"Гүлдәурен"

«Серпінге» сенімсіздік сейілді

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Түйткілдің түйінін тарқату мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, кейбір әлеуметтік маңызы бар салаларда білікті мамандар тапшылығы туындап, бұл мәселе күні кешеге дейін шешімін таппай келген болатын. Дегенмен, осы олқылықтың орнын осыдан төрт жыл бұрын қабылданған «Серпін-2050» бағдарламасы толтырды деп айтуымызға толықтай негіз бар.

«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы – бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Бағдарлама алғаш қабылданған кезеңде қарапайым халықтың көңілінде үміттен гөрі үрей, сенімсіздік басымырақ болғаны да рас. Дегенмен, бұл бағдарлама жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік беретіндігін түсінген ата-аналардың қазіргі таңда қызығушылығы әлдеқайда жоғары. Бүгінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты мемлекеттік бағдарлама аясында жандана түскен жоба оңтүстік облыстардың жастарын еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында білім алуына мүмкіндік туғызып отыр. Себебі, аталмыш аймақтарда ірі-ірі өндіріс орындары, зауыт, кәсіпорындар көптеп салынып жатқанымен, жұмыс күші жетіспейді. Бағдарлама осы олқылықтың орнын толтырады деп күтілуде.

Бастысы, аталмыш жоба тегін білім беріп қана қоймай, тұрақтандыруды, жұмысқа орналастыруды басты назарға ұстап отырғаны белгілі. Алайда, бұл бағдарламаның орындалуы қандай деңгейде? Облыстық білім басқармасына қарасты кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту орталығының басшысы Шыңғысхан Рапишевтің айтуынша, өңірімізде әлеуметтік жобаға қызығушылық танытушы жастардың үлессалмағы жыл санап артып келе жатқан көрінеді. Шыңғысхан Нұрланұлының сөзіне сүйенсек, аталған бағдарлама бойынша 2014-2015 оқу жылында облысымыздан өзге өңірлердің жоғары оқу орындарына – 77, ал кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерге 95 жас оқуға түскен. Ал, 2015-2016 оқу жылы бұл көрсеткіш еселеніп, жоғары оқу орындарына – 398, ал колледждерге 45 талапкер білім алуға мүмкіндік алған. Сондай-ақ, 2016-2017 оқу жылында барлығы 262 студент «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түскен. Сол секілді, өткен оқу жылында 283 студент игілігі мол бағдарлама бойынша білім алғанды жөн деп тапқан екен.

Яғни, «Серпін-2050» бағдарламасы аясында Жамбыл облысынан өзге өңірлерге осы күнге дейін барлығы 1 160 студент білім алуға аттанған. Қазір олар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында оқып жатыр.

– 2014 жылдан бастап жүзеге аса бастаған бағдарламаның негізгі мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған өңірлерде оқытып, тұрақты жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан болса, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтып отыр. Сонымен қатар, жыл сайын жобаға қатысатын оқу орындарының желісі де артып келеді. Мәселен, 2014 жылы 7 жоғары оқу орны, 25 колледж болса, 2015 жылы олардың саны 19 жоғары оқу орны мен 33 колледжге ұлғайды. Ал, былтыр облыс жастарының 26 жоғары оқу орны мен 38 колледжде білім алуына жол ашылды.

Айта кету керек, алғашқы жылдарға қарағанда қазіргі таңда ата-аналардың, бітіруші түлектердің бағдарламаға көзқарасы мүлдем өзгерді. Бұрын басым бөлігі қорқақтап, ұл-қызын шалғай облыстарға, қалаларға жіберуге жүрексінетін. Мұндай жағдайда орталық мамандары ата- аналармен, оқушының өзімен сөйлесіп, бағдарламаның игілігін түсіндіруге тырысамыз. Сонымен бірге, жыл сайын жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Жамбыл облысының барлық аудандарында «Серпін» күндері өткізіледі. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын табатын болады, – дейді Шыңғысхан Нұрланұлы.

Орталық басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айында жоспарға сәйкес «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы аясында «Талаптан жас түлек-2018» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған онлайн тәсілде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Және осы айда қабылдаушы облыстың өкілдерімен Жамбыл өңірінің аудандарында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» жобасы аясында «Серпін» күндерін ұйымдастыру жоспарланған. Алдағы жұмыс жоспарларымен бөліскен орталық басшысы бағдарлама бойынша білім алып жатқан жастармен берік байланыс орнатылғанын айтып өтті. Осы орайда, біз де осы студенттермен хат-хабар алмасып, жай-күйлерімен танысқан едік.

Мысалы, Талас ауданы, Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің түлегі Жазира Жаңбырова бүгінде өзге жерлестерімен бірге Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте білім алып жатыр.

– Алғашқы оқу жылында қалаға үйренісе алмай қиналдым. Бұрын аяқ баспаған өлке, жаңа орта әрі қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мүлдем басқаша деуге де болады. Тұрғындар бір-біріне тым салқын. Әрі орыс тілі көбірек үстемдік құрған. Бірақ, уақыт өте келе үйренісе бастадық. Ең бастысы, университет мұғалімдері, достарым үлкен қолдау білдіріп, қамқорлық танытты. Сөйтіп, жаңа ортаға әлсін-әлсін сіңісе түстім. Қазір осы қалада ес білгеннен тұрып келе жатқан секілдімін. Бір жағынан, осында келгелі жақын достарымды туған жеріміз Тараз қаласының тәрбиесіне қарай бейімдей алуым тез сіңісіп кетуіме септігін тигізді ғой деп ойлаймын. Мәселен, алғашында қасымда жүрген қазақ тіліне шорқақ достарым қазір ана тілімізді бір кісідей меңгеріп алды. Сол секілді, кейбір достарымның салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды жетік білуіне ықпал еткендеймін. Достарым кейде: «Сен келмегенде көп нәрсені білмей кетеді екенбіз ғой. Оқу бітіргеннен кейін біз жақта қалсаңшы» дейді.
Қазір Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Агрономия» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Ай сайын 21 мың теңге шәкіртақы аламын. Университетте сапалы білім алуымызға барлық жағдай жасалған. Бос уақытымызды да тиімді өткізудеміз. Осы орайда, жастарға дәл осындай мүмкіндік беріп отырған Елбасымызға шексіз алғысымызды білдіргім келеді. Болашақта оқуымды аман-есен тәмамдасам, ел дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді, – дейді Жазира Сәкенқызы.

Ал, Т.Рысқұлов ауданы, Бәйтелі ауылының тумасы Бауыржан Қырғызбай болса, Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде «Төтенше жағдайларда қорғау» мамандығы бойынша білімін шыңдауда.

– Ата-анама алғашында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқығым келетіндігін айтқанда, келісе қоймады. «Өзіміздің қалада да жоғары оқу орындары жетерлік. Көппен бірге солардың біріне түссеңші» деп райымнан қайтарғысы келді. Бірақ, еліміздің жастарға беріп отырған мүмкіндігін қалайда пайдаланғым келіп, ата-анамды да иландыра білдім. Сөйтіп, әйтеуір келісімдерін алып, Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенті атандым. Қазір аталмыш білім ордасының екінші курс студентімін. Ай сайын 17 мың теңге шәкіртақы аламын. Оқуға қажетті киімдеріміз, жатақханадағы орнымыз тегін. Біз секілді еліміздің өзге де аймақтарынан келіп, білім алып жатқан жастар жетерлік. Барлығымыздың алдағы мақсатымыз –қолымыздан келген шаруамен айналысып, тәуелсіз еліміздің кемел келешегі үшін қал-қадірімізше үлесімізді қосу, – дейді Б.Қырғызбай.

Жастардың айтуынша, бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі және барып-қайту темір жол шығындары төленеді. Сондай-ақ, оқу бітірген соң қиналмай жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндігі бар екен. Республикадағы көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпін-2050» жобасына қатысушы қыз-жігіттер оқуды бітіргенге дейін жатын орын мәселесіне бас ауыртпайды. Ал, бағдарлама бойынша колледждерге оқуға түскен жастарға жасалатын жағдай тіпті жақсы екен. Оларға жылына екі рет жол шығындары төленіп, қыстық киімдер алуға қаражат бөлінеді, күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Колледж студенттерінің білім ала жүріп, өндіріс орындарында жұмыс істеп, табыс табуына да мүмкіндіктері бар.

Сөз басында айтып өткеніміздей, бүгінде облысымыздың мыңдаған жасы бағдарламаның шарапатын сезініп жүр. Ендеше, сен де өз мүмкіндігіңді жіберме, жас түлек!

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР