"Шамшырақ"

«Серпін» бағдарламасына 5116 грант бөлінді

Written by Aray2005

Келешегіміз кемелді болсын десек, ел жастарының сапалы білім алуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жобалар атқарылып жатыр. Жастардың сапалы білім алуы елдегі түрлі бағдарламар аясында іске асырылуда. Солардың бірі – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы.

Күнгей жұртын теріскейге алдыртып, сондағы тіршілік қазанын қайнатуды көздеген жобаны өңірлердің дамуына айрықша серпін берген бастама десек артық айтқандық емес. Себебі еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Қазақстанның солтүстік өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік алды. Жоба аясында еліміздің Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстарының жастары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік туды.
«Серпін» индустриалды-инновациялық жобаларға мамандарды даярлап, жұмыс күші мол аймақтардағы жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастырады. Жұмыс күші мол аймақтардағы жастарды жұмыс күші тапшы аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тартады. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттырып, жастардың жұмысшы мамандықтарға көзқарасын өзгертеді. Және жастардың әлеуметтік және жұмыссыздық мәселелерін шешеді.
Айтулы жоба жүзеге аса бастаған жеті жыл ішінде мыңдаған жастың жүрек қалаған мамандығының иесі атануына мүмкіндік берді. Олардың арасында 1502 жамбылдық жас та бар. Жамбылдық өрендердің 1271-сі жоғары оқу орынында, ал 231-і колледждерде педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, медициналық мамандықтар бойынша білім алып жатыр.
Жыл санап «Серпінге» қатысатын оқу орындарының желісі де артып келеді. Жоба бастау алған жылы бұл бастамаға 7 жоғары оқу орны және 25 колледж қатысса, қазір жоғары оқу орындарының саны 24-ке дейін ұлғайды.
Жоба аясында оқу орындарына түскен білімгерлер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысымен және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Ал колледж студенттеріне аталған жеңілдіктерге қосымша үш мезгіл тамақ беріледі. Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. Және білім сынағының нәтижесінде кем дегенде 50 ұпай жинау керек. Бұл төменгі шектік деңгей. Мұндай шарт жоғары оқу орындарына түскісі келетіндерге ғана қатысты. Ал колледждер үшін мұндай шарт жоқ. Дегенмен колледждерге де қабылдау емтиханы болады. Колледждерге жоғары оқу орындарына түсе алмаған және 2-3 жыл бұрын оқу бітіріп, грант иегері атана алмаған, ақылы бөлімді бітірген азаматтар да осы арнаулы орта оқу орындарын таңдауларына болады. Сонымен бірге жобаға қатысқысы келетіндердің жасына шектеу қойылмайды.
Биыл «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасына Қазақстан бойынша 5116 грант бөлініп отыр.
Әлеуметтік жобаны іске асыру Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясындағы алға қойылған міндеттердің бірі. «Серпіннен» бітірген жастардың кемі 50 пайызы сол өңірлерде қалса, үміттің ақталғаны деп білеміз.

Талғат ЖАМАЛОВ,
облыс әкімдігінің білім басқармасы
басшысының орынбасары

ПІКІР