"Хаттар...Хаттар..."

Сен құрметте оны, түсіндің бе, қарағым…

Белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековше айтсақ, «Біз соғысты көрген жоқпыз». Салқынын да сезінбедік. Алаңсыз балалық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарына тап келіп, тар кездегі тағдырдың татымсыз талқанын ерте татқан Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі «Тұсауды біздің кесіпті, Соғыстың өзі қылышпен» десе, біздің тұсауды Тәуелсіздік кесіп, бомба үнімен емес, бейбіт күнде бесік жырымен тәрбиеленіп өстік. Сондықтан да, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосып, қатал тағдырға қайыспаған, қара дауылға майыспаған майдангерлерге мәңгі қарыздармыз.

Талай жанның тағдырын талқандап, жүйкесін жүндей түтіп, жүрегін сыздатып, жанына жазылмастай жара салған Ұлы Отан соғысының жыл санап қатары азайып бара жатқан ардагерлер жайында сөз қозғағанда ілгеріректе болған бір оқиға еске түседі.

…Осыдан бірнеше жыл бұрын Әзиз есімді жолдас жігітпен бірге Меркі ауданына жолымыз түсті. Күн бесіндіден ауа жоспарлап келген шаруаларымызды ойдағыдай аяқтап, көңіліміз жайланғаннан кейін Әзиздің аудан орталығында тұратын жақын жамағайынының үйіне бас сұғып, амандық-саулық сұрасып кетпек болдық. Біздің келе жатқанымыздан хабардар болып отырған отағасы қақпа аузынан құрақ ұшып қарсы алды. Қоярда қоймай қолымыздағы болар-болмас жүгімізге дейін өзіне алып, сәні мен салтанаты жарасқан үйіне қарай жол бастады.
Молынан жайылған дастархан басына жайғастырып, шаңырақ иесі қабағымызды бағып, бәйек болып жүр. Отанасы да қазан көтеріп, қонақжайлық танытып бағуда. Дастархан басында әңгіменің өрісі кеңейіп, тіл шешіле бастады.

Қонақ бөлмеде бізден басқа бөгде ешкім жоқ. Бірақ… Арагідік конақ бөлмеге жақын орналасқан, есігі тас қымтаулы бөлмеден әлдебіреудің жөткірінген ащы дауысы талып естіліп тұрды. Алғашында аса мән бермегенімізбен дауыс әлсін-әлсін күшейе түсіп, әлдекімді шақырып жатқандай болып көрінді. Сол-ақ екен, біз келгелі жайдары қалып танытып отырған отағасының өңі күрт бұзылып:
– Ана шалдың тамағын бердіңдер ме? Бір нәрсе сұрап жатқан секілді ғой. Өзің барып көрші, – деді кешкі ас қамдап жүрген отанасына бұйыра сөйлеп.
«Осы шал-ақ» деп ас үйден өзімен-өзі күбірлеп сөйлей шыққан ошақ иесі әлгі есікке сүңгіді де кетті. «Не болар екен?» дегендей сұраулы жүзбен есікке үңіліп отырғанымызда қайта шыққан бәйбішесі ызалы үнмен:
– Мән бермей астарыңды алып отыра беріңдер. Әдеттегідей сандырақтап жатыр, – деді де өз жөнімен кете барды.
Есіктен көз алмаған күйі ешнәрсенің байыбына бара алмай, аң-таң болып отырдық та қалдық. Біздің неше түрлі ойдың жетегінде кетіп қалғанымызды аңғарса керек, отағасы жайланып отырып әңгімесін бастады.

– Әкеміздің немере ағасы. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы ауыр жарақат алып елге қайтарылған. Кейін денсаулығына байланысты шаңырақ көтере алмады. Сондықтан, бізден өзге ет жақыны болмағандықтан, ұзақ жылдан бері қолымызда тұрып келе жатыр. Аяқ-қолы сау кезінде жақсы еді. Ешкімге салмақ салмай, өз тірлігін істеп жүре беретін-ді. Үш жылдан бері аяқ-қолынан жан кетіп, өз еркімен жүріп-тұрудан қалды. Тегіс отбасымызбен жас нәрестедей бағып-қағып мәпелеп жүргеніміз, – деп қасында жатқан құс жастықты шынтағымен сығымдай түсті.
Әрмен қарай төсекке таңулы жатқан ардагердің өмір дерегіне және қазіргі таңдағы ахуалына байланысты майын тамызып тұрып әңгімеледі. Отағасының айтуынша, ардагердің тек өз еркімен аз-маз сөйлейтіні болмаса, басқа ешнәрсеге аяқ-қолының икемі келмейді екен.

– Әкемізбен бір туған соң қанша масыл болса да, қарайласпай қоюға болмайды ғой. Қазір тіпті үйден ұзап шығудан қалып, үйкүшіктің өзіне айналдық. Күн санап денсаулығы да нашарлап келе жатыр. Е-е-е, біз болмағанда шалдың тағдырының не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты, –деген отағасы «қайта маған рахмет айтсын» дегендей кекірейе түсті.
Өз құлағымызға өзіміз сенбей, сананы шарлаған ауыр ойлардан арыла алмай отырғанда ортаға үлкен ас келді. Шаш арасынан бит тергендей шұқылағанымыз болмаса, естіген әңгімеміздің әсерінен арыла алмағандықтан, ас та батпады. Енді отыра берудің еш мәні жоқ екенін түсініп, ас батасын қайырғаннан кейін асығыс екенімізді айтып, аттандық та кеттік.

…Жол бойына екеуміз де өз ойымызбен болып, терезеге телмірген күйі отырдық та қойдық. Кешегі ел басына күн туған шақта етігімен қан кешіп, кеудесін оққа тосқан, біздерге бейбіт өмірді сыйлаған майдангерді «масыл» деп қорлауға қалай ауыз барады. Олардың жасаған ерлігін қалай ғана ұмытуға болады?! Сол ерліктің жемісі — Жеңіс емес пе? Отан алдындағы борыштарын адал өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ардагерлерге тағзым ету біздің қашанда парызымыз. Себебі, олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Сондықтан да, бүгінгі бейбіт өмір үшін соғыс ардагерлеріне мәңгі қарыздармыз. Сол бір зұлмат жылдардың зілбатпан жүгін, оның жүйкеге түсірген салмағын, қан жұтқызған қасіретін, көл боп аққан көз жасын, аяқ-қолы тілім-тілім болған тылдағы адамдардың еңбегін ешқашан ұмытпауға тиіспіз.

Есенгелді ӘБДІРАЙЫМ,
Қаратау қаласы,
Талас ауданы

ПІКІР