Жамбыл жаңалықтары

«Сенімді фермер»

Written by Aray2005

Жаңа бағдарлама аясында Лизингке техниканы алғашқы жарнасыз да алуға болады

Агроөнеркәсіп кешенін аяққа тұрғызудың, ел экономикасын қарқынды дамытудың тиімді тетігінің бірі – лизингтік қызметтің жүйелі жолға қойылуы. Негізінде лизингтік бизнес елімізде КСРО дәуірінен бері бар болғанымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауда бұл сала да тығырыққа тірелген еді. Десе де 2000 жылдары аталған салаға мемлекет барынша көңіл аударып, лизингтік қызмет түрі қайта жандана түскені белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстандық лизинг нарығында жұмыс істейтін компанияларға мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, соның есебінен лизингтік несиенің белгілі бір пайызы субсидиялана бастады.

Өз кезегінде бұл несие пайызының айтарлықтай төмендеуіне ықпалын тигізді. Осының арқасында еліміздегі агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің ауыл шаруашылығы техникалары мен басқа да жабдықтарының жаңаруына мол мүмкіндік туды. Лизингтік қызметтің бізге белгілі тұсы осы. Ал өз өңірімізде бұл қызмет түрін шаруалар қалай пайдалануда, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы техникалар қаншалықты жаңартылды? Мұны біз облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының инвестиция және инновация бөлімінің басшысы Ләззат Қыдырбаевадан сұрап көрдік.
Жауапты маманның айтуынша, өңірімізде 18 мың 869 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар екен. Оның 987-сі комбайн болса, 4 мың 632-сі трактор. Қалғаны соқа, дәнсепкіш, қопсытқыш секілді өзге де ауыл шаруашылығы техникалары. Биыл 1 мың 887 дана жаңа техника сатып алу көзделіпті. Десе де жыл басынан бері лизинг нарығындағы компаниялар арқылы 413 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның жетеуі комбайн болса, 100-і трактор, қалғаны басқа техникалар.
– Қазір барлығы 413 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жыл аяғына дейін жоспар бойынша тағы 1474 техника алынса, облыстағы ауыл шаруашылығы техникасы 10 пайызға жаңарады. Жалпы «Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы «КазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы 16, ал өзге несие серіктестіктері бойынша 4 өтінім түсіп, барлығы 20 келісімшарт жасалды. Лизингке техника алу үшін шаруалар 20-25 пайыз алдын ала төлем жасауы немесе осы сома көлемінде кепіл қоюы шарт. Келісімшарт 5-7 жыл аралығына жасалады. Пайыз өлшемі несие серіктестіктері арқылы 14 пайыз болса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 17 пайызды құрайды. Бүгінгі күнге 20 ауыл шаруашылық тауар өндірушісі 20 техника мен 19 техникаға арналған қажетті құрал-жабдықтарды несиелендіру арқылы сатып алды. Несие сомасы 512 миллион 332 мың теңге. Оның 51 миллион 233 мың теңгесі субсидияланды. Осы жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы жалпы 250 техниканы лизингке беру жоспарланып отыр, – деді Ләззат Пернешқызы.
Негізінен шаруалардың дені лизингке техниканы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы алатыны белгілі. Себебі бұл мекеме лизингтік несие үлестіруде бірден-бір танымал қаржы ұйымы. Алайда әлеуеті зор ауыл шаруашылығы құрылымдары болмаса, алдында аздаған малы мен тоқымдай жері бар шаруа қожалықтарының, кішігірім өндірістік кооперативтердің лизингтік техникаға қол жеткізуі қиын көрінеді. Бұл мәселеге біз лизингке техника сатып алған өңірдегі бірлі-жарым шаруа қожалық иелерімен тілдескенде қанықтық. Олар қаржы институттарының ұсынған шарттары бойынша несие төлемінің 15-20 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеуге әркімнің жағдайы келе бермейтінін, 17 пайыз үстемеақының 10 пайызы мемлекет есебінен субсидияланғанымен, 7 пайыз үстемеақы ұзақ жылға созылса, қайтаратын қаржы көлемі еселене түсетінін, қаржы ұйымдары кепілге қойылатын мүліктің құнын өте төмен бағалауы шаруалардың техника сатып алуына кедергі болып жатқанын айтты.
Мәселен Қордай ауданындағы «Байнұр» шаруа қожалығының төрағасы Саят Жетібаев осыдан 5 жыл бұрын 14 пайызбен 7-10 жылға «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке құны 300 миллион теңге болатын 3 трактор, 1 комбайн алғанын, алайда оның белгілі бір пайызы мемлекет тарапынан субсидияланбай жатқанын айтып, мұң шақты.
– Келісімшарт бойынша несиенің үстемеақысы 14 пайыз болғанымен, оның 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануы тиіс еді. Бірақ мен несиені өтеуде 100 күн кешіккенім үшін аталған үстемеақының 10 пайызы субсидияланбайтын болып шықты. Әр түрлі жағдайлар болып қалады. Сондықтан қаржы институттарына жағдайды түсіністікпен есепке алғаны жөн деп санаймын. Бұдан бөлек мемлекет шаруаның емес, өз пайдасын ойлайтын лизинг нарығындағы компанияларға қыруар қаржы аударып, солар арқылы субсидиялау ісін жүргізгенше, неге бірден лизингтік несиені 4 пайызбен бере бермейді? – дейді Саят Байдәулетұлы.
Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаевтың да бұл мәселе жөнінде айтары бар. Ол еліміздегі фермерлер мен шаруа қожалықтарының кейбірінің ғана тірлігі татымды екенін, қалғаны тек күнкөріс қамымен жүргенін алға тартты.
– Олардың техникасын жаңарту арқылы өз ісін дамытуға, кәсібін кеңейтуге мүмкіндігі жоқ. Себебі, кез келген шаруа қожалықтары несие алу үшін алдындағы бағып отырған малын, техникасын немесе жайылымдық, не суармалы жерін кепілге қоя алмайды. Бұл талап барлық қаржы ұйымдарына тән. Ал ауылдағы шаруалардың несие алу үшін кепілдікке қояр бағалы мүлкі жоқ. КСРО дәуірінен қалған ескі ғимараттардың құны мардымсыз. Ал несие берушілер оның құнын 500-600 мың теңгеден асырмайды. Ол нысандарды кепілге қойып техника сатып алу мүмкін емес. Сондықтан, мемлекет шаруаларды қолдауда несие шарттарының талаптарын жеңілдетіп, кез келген шаруаға қолжетімді етуі тиіс. Сонда ғана агросала алға басады, – дейді Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев.
Біз шаруалар көтерген мәселе бойынша «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстағы филиалының директоры Қанат Таженовке хабарластық. Ол шаруа қожалық иелерінің лизингке техника сатып алуда еліміздегі лизинг нарығында жұмыс істеп жатқан кез келген компанияны өзі таңдауға ерікті екенін айтты. Оның ішінде қаржы институттары да бар. Мәселен олардың қатарына «Аграрлық несие компаняисы», «БРК – лизинг» сынды ұйымдар жатады. Шаруаларға субсидия төлеу 2014 жылы қабылданған «Ауыл шаруашылық техникалары мен технологиялық құрал-жабдықтарының несиесі мен лизингтері бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатынын, субсидиялау ісі жылдық 17 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен кредиттік шарттар бойынша жүргізілетінін, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайтынын, ал қалған бөлігін қарыз алушы төлейтінін тағы бір пысықтап өтті.
– Ауыл шаруашылығы техникасын, ауыл шаруашылығы жануарларын, негізгі құралдарды сатып алудың субсидия мөлшері 10 пайызды құрайды. Комиссия мақұлдаған шарт бойынша субсидияларды есептеу жұмысы өтінім мақұлданған күннен бастап, қарыз шартының қолданылу мерзімінің соңына дейін жүзеге асырылады. «Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 50 бұйрығына сәйкес жұмыс органына өтінім берілетін күнге негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша орындалмаған міндеттемелері болмауы тиіс. Субсидиялау шартында егер қарыз алушы негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу бойынша күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен артық орындау мерзімін өткізіп алған болса, яғни төлемді 3 айдан астам уақыт кешіктірсе жұмыс органы арқылы келісімшарттың біржақты бұзылу құқықтары көзделген. Бұл лизинг алушымен жасасқан келісімшартта анық атап көрсетілген, – деді Қанат Амангелдіұлы.
Оның айтуынша, соңғы уақытта лизингке техника алуда кепілге қоятын мүлкі жоқ шаруаларға қолайлы бағдарлама қабылданған. Бірақ бұл жаңалықтан кейбір шаруалар хабарсыз көрінеді.
