Диагноз

«Senim» жастары ертеңіне сенеді

Written by Aray2005

Жуырда «SENIM» Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының» ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында «Жастар – сенім мен серпін» тақырыбында республикалық форум өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ге жуық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жас мамандардың басын қосқан шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент шаһарларынан бөлек, жамбылдықтар да қатысты.

Форумның алдында «SENIM» республикалық қоғамдық бірлестігінде республикалық жастар кеңесінің отырысы өтіп, онда кәсіподақ ұйымының 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ бас қосқан дәрігерлер екі күн бойы «Денсаулық және тұрақтылық», «Дін және жастар», «Денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуетін көтеру», «Денсаулық және мамандық» тренингтеріне қатысып, М.Әбденов пен Б.Нұрашева сынды кәсіби мамандардың кеңестерін тыңдады. Жас дәрігерлер кәсіби тұрғыдан өсу, жеке басының қасиеттерін өз ісінде пайдалану тақырыптарында кеңестер алды.
Форум барысында үздік мамандарға бағалы және қаржылай сыйлықтар табысталды. Атап айтар болсақ, «SENIM» Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының» атынан 25 жас маманға «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер алуға алғашқы жарна төлеу үшін арнайы сертификаттар табыс етілсе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан келген 21 жас маманға 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Ал бұған дейін Атырау, Қызылорда, Қостанай облыстарында ұйымдастырылған өңірлік форумдарда мұндай қаржылық сертификатқа 46 жас маман ие болған. Наурыз айында Қызылорда облысында өткен өңірлік форумда төрт жамбылдық жас маман 500 мың теңгенің сертификатын иеленіп, бағалы сыйлықтар мен мадақтама қағаздар алған-ды. Сондай-ақ осы Сыр елінде өткен форумда жамбылдық мамандар көркемөнерпаздар байқауында жүлделі
ІІІ орынға ие болып, бильярд турнирінде чемпион атанған еді.
Республикалық форумда жас дәрігерлер мәдени көпшілік іс-шараларға да белсене қатысып, онда жамбылдықтар боулингтен
ІІІ орын иеленді.
«SENIM» Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы» жанындағы жастар қанатының жұмысы енді ғана қанатқақты бастамаларды қолға алып отыр. Олар үшін мүмкіндік әлі де мол. Ал жастардың бастамасы сала қызметкерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға мұрындық болатынына сенімдіміз.

Ерлан САТЫБАЛДИЕВ,
«SENIM» Денсаулық сақтау саласы
қызметкерлерінің салалық
кәсіподақ ұйымы»
облыстық филиалының төрағасы

ПІКІР