Қоғам

Сенімгерлік басқару сарсаңға салмаса игі

Written by Aray2005

Баршаға белгілі,Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда Елбасы жекешелендірудің әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керектігін де міндеттеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары қолға алынды. Ол бойынша ұйымдардың жекешелендіру мерзімдерін 2020 жылдың соңына дейін толығымен аяқтау көзделген.

Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда да жан-жақты жүргізілуде. Бастаманың басты мақсаты – түрлі саланы дамыту үшін қазына қаржысын шығындамай, сырттан инвестиция тартып, мемлекеттік кәсіпорындарды бәсекеге қабілетті ету. Десе де, осы сенімгерлік басқаруға қаншалықты сенуге болады?
Жауапты мамандардан білгеніміздей, аймақта 5 ұйымның жекешелендіру уақыты 2020 жылдан 2017 жылға ауыстырылған. Атап айтқанда, «Қазақ күресі», «Жамбыл бокс», «Тараз волейбол» және «Әулие-Ата ат спорты» клубтары жекешелендіруге өтіп жатса, «Айша бибі» су добы клубы өткен жылдың қазан айында аукцион арқылы сатылып кеткен. Сонымен бірге, Үкіметтің «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, облыста бәсекелес ортаға беруге жататын 37 ұйымның тізбесі бекітіліпті. Енді тізімге ілінген ұйымдар туралы тарқатып айтар болсақ, 2014-2016 жылдар аралығында олардың екеуі таратылып, 10 ұйым сенімгерлік басқаруға берілген.
Осы тұрғыда өткен жылы жекешелендіруге жоспарланған 22 ұйымның 13-і сатылып, нәтижесінде қазынаға 950,9 миллион теңге қаржы түскен. Сондай-ақ, облыс орталығындағы №9 қалалық емхана сенімгерлік басқаруға берілген. Айта кетерлігі, кейбір мекемелерге қалталы кәсіпкерлер қызықпайтын көрінеді. Мәселен, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 4 ұйым бойынша өтініштердің түспеуіне байланысты тендерлер мен аукциондар мүлде өтпей қалған. Дегенмен, «Тараз» ӘКК» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы 2017 жылы Әбдір Сағынтаев, Керімбай Оязбекұлы атындағы және «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 20,9 миллион теңгеге сатылған. Негізінен, 2014-2017 жылдары 11 ұйым сенімгерлік басқаруға беріліп, 13 нысан 1 миллиард 951 миллион теңгеге сатылыпты. Ал, биылғы жылы облыстың коммуналдық меншігіндегі 9 ұйым бәсекелес ортаға беріліп жатыр.
Облыс әкімдігі қаржы басқармасы мамандарының сөзіне сүйенсек, Жол картасына сәйкес «Таразкоммуналкөлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бағалау жүргізіліп, мүлкі 355 981 миллион теңгеге теңестірілген мекеме ағымдағы жылдың 18 сәуірінде аукционға шығарылған. Бірақ, өтініштердің түспеуіне байланысты оның бірқатар активтері «Тараз» ӘКК» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына берілген. Бұдан бөлек, жуырда «Таразэнергоорталық», «Теміржол-Жылу», «Жамбыл-Жылу» мекемелері кейіннен сатып алу құқығымен 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендерге шығарылған. Оның ішінде «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының 100 пайыз мемлекеттік пакет акциясы сатылымға қойылса, «Теміржол-Жылу» және «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары мүліктік кешен ретінде ниет білдіруші кәсіпкерлердің назарына ұсынылуда. Осы орайда, «Мұндай маңызы зор мекемелер сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін олардың жұмыс сапасы төмендемей ме?» деген орынды сұрақтың туындайтыны анық. Алайда, облыстық қаржы басқармасы коммуналдық меншікті басқару бөлімінің басшысы Қуандық Омаровтың айтуынша, ұйымдарды жекеге немесе сенімгерлік басқаруға беру бәсекені арттырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жетіле түсетін көрінеді.
– Мекемелерді сенімгерлік басқаруға берудің тиімді тұстары жетерлік. Мәселен, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын коммуналдық кәсіпорындарды ондай басқаруға берілген соң қазына қаржысы үнемделеді. Сондай-ақ, басқаруға алған кәсіпкер жұмыс сапасын арттыру үшін қызметке қабілеті бар адамдарды іздейді. Мүмкін, олар мамандарды арнайы оқытуы мүмкін. Өйткені, оның әр кадры ақша табады. Яғни, кәсіпкер өзі үшін жұмыс жасайды. Мұнан соң ол өз бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл орайда, халыққа көрсетіліп жатқан қызмет сапасы төмендейді деген ой болмауы керек. Себебі, сенімгерлікке немесе жекеменшікке берілген кездің өзінде сапа мемлекеттің бақылауында болады. Нақтырақ айтсақ, мемлекет тарапынан қандай да бір мекемені жекеменшікке беру барысында заң шеңберінде белгілі бір талаптар қойылады. Егер мекемені сенімгерлікке алған кәсіпкер сол талаптарды орындамайтын болса, келісімшартты бұзып, мекеме мемлекетке кері қайтарылады, – дейді Қ.Омаров.
Ал, мүліктік кешен ретінде сатылымға қойылып жатқан «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Жұмабек Бөлекбаев жекеге өтіп жатқан мекеменің болашағын алдын ала болжау қиын екендігін айтады. Оның сөзінше, кәсіпорынды шаруашылыққа бейім, саладан хабары бар адам алатын болса ғана қызмет сапасы төмендемейді екен.
– Біздің кәсіпорын сатып алу құқығымен 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілгелі жатыр. Ол мекемені ертең кімнің сатып алатындығы белгісіз. Бірақ, жағдайымыз мемлекет тарапынан қаржыландырылып тұрғандағыдай болмайтындығы анық. Себебі, сатып алған адам бірінші өзінің қалтасын ойлайтындығы белгілі. Жылу қазандықтары жыл сайын жөндеуді қажет етеді. Ал, кәсіпкер мұндайды түсінбесе қиындау болмақ. Жалпы, біз бүгінде облыс орталығынан бөлек Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарын жылумен қамтамасыз етіп отырмыз. Қалай болғанда да осы бағыттағы жұмыстарымызды сапалы жүргізе беруге ниеттіміз. Дегенмен, мекемені сенімгерлік басқаруға алған адам ол жағын түсіне ме? Міне, мәселе қайда, – дейді Жұмабек Әбдікәрімұлы.
Иә, осылайша мекеме басшылары жекеменшік пен сенімгерлік басқаруға өтетін ұйымдардың келешегіне алаңдаулы екендіктерін де жасырмауда. Десе де, жауапты мамандар бұдан ұтпасақ, ұтыл­май­тындығымызды айтуда. Әрине, заң талап­тары бәрімізге ортақ. Сондықтан, батыл баста­маға күмән­мен қараудан аулақпыз. Әйтеуір, Елбасы атап көр­сет­кендей жекешелендіру үдерісі әділ әрі ашық жүр­гізіліп, халыққа оң септігін тигізсе болғаны.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР