Sport

Сертіне сенімді Стойлов, еңбегі ерен Еркебұлан

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Будапештте Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Станимир Стойлов жаттықтыратын жігіттеріміз қарсыластар қақпасына үш бірдей гол соғып, кәрі құрлықты қайран қалдырды. Соңғы екі жылда жеңіс дегеннің не екенін ұмытқан ойыншыларымыз осылайша үлкен футбол әлемін бір дүр сілкіндірді.

Кездесудің алғашқы минутынан шабуылға лап қойған отандастарымыз айналасы төрт минуттың ішінде екі гол соқты. Венгриялықтар мұндайды күткен жоқ, әрине. Футболшылары да, жанкүйерлері де аң-таң.

Есепті Роман Муртазаев ашты. Бауыржан Исламхан допты бұрыштан әуелете көтерген сәтте барлық қорғаушылардың арасынан жанай өткен теңбіл доп алыс бұрыштағы Муртазаевтың оңай олжасына айналды. Небәрі алтыншы минутта соғылған голдан кейін Венгрия құрамасының ойыншылары сең соққандай есеңгіреп қалды. Міне, осы жағдайды ұтымды пайдаланған жерлестеріміз араға төрт минут салып есепті 0:2-ге жеткізді. Оң қапталдан қарсыластардың айып алаңына қорғаушыларды алдап өтіп енген Еркебұлан Сейдахметов допты қақпаға қиыннан қиыстырып тепті. Бірақ, Венгрия қорғаушысы аяғының ұшымен соққыны кері қайтарғанымен, Бахтияр Зайнутдинов ыңғайына келген аладопты жақын бұрышқа топ еткізді. Бұдан кейін венгриялықтар шабуылдарын үсті-үстіне үдете түсті. Үзіліссіз шабуылдар өз нәтижесін беріп, кездесудің 21-минутында Салаи есеп айырмасын бір голға қысқартты. Десе де, қарсыластарымыздың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 30-минутта қорғаушылар қателігін сәтті пайдаланған Еркебұлан Сейдахметов үшінші голдың авторы атанып, қазақстандық жанкүйерлердің қуанышын еселей түсті. Айта кетейік, қазіргі таңда ресейлік «Уфа» клубында доп теуіп жүрген Еркебұлан «Тараз» футбол мектебінің түлегі. Сондай-ақ, қазақстандық «Месси» атанып кеткен жалынды жастың бұл ұлттық құрама сапындағы дебюттық ойынындағы алғашқы голы. Бұдан бөлек, екінші голды өз еншісіне жазған Бахтияр Зайнутдинов та «Тараз» футбол клубында тәлім алған. Сондай-ақ, Венгрияға қарсы ойында алаңнан табылған Қазақстан футболының жарық жұлдызы Бауыржан Исламхан мен жас талант Елдос Ахметов те өңір өрендері екенін еске салайық. Осылайша, жамбылдық футболшылар бүкіл құраманың ойын өрнегін өзгертіп, шын таланттарын танытуда.

Әрине, сырт алаңда Венгрия құрамасын 1:3 есебімен ұту біздің тақиямызға тар келмейтін. Сол себепті, екінші таймда бапкер отандастарымызға қорғанысқа көп көңіл бөлу туралы тапсырма бергені анық көрінді. Қорғанысты тас қамалға айналдырған жігіттеріміз тайм ортасына дейін қателікке бой алдырған жоқ. Дегенмен, Венгрия құрамасының шабуылшысы Немет 68-минутта алыстан соққы бағыттап, есепті тағы бір голға қысқартты. Бірақ, бұл қарсыластарымызды жеңілістен құтқара алмады.

Бір жағынан бұл кездесу бас бапкер Станимир Стойлов үшін де сынақ болды. Болгариялық маман ұлттық құрама тізгінін 1 наурыз күні қолға алған еді. Оған дейін, «Астана» командасын жаттықтырған білікті бапкер шәкірттерін ел біріншілігінің төрт дүркін чемпионы етіп қана қоймай, Чемпиондар және Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін шығарды. Міне, осындай даңқты бапкермен ұлттық құрамамыз маусымашар ойынын жеңіспен бастап отыр. Кездесуден кейін Стойлов ойынға қатысты өз ойымен бөлісті.

