"Шамшырақ"

«Серпінге» сенгендер жұмыссыз сенделмейді

Written by Aray2005

Ізгі мұраттарды көздеп, жемісті жүзеге асырыла бастаған «Серпін – 2050» жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы орасан зор. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз. Алайда көпшіліктің көкейінде әлі де бірқатар сауал бар. Бұл әсіресе жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, білім гранттарының қалай бөлінетіндігі төңірегінде болып отыр.

Негізінен, аталған жобаның екі маңызды тұсы бар. Біріншісі – экономикалық. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көшіп-қону басым болғандықтан кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзектілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы жылдарда индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айрықша байқалады. Сондықтан «Серпін – 2050» жобасы арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу өзекті.
Екінші маңызы – әлеуметтік проблемаларды шешу. Республикамыздың 5 облысында бала туу деңгейі жоғары, тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Аталған өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде оқуға түсуі қиын және мамандық алғаннан кейін басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын көбейтеді. Жоба арқылы осы 5 облыста мектеп бітірген жастарға 9 өңірдегі оқу орындарына «Серпіннің» арнайы гранты бөлінеді. Сонымен қатар қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп, оқыған өңірлерінде қоныстанып қалған жағдайда 100 пайыз жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасалады.
«Серпін» жобасы жүзеге аса бастаған уақыттан бері облысымызда көптеген жұмыс атқарылуда. Облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышеваның айтуынша, өңірімізде әлеуметтік жобаға қызығушылық танытушы жастардың үлес салмағы жыл санап артып келе жатқан көрінеді. Алтынай Жайлышқызы берген мәліметке сүйенсек, аталған бағдарлама бойынша 2014 жылы облыстан өзге өңірдің жоғары оқу орындарына 172 студент оқуға түскен. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, 443 студент өзге аймақтарға аттанған. Сонымен қатар 2016 жылы – 262, 2017 жылы – 283, 2018 жылы – 224 студент оқуға түсіп, бүгінгі таңда барлығы 1 384 облыс жасы солтүстік аймақтарда білім көкжиегін кеңейтуде. Оның ішінде 1 169-ы жоғары оқу орындарына, 215-і колледждерге педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, медициналық мамандықтар бойынша түсіпті.
– Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. ҰБТ мен кешенді тестілеуден кем дегенде 50 ұпай жинау керек. Бұл – төменгі шектік деңгей. Бұл шарт жоғары оқу орындарына түскісі келетіндерге ғана қатысты. Ал колледждер үшін мұндай шарт жоқ. Дегенмен колледждерге де қабылдау емтиханы болады. Колледждерге жоғары оқу орындарына түсе алмаған және 2-3 жыл бұрын оқу бітіріп, грант иегері атана алмаған, ақылы бөлім бітірген азаматтар осы арнаулы орта оқу орындарын таңдауларына болады. Жобаға қатысқысы келетіндердің жасына шектеу қойылмайды.
Жоба аясында жоғары оқу орындарына түскен білімгерлер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысымен және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар колледжге түскен білімгерлерге аталған жеңілдіктерге қосымша үш мезгіл тамақ беріледі,– деген Алтынай Жайлышқызы 13-17 мамыр күндері аралығында барлық аудандарда «Серпін» күндері өтетінін айтып өтті.
«Серпін» күндері аясында елді мекендерде орналасқан мектеп бітіруші түлектері және ауыл жастарымен кездесулер ұйымдастырылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Жобаға қабылдаушы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан барлығы 20 өкіл келмек. Жалпы облыс бойынша «Серпін» күндеріне бес мыңнан астам жастарды қамту жоспарланып отыр. Ал жобаға қатысушы өңірлердің өкілдерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінен, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен арнайы кабинеттер бөлінеді. Аталған оқу орындарының базасында жобаға қатысу үшін шілде айында мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа құжаттар қабылданады.
Қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «География» мамандығы бойынша білім алып жатқан жерлесіміз Заманбек Қуантаев биыл дипломын алғаннан кейін аталған қалада еңбек жолын бастауды мақсат етіп отыр.
– 2015 жылы Тараз қаласындағы №47 орта мектепті бітіріп, «Серпін» жобасы бойынша білім алуды жөн деп таптым. Жоба туралы ғаламтордан мәліметтер іздестіріп, таныстарымнан сұрастыра келе, жастар үшін шарапаты мол екеніне көзім жетті. Сөйтіп, ойланбастан Қарағанды қаласына аттанып кеттім. Төрт жылымыз төрт айдай сырғып өте шығып, диплом алатын уақыт та таяп келеді. Алдағы уақытта Қарағандыда қалып, мамандығым бойынша жұмысқа орналасатын боламын.
«Серпін» жобасы аясында оқып жатқан студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие алуға барлық мүмкіндік жасалған. Ай сайын 24 мың теңге шәкіртақы аламыз, – дейді Заманбек Дәнебекұлы.
Сол секілді Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің студенті Рабиға Әскербек те биыл дипломын алғаннан кейін магистратураға оқуға түсіп, білімін шыңдамақ.
– Төрт жыл бойы білім нәрімен сусындатып, білікті маман болып шығуымыз үшін үлкен еңбек сіңірген Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінде бүгінде жүзге жуық жамбылдық жас білім алуда. Жастардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, өзім осыдан екі жыл бұрын Чехия мемлекетінде
4 ай білім алуға мүмкіндік алып, көп нәрсе түйіп қайттым. Ендігі бар мақсатым – алған білімімді, шетелде жинаған тәжірибемді еліміздің дамуына жұмсап, бір кетігіне кірпіш болып қалану, – деп ағынан жарылған Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның түлегі Рабиға Талғарбекқызы келешекте Қарағанды қаласында тұрақтап қалу ойы да бар екенін жеткізді.

Міне, осылайша бүгінде облысымыздың мыңдаған жасы бағдарламаның шарапатын сезініп жүр. Сондықтан да осы бір мол мүмкіндікті әне-міне алтын ұя мектебінен түлеп ұшқалы отырған мектеп түлектері де қалт жібермесе деген тілек бар.

Талғат Нұрханов

ПІКІР