Сенімгерлік басқаруға берілген мекемеде мін болмауы тиіс

0 5

Өңірде білім беру ісін жақсартып, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, аталған салаларға тән мекемелерге жұмсалатын бюджеттік шығыстарды азайту үшін әлеуметтік маңызы бар мекемелердің бірқатары осыдан 5-6 жыл бұрын бәсекелестік ортаға берілгені белгілі.

Жеке секторлар шарт бойынша ол нысандарды белгілі бір жылдар аралығында сенімгерлік басқаруға алып, одан кейін жекешелендіруі тиіс. Егер сенімгерлік басқаруға берілген жылдар аралығында мектеп не медициналық мекеменің қызмет сапасы төмендеп кетсе, нысанның тоз-тозы шығып, ұжым аз жылда әбіржіп шыға келсе, ондай мекемелердің сот арқылы кері қайтарылатыны хақ.
Түптеп келгенде, жеке секторлар ойына келгенін істемеуі тиіс. Олардың өз мойнына алған міндеттемелерді толығымен орындауы мемлекеттің қатаң қадағалауында тұр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен сенімгерлік басқаруға берілген білім және денсаулық сақтау саласындағы нысандардың жай-күйі қаралған жиында осы мәселелер сөз болды.
– Елімізде білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы нысандар 2010 жылдардан бастап сенімгерлік басқаруға беріле бастады. Осы жылдар аралығында өз өңіріміздегі бірқатар нысан бәсекелестік ортаға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы да медициналық ұйымдар мен білім беру мекемелерінің қызмет сапасын жақсартуды, халыққа қолжетімді болуын көздейді. Біздің өңірде сенімгерлік басқаруға берілген білім беру және денсаулық сақтау саласындағы нысандардың қазіргі жай-күйі жаман емес. Десе де тараздық тұрғындар тарапынан кейде медициналық ұйымдарға қатысты шағым туындап жататыны жасырын емес. Ол мейлі мемлекеттік немесе жекеменшік мекеме болсын, ұсынған қызметі халықтың көңілінен шығуы тиіс, – деген Бердібек Машбекұлы облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Роза Исаевадан сенімгерлік басқаруға берілген мекемелердің жай-күйін сұрады.
Роза Әбдірқызының айтуынша, жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, облыста денсаулық сақтау саласының 7 ұйымы 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беріліпті. Аталған ұйымдардың бағалау құны 2 миллиард теңге болса, тендерлер нәтижесі бойынша сатып алу құны 12,1 миллиард теңгені құраған. Тендер шарттарында жеке сектордың жаңа ғимарат салу, медициналық құрал-жабдықтар сатып алу секілді басқа да міндеттемелерді мойнына алуы атап көрсетілген. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы бойынша сенімгерлік басқаруға берілген 7 ұйымның алтауының материалдық-техникалық базасы жақсарыпты. Өткен жылы тапсырылған есепке сәйкес, олардың қаржылық ахуалдарының да жақсарғаны байқалған. Аталған кәсіпорындардың сенімгерлік басқаруға берілгенге дейінгі таза табысы 4,2 миллион теңгені құраған болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың тапқан табысының жалпы көлемі 296,3 миллион теңгеге жетіпті.
– Биыл сіздің тапсырмаңызға сәйкес сенімгерлік басқаруға берілген кәсіпорында сенімгер басқарушылардың өздеріне алған міндеттемелерінің орындалу барысын талдау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған болатын. Аталған жұмысшы топтың құрамына облыс әкімі аппаратынан 2 қызметкер, қаржы басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасынан бір-бір қызметкерден енгізілді. Жұмысшы топ денсаулық сақтау саласындағы сенімгерлік басқаруға берілген ұйымдарда сенімгер басқарушылардың өздеріне алған міндеттемелерінің орындалуына талдау жүргізді. Десе де сенімгер басқарушының кәсіпорынға салған инвестициясының растығына көз жеткізу үшін облыстық ішкі аудит департаментіне көпсалалы (№2, №6, №9) қалалық емханаларға тексеру жүргізуін өтінеміз. Өйткені олардың қазіргі иелері өз міндеттемелерін орындағаны жөнінде толық мәлімет берген жоқ. Қалған кәсіпорындардың сенімгер басқарушылары өздеріне жүктелген міндеттемелерді толығымен орындапты. Алайда кейбір медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы 100 пайыз жақсармаған. Осыған байланысты кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын 100 пайызға жақсарту мақсатында денсаулық сақтау басқармасы сенімгер басқарушылармен бірлесе отырып, кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтарды анықтап, қосымша келісім жасауға ұсыныс беруді сұраймын. Бұдан бөлек дәрігерлермен мейірбикелердің санаттарын көтеру қажеттілігі де туындап отыр. Бұл ретте қызметкерлердің санаттарын көтеру мақсатында денсаулық сақтау басқармасының тиісті (белгіленген нормативтер болған жағдайда) ұсынысын сұраймыз. Медициналық мекемелердің атқарған жұмыстарына ақы төлеу әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тарифі арқылы төленеді. Алайда тарифте күрделі жөндеу жұмыстарының шығындары, амортизациялық шығындар және рентабель енгізілмеген. Бұл жағдай кәсіпорынның тапқан табысына үлкен теріс әсерін тигізеді. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, негізгі құралдарды сатып алу, құрылыс жұмыстары және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қалған таза табыс есебінен жүргізіледі. Тарифке кірмеген амортизациялық шығын және таза табыс шығындарды үнемдеуге әкеліп соғады. Ол өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасының төмендеуіне әсер етеді және бонустық системаға өтуіне кедергі жасайды. Осыған байланысты тарифке өзгеріс енгізу жөнінде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, тиісті жұмыстарды жүргізу қажеттілігі туындап тұр, – деді Р.Исаева.
Бұдан кейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың баяндамасы тыңдалды. Жиын соңында облыс әкімі нысандардың сенімгерлік басқаруға берілуінің мәні бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру, денсаулық сақтау сапасын жақсарту, мамандардың мәртебесін арттыру екенін еске салды.
– Ең үлкен мәселе – емханалардың қызмет сапасының артуы, олардың өз міндеттемелерін толығымен орындауы. Олар келісімшартта көрсетілгендей, штаттағы адам санын көбейтуі керек. Тазалықшыдан бастап дәрігерге дейін қазіргі заман талабына сай біліктілігін арттыруы тиіс. Адамның денсаулығын жақсарту бағытында алдын алу шараларын тұрақты жүргізіп, медицина саласында көрсетілген 10 бағытты басшылыққа алып жұмыс жүргізуі қажет, – деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ осы істің басы-қасында жүрген жауаптыларға емханалардың озық үлгідегі медициналық құрылғылар сатып алуын қадағалауды жүктеп, жеке емхана дәрігерлерінің жалақысын көтеру керектігін баса ескертті. Сенімгерлік басқаруға берілген мекемелердің ішкі аудитіне тексеру жүргізу секілді басқа да мәселелер бойынша бұрын жасасқан келісімшарттағы ережеге өзгеріс енгізуді де жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.