– Мен жеке-жеке баға бергім келмейді. Бүкіл команда бүгін керемет ойнады, ұйымшылдық пен тәртіп көрсетті. Жас ойыншылар – Сейдахмет пен Зайнутдинов жақсы ойнады. Бірақ, бұл бірді-екілі футболшылар емес, күллі команданың еңбегі. Мен алаңнан жас ойыншыларды көргім келеді деп кездейсоқ айта салмадым. Негізгі құрамда шыққандар жоғарғы деңгейлерін көрсетті. Басқа футболшылардың да мүмкіндігін көру үшін екінші таймда ойыншылар ауыстырдым. Ойын соңында шыққан осы футболшылардан көп нәрсе күткен едім. Бірақ, олар ұлттық құрамадағы негізгі орынға ие болу үшін көп еңбектенулері керек екендерін аңғартты. Менің талаптарымды орындай алған ойыншыларға ғана сенім артамын. Мен күресуді, динамиканы жақсы көремін. Барлық футболшылар осы сенім үдесінен шығуы керек, – деді бас бапкер.

Ал, Венгрия құрамасының бас бапкері Жорж Лекенс жігіттерінің әлсіз болғанын мойындады.

–Кейбір ойыншылардың мінез танытып, жақсы ойнағанына қарамастан, мен команданың бүкіл ойынына риза емеспін. Қарсыласқа алғашқы минуттарды беріп қоймау керек еді. Бастапқы 15 минут біз ұйықтадық. Екінші таймда ойыншыларды алмастырудың арқасында қимылымызды шираттық, бірақ мен оған қанағаттанбаймын. Сонымен қатар, біздің біраз үздік ойыншыларымыз жарақат алған. Алайда, бұл ақталу емес. Мен ұтылуды ұнатпаймын, – деді Лекенс.

Иә, жеңілісті мойындай білу де ерлік. Ал ұлттық құрамамыз 2016 жылы 6 маусымда Қытай құрамасынан 1:0 есебімен басым түскеннен кейін жеңістің дәмін татып көрмеген еді. Және 2014 жылы Қырғызстан ұлттық құрамасының қақпасына 7 гол соққаннан кейін ешкімге 3 гол соқпаған болатын. Осы қырынан келгенде бұл жолғы жеңіс — жолы жеңіл Стойловтың ерлігі екені даусыз.

Осы аптада футболшыларымыз Болгария құрамасымен де жолдастық кездесу өткізіп, жеңіліп қалды. Алайда, жанкүйерлердің жерге қарайтын еш себебі жоқ. Олай дейтініміз, жігіттеріміз бірінші голды пенальтиден жіберді. 24-минутта қорғаушымыз Гафуржан Сүйімбаев айып алаңында ойын ережесін бұзып, болгариялық ойыншы Ивелин Попов өз мүмкіндігін оңтайлы пайдаланып кетті. Бірақ, төрешінің бұл он бір метрлік айып добы күмәнді көрінді. Себебі, Сүйімбаев өзі құлап бара жатып, Поповтың аяғын іліп барып жығылды. Мұндай жағдайда «бұл допқа талас барысындағы жағдай» деп көп төрешілер пенальти белгілемейтін. Бірақ, бұл кездесудің бас төрешісі болгариялықтарға бір бүйрегін бұрғандай сезілді.

Десе де, бұған жігіттеріміз мойымай Еркебұлан Сейдахметов пен Еркебұлан Тұңғышбаев шабуыл шебін барынша ширатты. Ал Роман Мұртазаев сәт сайын қарсыластар қақпасын нысанаға алумен болды. Осындай шабуылдардың бірі өз жемісін беріп, ойынның 55-минутында Еркебұлан Тұңғышбаев ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, есепті теңестірді. Тоқсан минут түгесілген тұста болгариялықтармен тең тарқастық деп ойлаған едік. Алайда төреші қосып берген 3 минуттың соңғы секундында айып алаңына әуелете асырылған допқа бірінші жеткен Николай Бодуров Болгария құрамасына жеңіс тойын тойлатты.

Әрине, өкінішті жағдай. Әттең, егер Болгариямен тең түскенімізде бұл Қазақстан футболы туралы көптің ойын өзгертер еді. Алайда, осы биігіміз, жеткен жетістігіміз де аз емес. Осыдан төрт жыл бұрын Венгриядан 3:0 есебімен ойсырай ұтылсақ, енді міне 2:3 есебімен тізе бүктірдік. Сондай-ақ, Болгария құрамасымен де тең дәрежеде ойнай алатынымызды дәлелдедік. Енді тек осы алған бағыттан таймай, ойынымызды кездесу сайын ширата түскеніміз абзал. Мүмкін сол кезде Қазақстанның Англия, Германия, Бразилия, Португалия, Франция сынды құрамаларға лайықты қарсылас атанатын күн де туар.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР