. Аталған бекеттер арқылы таулы аймақтардағы қардың мөлшеріне, ауа температурасына күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады. Қазіргі таңда су қоймаларында жиналған су көлемі жылдағы көрсеткіштен әлдеқайда аз. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының сыйымдылығы 158 миллион текше метр болса, қазіргі таңда 79 миллион текше метр су жиналған. Ал, сыйымдылығы 550 миллион текше метрлік мемлекетаралық Киров су қоймасына бүгінде 196 миллион текше метр су жиналып тұр. Өзге де су қоймаларындағы су мөлшері күн сайын өлшеніп отырады.

Сонымен қатар, бұрнағы жылдары орын алған төтенше жағдайларды болдырмау, алдын алу мақсатында да кешенді жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2016 жылы Киров су қоймасынан мөлшерден тыс судың жіберілуі салдарынан Талас өзенінің жағасында орналасқан елді мекендерді су шайды. Ал, 2017 жылы Теріс-Ащыбұлақ арқылы Ақкөл көліне көп су құйылып, жақын орналасқан Ақкөл ауылында төтенше жағдай орын алды. Осы секілді өзге де су қоймаларына өткен жылдармен салыстыра отырып, талдау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, әзірге селден ешқандай қауіп жоқ. Себебі, ауа райы бірден күрт жылынып кетпей, қалың түскен қар жай еріп жатыр. Дегенмен, қазір қатаң бақылауда тұрған төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары үзіліссіз жүргізіле беретін болады, – дейді бөлім бастығы.

Сондай-ақ, Омар Бекболатұлы өткен жылы облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстық бюджеттен қаржы қаралып, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы үш су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілгеніне тоқталды. Сол секілді 22 су қоймасы ағымдағы жөндеуден өткен. Биыл да бірқатар су қоймаларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«Қазселденқорғау» мекемесінің облысымыздағы филиалының жауапты мамандары да жергілікті әкімдіктермен бірігіп, таулы аймақтарда арнайы бақылау жүргізіліп жатқанын, сел қаупі туындап тұрмағанын жеткізді.

– Негізінен, селдің орын алуына көп жағдайда мұздықтар да ықпал етеді. Облысымызда қазіргі таңда 25 мұздық көл бар. Егер ауа райы күрт жылынған жағдайда мұздықтар еріп, үлкен қауіп туындатады. Жүргізіліп жатқан зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сүйенер болсақ, қазір мұздықтардан төніп тұрған қауіп жоқ.

Сонымен қатар, қар көшкіні болуы мүмкін таулы аймақтарға жақын орналасқан елді мекендерге арнайы барып, селге байланысты тұрғындарды құлағдар етіп, ескертпелер таратамыз. Естеріңізде болса, өткен жылы Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында қар көшкіні болып, салдарынан бірнеше сарбаз қаза тапты. Осы орайда, жуырда ғана Жуалы ауданына арнайы барып, сарбаздармен кездесіп, сақтық шараларын түсіндіріп қайттық, – дейді аталған мекеменің инженер-гидрологы Бекмұрат Әбдуалиев.

Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, әзірге алаңдауға негіз жоқ көрінеді. Селдің алдын алу жұмыстарына байланысты аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар да бақылауда. Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуанышқа хабарласқанымызда, биыл өткен жылғыдай жағдай қайталанбас үшін алдын алу жұмыстарын жүргізгенін, еш қауіп жоқтығын тілге тиек етті. Ақкөл көлінің сыйымдылығы 264 миллион текше метр болса, қазіргі таңда 118 миллион текше метр су жиналған. Күніне Билікөл көлінен 12 текше метр су құйылып келген екен. Ал, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының «Ақкөл» өндірістік бөлімшесінің басшысы Әбіләмит Ахметов республикалық бюджеттен бөлінген 932 миллион теңгеге Ақкөл ауылында орналасқан су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, арналардың жиектері биіктетіліп, су қоймасындағы ескірген құрылғылар жаңартылмақ.

Осылайша, ауа райының қалыпты болуына байланысты облыстағы өзен-көлдердің, су қоймаларындағы ахуалдың тұрақты екеніне көзіміз жетті. Алайда, еркінсуге әлі ерте. Себебі, «Ақпан – алдамшы. Бір қолымен маңдайдан сипап, екінші қолымен шерте салады» демекші, бір пәсте ауа райы күрт жылып шыға келуі ғажап емес. Сондықтан, кез келген төтенше жағдайға тастүйін дайын болғанымыз абзал. Жұртшылықтың да жауапты мезгілде жайбарақат жатпағаны ләзім.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР