Саясат

Сенімге селкеу түсірмейтін тәртіп керек

Written by Aray2005

Елен ӘЛІМЖАН,

Жазушы-драматург:

Бізге, халыққа  ең алдымен сенім ауадай қажет. Бірақ, өкінішке орай үміт артқан үкімет сенімнен кетіп бара жатыр. Ашығын айтқанда бізде алдау, алдарқату басым.  Оның ешқандай жасыратыны жоқ. Өтірік есеп көп беріледі. Шынайы жағдайды айтудан жасқанады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік кеңейтілген отырысында осы тұрғыда жауапкершіліктен қашып, бюрократиямен айналысудан аулақ болуды бас айтты. Одан кейін екінші бізге тәртіп керек. Ол жәй ғана тәртіп емес, заңға негізделген, сәйкестендірілген тәртіп. Біздің заңдардың көпшілігі халық үшін жұмыс жасамайды. Әйтпегенде заңда халықтың қамы тайға таңба басқандай-ақ айтылған. Басшылықта отырғандардың көбі сол заңды білмейді, бірақ елге билік айтады. Сол үшін ең алдымен халқымыз да заңды жетік білуге дағдылануы тиіс. Үшіншіден Елбасын Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласының негізгі түйінін біз әлі ашық айтпай жүрміз. Жыл сайын пәлен мектеп, түген аурухана салынып жатыр, құрылыс қарқынды, медицина, ғылым саласында түрлі конференциялар өтті деп айқайлап айтуға құмармыз. Соған етіміз де үйреніп кеткен. Ондай жұмыстар бұрын да атқарылған. Олай жар құлаққа жар салмаса да жүріп жатыр. Ал Елбасы айтқан рухани жаңғыру, ол – адамның өзгеруі, рухани толығуы еді. Ал сондай жалған есеп-қисап, саны көп, сапасы жоқ шаралардан адамның рухы көтеріледі ма? Мәселе сонда. Аталған  мақалада ұлттық менталитетің мен ұлттық кодыңды сақтай отырып патриот бол, реализм мен прагматизмді игер, соған қадам бас деді емес пе? Біз әлі сол прагматизмді дұрыс түсінген жоқпыз. Ол ғасырлар бойы құндылығын жоғалтпаған қала халықтарының қалыптасқан қасиеті. Міне, осының бәрі шынайы рухани  жаңғырудың механизмін құрайды. Ондай механизм бар жерде жауапкершілік те, әділдік те, нәтиже де, сенім де, тәртіп те болады. Экономиканың өсуі, мемлекеттің дамуы да осыған тікелей байланысты. Сондықтан ел Президенті әлемді әбігерге салған індет кезінде ісіне салғырт қарағандарды орынды сын тезіне алды. Алдағы екі жеті уақыт биліктегілер үшін сынақ мерзімі ретінде беріліп отыр. Ел сенімін қайтадан ақтай алады ма, оны сол  уақыт көрсете жатар. Әйтпесе мұндай қарқынмен біз дамыған елдердің қатарына ешқашан қосыла алмаймыз. Сондықтан алдағы күннен күдер үзбейік. Еліміз аман болсын!

ПІКІР