Жастар.kz

Серпіліс болмай, жетістік жоқ

Written by Aray2005

Мемлекет тарапынан жастарға әлемдік деңгейге сай білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуына әрдайым қолдаулар көрсетілуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашан жастарға және оның әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөліп келеді. Жастар жылының жариялануы да осы сөзімізді нықтай түсетіндігі сөзсіз.

Қазіргі жаhандану заманында елдің де, ұлттың да әлемдік бәсекеде өзінің лайықты орнын табуында еңбек мәселесі шешуші рөл атқаруда. Өйткені мемлекет дамуының негізгі тетігі осы еңбекте жатыр. «Еңбек» деген сөзде маңдай тер мен күш-қуат бар. Себебі «Әлемнің әміршісі – еңбек». Тек еңбексүйгіш, жаңалыққа бейім, оны білім мен ғылымның жетістіктерімен ұштастыра білетін ұлт қана тарихтың қойнауында қалып қоймай, өркениет көшіне қарқынды ілесе алады. Соның айқын дәлелі ретінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы мен Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Меркі ауданында өтетін «Жас келсе – іске!» атты форумын атап өтуге болады.
Бүгінде облысымыз қайнаған құрылыс алаңына айналды. Жаңадан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде, жолдар мен желілер жөн­де­луде, коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелер аймақтың қалыпты тірлігін қамтамасыз етуде. Мұның артында өз ісіне шын берілген мыңдаған қарапайым еңбек адамдарының қалтқысыз қызметі тұр. Экономикалық ахуалдың жоғары деңгейде болуы – өндірістің қалыпты жұмыс жасауына тікелей байланысты. Ал өндірістің негізгі тірегі ол, әрине, біздің еңбек азаматтарымыз, соның ішінде жастар.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде өндіріс орындарында табысты еңбек етіп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген жас мамандар қатары артты. Бүгінде облыстағы кәсіпорындар мен әлеуметтік салаларда 10 мыңға жуық жас табысты еңбек етуде. Осы өндіріс ошақтарында жастар ісі жөніндегі комитеттер құрылған. Жастарды еңбекке ынталандыруды көздейтін «Парыз», «Сенім», «Еңбек жолы» секілді байқаулар ұдайы ұйымдастырылып тұрады.
Жастар саясатына қатысты облыс әкімі мен аудандар және Тараз қаласы әкімдері арасында, сол сияқты тиісті уәкілетті атқарушы органдармен нақты межелер айқындалған 11 индикаторлық көрсеткіш белгіленді. Оның 7-еуі ваканттық бос жұмыс орындарына, «Жастар тәжірибесіне», әлеуметтік жұмыс орындарына, ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту, кәсіби оқудан өткізу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несиелендіру секілді жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған.
Биыл 1 500 жасты «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында маусымдық еңбекпен қамтуға 73 миллион теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ өңір жастары құрылыс нысандарында маусымдық еңбекпен қамтылмақ. Жастар саясатындағы өзекті мәселенің бірі – өңірде кадрлар әлеуетін арттыру, заманауи жас кадрларды әзірлеу ісі. Бұл бағытта да бірқатар шаралар қолға алынды.
Облыста индустрияландыру аясында жұмысшы мамандығының беделі артып келеді. Бұл жұмыстарды іске асыруда нәтижелі жұмыспен қамтуға, тегін кәсіптік білім беруге арналған мемлекеттік бағдарламалар оң септігін тигізуде. 2018-2019 оқу жылында 48 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде 27 мыңнан астам студент 93 мамандық, 137 біліктілік бойынша білім алуда. Күндізгі бөлімде оқитын 22 389 білімгердің 13 407-сі мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін оқумен қамтылуы да жастардың болашағына жол ашатыны анық. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты бойынша техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған азаматтардың саны 1 472-ні құрайды. Өткен жылы қабылданған 8 747 студенттің 5 024-і мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жатса, оның 3 299-ы болашақ жұмысшы мамандар. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру барысында өңірлік еңбек нарығының қажеттілігіне талдау жүргізіліп, 1 453 жұмыс берушінің сұранысы қанағаттандырылды.
Техникалық және кәсіптік білімді өткен жылы 5 492 түлек бітірсе, оның 3 500-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде тәмамдаған. 2018-2019 оқу жылында 35 колледжде 38 мамандық бойынша оқытудың дуальды жүйесі енгізіліп, 3 428 студент оқытудың осы жүйесімен қамтылды. 193 әлеуметтік серіктестермен 3 428 келісімшарт жасалды. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің кәсіптік білім беру негізінде жұмысшы және технолог мамандарды даярлау арқылы бүгінгідей еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандардың тапшылығын біртіндеп болса да жою қажеттілігін өтейтіні сөзсіз.
Елбасы Жастар жылының ашылу салтанатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керектігін, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді, көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруға назар аударды. Осы орайда солтүстік өңірлердің еңбек ұтқырлығын арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынды. Оны іске асырудың тиімді тетіктерінің бірі – «Серпін» жобасы. Бүгінде жоба аясында облыстан 1 384 студент білім алуда. Олардың 1 169-ы жоғары оқу орындарына, 215-і арнаулы орта оқу орындарына педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы және медициналық мамандықтар бойынша оқып жатыр. Бағдарлама аясында 2018-2019 оқу жылына 6 мыңға жуық грант қарастырылған. Ал ағымдағы оқу жылында облыс бойынша 224 талапкер оқуға қабылданған.
Бүгінгі уақыт – кәсіптің заманы. Осыны түсінген іскер азаматтардың бизнесте тасы өрге домалап отыр. Бұл тұрғыдан келгенде мемлекетіміз жастардың да кәсіпкерлік әлеуетін шыңдауға тиісінше мән беруде. Мәселен, кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жастарды «Бизнес бастау» жобасына оқыту жұмыстары жүйеленген. Ағымдағы жылы 600-ден астам жасты оқытып, нәтижесінде 200-ге жуық жасты шағын несиемен қамту жоспарлануда. Өткен жылы 794 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, олардың 174-і шағын несие алды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың жаңа бизнес-идеяларын дамытуға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 330 адамға 166 миллион теңгенің қайтарымсыз гранттарын беруге республикаға сұраныс берілді. Тараз қаласы мен аудандарда арнайы комиссиялар құрылып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген 300-ге жуық бүгінгі буынның базасы жасақталды.
Дана халқымыз «Еңбек түбі – береке» деп текке айтпаса керек. Еліміз бүгінде «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі тұғыры – жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру жолында сеніммен алға басып келеді. Еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың деңгейі көтеріліп, кәсіподақтардың рөлі нығая түсуде. Еңбектің қазанында қайнаған, xалқының қамын ойлаған жастар – қоғамды алға апарушы күш. Әрбір жастың лайықты, адал және кәсіби еңбегі Қазақстанның ұлы мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруінің кепілі болмақ. Осы орайда Меркі ауданында өтетін дүбірлі форум жастарға соны серпіліс сыйлайды деген сенімдеміз.

Мәди Мәтен,
облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

ПІКІР