"Шамшырақ"

«Серпінге» сенген сенделіп жүрмейді

Written by Aray2005

Биыл аталмыш жобадан 567 түлек үмітті

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша «Серпін – 2050» бағдарламасы биыл да жалғасуда. Елбасының тапсырмасымен 2014 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан серпінді жобаның мақсаты – халық тығыз қоныстанған еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бірінші жылы 7 жоғары оқу орны мен 25 колледж жұмылдырылып, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатысса, өткен жылы 24 жоғары оқу орны мен 25 колледж қатысқан. Сол уақыттан бері серпінге қатысушы жастар саны да едәуір артқан.

Биыл жобаның жүзеге асырылып отырғанына 6 жылға жуық уақыт толды. Осы уақыт ішінде біздің облыстан 1 384 азамат бұл бастаманың пайдалы тұстарына куә болды.
Биыл «Серпінмен» оқуға түсушілерге 5 109 грант бөлінген. Педагогика бағытына – 1 279, техникалық мамандықтарға – 1 500, ауыл шаруашылығы бағытына – 330, ал инженерлік, өңдеу, құрылысшы мамандықтарына 2 000 грант берілген. Грант иеленген студент шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып қайту жолақысымен және жатақханамен, жұмыс орнымен, аталған жеңілдіктерге қосымша 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.
– Бұл бағдарлама бойынша 50-ден жоғары балл алған ауыл жастарына үлкен мүмкіндік. Тегін грантқа түсіп, ары қарай оқуын жалғастырып, тіпті сол қалада жұмыс істеуге болады. Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. ҰБТ мен кешенді тестілеуден кем дегенде 50 ұпай жинау керек. Ал колледждер үшін мұндай шарт жоқ. Дегенмен колледждерге де қабылдау емтиханы болады. Және жобаға қатысқысы келетіндердің жасына шектеу қойылмайды, – дейді техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Ербол Қайыпчаев.
Жобаға қатысушы өңірдің өкілдерінің үгіт-насихат және құжат қабылдау жұмыстарын жүргізу үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен Жамбыл политехникалық колледжінен арнайы кабинеттер бөлінді.
Онда «Серпін» бағдарламасы бойынша сұрақтарға алдымен Рудный Индустриалды институтының өкілі, «Энергетика, жылу энергетикасы» факультетінің меңгерушісі Зәуре Хабибуллина жауап берді.
– «Серпін» бағдарламасы бойынша 2014 жылы біздің оқу орнына түскен балалар биыл тәмамдады. Олардың бірі өлкемізде тұрақтап қалмақ мақсатында жұмысын ыңғайлап жатса, ал енді бірі оқуын жалғастыру үшін магистратураға құжаттарын тапсырып жатыр. Біздің институтқа биыл 60 жыл толып отыр. 16 мамандық бар. Оның 11-і бойынша «Серпін» бағдарламасымен оқуға мүмкіндік қарастырылған. Студенттерге мұнда қолайлы жағдай жасалған. Материалдық база жылда өзгеріп, жаңартылады. Биылдан бастап жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Соның бірі – қашықтықтан оқыту. Яғни үйінде отырып онлайн түрінде оқуға болады. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік комбинаты өте үлкен өндірістік бірлестік. Оқып бітірген балалар сонда жұмыс істей алады, – дейді ол.
Аталмыш жоба аясында Семей қаласында білім алып жатқан жамбылдық өреннің бірі Дамир Кучуков биыл 2-курсты аяқтапты.
– Мен Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тумасымын. Әлихан Бөкейханов атындағы мектепті бітірдім. Бағдарлама жайлы мектепте жүргенде білдім. Тестілеуде шекті балдан сәл ғана асырып алдым. Содан кейін «Серпін» бағдарламасына тапсырсаң грантқа ие бола аласың деген соң бағымды сынап көргім келді. Ол үшін өкінбеймін. Қазіргі таңда Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетте «Биотехнология» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Семейге жаңадан барғанымда ондағы белсенді студенттер өздері күтіп алып, жатақханаға орналасуға, құжаттарымды тапсыруға көмектесті. Бүгінгі таңда табиғатына, барлығына үйрендім. Ешқандай айырмашылық жоқ деуге де болады, – дейді Дамир.
Ал Қостанай облысының Рудный қаласында білім алып жатқан Нұрбол Әбілда оқуды аяқтағаннан кейін, сол қалада қалуды жоспарлап отырғанын жасырмады.
– Оқу орнына 2017 жылы түстім. «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша білім алудамын. Мамандығым өзіме ұнайды. Болашақта сол жақта қалып, Рудный қаласын жылумен қамтамасыз ететін орталықта жұмыс істегім келеді, – дейді Нұрбол.
Тараз қаласының тұрғыны Нұрзада Ахатқызының үлкен қызы Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы университетті бітіріп, магистратураны жалғастырмақ. Биыл әпкесіне серік етіп, кіші қызының құжатын да сол оқу орнына тапсырмақ ниетте.
– Үлкен қызым осы «Серпін – 2050» бағдарламасы арқылы «Технология» мамандығы бойынша университетті бітіріп отыр. Ата-ана ретінде оқу орны, ондағы жастарға жасалған жағдайлар көңілімнен шықты. Сондықтан кіші қызымды да осы оқу орнында оқытқым келеді. Қызымның таңдаған пәні – физика-математика. Сол себепті ақпараттық технология немесе геодезия мамандығына құжат тапсырмақпыз, – дейді Нұрзада Сәрсенбекова.
Сонымен, биылдыққа өзге өңірде оқуға 567 жас құжат тапсырған екен. Грантқа ілінгендердің тізімі тамыз айында белгілі болмақ.

Айжан Өзбекова

ПІКІР