Сенім жүгі

ҮШ ЖАМБЫЛДЫҚ МӘЖІЛІСКЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

0 4

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 97-1-бабының 5-тармағына сәйкес, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының 12 қаңтардағы шешімімен 76 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды.

Жалпы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының құрамы 70 пайызға жаңарды. Орташа жасы – 49, яғни 4 жылға жасарды.
Қорытынды партиялық тізім теңдестірілген. Яғни тізімдегі 36 кандидат – праймериз жеңімпаздары, 40 кандидат Саяси кеңес бюросының квотасы бойынша бекітілген. Бұл аймақтық өкілдікті сайлаушылар санына сәйкес пропорционалды түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Партия Төрағасының Парламент Мәжілісіндегі жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы нақты іске асырылды. Яғни «Nur Otan» фракциясының жаңа құрамының 40 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.
Негізінен Мәжілістегі «Nur Otan» депутаттық корпусына білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардың өкілдері еніп отыр.
Депутаттыққа кандидаттардың 7- еуі ғана бұрынғы мемлекеттік қызметкер, яғни фракция құрамында олардың саны 10 пайыздан аспайды.

Кандидаттардың арасында үш жамбылдық бар. «Мейірім» медициналық орталығының директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген партиялық тізіммен өтсе, Қордай ауданының Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ильяс Буларов Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен көп дауыс жинап, жолдама алды.
Елбасы – Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, «Nur Otan» партиясын қайта жаңғырту «Мықты көшбасшылар – мықты партия!» қағидатын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік берді. Енді жаңа фракция алдында «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуын жүйелі түрде бақылау және жаңа реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеттері тұр.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.