Сенбі сайын алып сатарсыз сауда жасаңыз

0 8

Бірнеше айдан бері жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік сауда орталығында (коммуналдық базар), «Grand bazaar» сауда кешенінің алаңында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Өткен сенбіде кезекті мәрте өткізілген жәрмеңкеде сабылысқан тараздықтардың арасынан біз де табылдық.

Жәрмеңкеде Тараз қаласы мен Меркі, Шу аудандары тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері төмен бағада ұсынылды. Жәрмеңкеде өткерілген тауарлардың жалпы құны 16,7 миллион теңгені құраса, көлемі 66 тоннаға тең. Әсіресе жәрмеңкеде ет өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Себебі мұнда жылқы етінің әр келісі 1950, сиыр еті 1850, қой еті 1800 теңгеден сатылды. Өнімдердің негізін 6 мың дана жұмыртқа, 500 литр өсімдік майы, 2,5 тонна сары май, 500 келі қарақұмық, аз тұзы тұз, 300 келі балық, 3,9 тонна ет, 500 келі шұжық, 2,7 тонна сүт, 200 келі кондитерлік, 1,7 тонна макарон, 42 тоннаға жуық көкөніс, жеміс-жидек өнімдері және басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары құрады.
Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев сауда қатарларын тегіс аралап көріп, шаруа қожалық иелерімен және қала тұрғындарымен де тілдесті.
– Шаруа қожалықтары әкелген тауар нарықтағы бағадан 5-30 пайызға, ал өңірлік тұрақтандыру қорының тауарлары 50 пайызға дейін арзан. Мәселен барлық жерде қанттың 1 келісінің бағасы 240 теңге болса, мұнда 190 деңгеден сатылуда. Осы секілді жәрмеңкелер аудандарда да сенбі сайын ұйымдастырылуда. Аудандарда қазір әлеуметтік дүкендер ашу жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұрын жәрмеңке тек 1 желтоқсанға дейін әр аптаның сенбі күндері ұйымдастырылып келсе, енді жыл бойы жалғасатын болды. Баға тұрақты түрде назарымызда болады, – деді Б.Нығмашев.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.