– Облысымызда аграрлық өнеркәсіпке инвестиция тарту бүгінгі күнгі ең өзекті мәселе. Бұл орайда біздің акционерлік қоғам заман талабына сай қызмет атқаруда. Былтыр аграрлық өнеркәсіпке тартылған инвестиция көлемі 2,4 миллиард теңгені құрады. Бұл жылдық жоспардың 105 пайызға орындалғанын көрсетеді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның адал ниетті клиенттері ауыл шаруашылығы техникасын лизингке аванстық төлем төлемей-ақ сатып алу мүмкіндігіне ие болмақшы. Тарқата айтқанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Сенімді фермер» атты жаңа бағдарламаны іске қосып отыр. Бұл бағдарламаның шеңберінде, клиенттер адал ниетті қарыз алушының критерийлеріне сай келуге тиісті. Осы критерийлерге сәйкес, біздің ұйымда клиенттің үздіксіз және сапалы кредиттік тарихы болуға, қарыз мерзімін ұзартуы, қайта құрылымдануы және алынған қаражаттарды басқа мақсатқа сай пайдалану фактілері болмауға тиіс. Ауыл шаруашылығы техникасын «Сенімді фермер» бағдарламасы бойынша қазір несиесі бар клиенттер де, бұрын қаржы алғандар да ала алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда жемшөп тапшылығы да өзекті мәселе. Осыған байланысты, отандық жемшөп өндірісін қолдау және дамыту мақсатында, «Өз жемшөбіміз» бағдарламасы іске асуда. Бұл бағдарлама шеңберінде қазақстандық фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын 10 жылға дейінгі мерзіммен сатып ала алады, бұл ретте аванстық төлемнің мөлшері қысқартылған және үстемеақы 10 пайызды құрайды. Осы жылдан бастап «Қазақстанда жасалған» атты арнайы жеңілдетілген бағдарлама іске қосылды. Қаржы жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен, 10 жылға және 1 жылға дейін лизингтік төлемдер бойынша беріледі. Инвестициялық субсидия түріндегі берілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар алғашқы төлем құйып әуре болып жатпайды. Одан бөлек, қандай да бір комиссиялар төленбейді және кепілге зат қою талап етілмейді, – деді Қ.Таженов.
Аталған бағдарламаларда кепіл саясатының шарттары жақсара түскені аңғарылады. Осыдан кейін енді фермерлер ауыл шаруашылығы техникасына және арнаулы техникаға оңай қол жеткізе алады деген сенімдеміз. Өйткені бүгінгі таңда «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен нарықтағы бәсекелес кейбір компаниялар да шаруалардың лизингтік несиеге қол жеткізуін жеңілдету үстінде. Мәселен жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі дағдарысқа қарсы қабылдаған шаралары аясында отандық тракторлар мен комбайндардың паркін жаңарту үшін арнайы бұйрыққа қол қойғаны белгілі. Осы құжат негізінде енді «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамы жыл соңына дейін 6 пайыз мөлшерлемемен шаруаларға бастапқы жарнасыз трактор немесе комбайн сатып алу үшін лизинг ұсынбақ. Бұл туралы мәлімет республикалық БАҚ беттерінде де жарияланған болатын. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба аясында да шаруалар ауыл шаруашылығы техникасына ие болуда. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Дулат Оспановтың айтуынша, әр аудандағы жобаға қатысушы ауылдарда құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері өздеріне қажетті техникамен және жабдықтарға жылдық 5 пайыздық үстемеақымен қол жеткізуде. Осы жоба арқасында аталған кооперативтер бүгінде 1 миллиард 38 миллион теңгеге 192 бірлік әртүрлі техника сатып алыпты. Оған қаржы республикалық бюджеттен «Еңбек» бағдарламасы арқылы бөлініпті. Бұл шаруамен қазір «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы айналысып жатқаны белгілі. Біздің айтпағымыз, кепілге қояр мүлкі жоқ шаруалардың осындай кооперативтерге біріккісі келмесе, өз бетінше кепілсіз және алғашқы жарнасыз берілетін лизингтік бағдарламаларға қатысып, бақ сынауына болатыны. Өйткені қазіргі лизингтік қызметтің даму кезеңі лизинг ұсынатын компанияларды ауыл шаруашылығында әлеуеті зор және жаңадан құрылған фермерлерді алаламуға бастап келеді.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР