Шаһар тарихы – туындыларында

0 8

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары бұл күнде заман ағымымен қайта жаңғырып, жаңару үстінде. Бұл ретте көне қаланың көркін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, уақыт өткен сайын мұндағы тарихи нысандар тізбегі толығып отыр. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі мен сәулеттік үлгісі қалыптасқан.

Талас өзенінің бо­йында ор­наласқан «Тектұрмас» этнотарихи кешені – облыс орталығындағы жаңа салынған нысанның бірі. Ол этнографиялық туризмді да­мыту мақсатында салынған. Бұл жердегі ұлы Батыс түркі қағандарының бейнесі кешенге терең тарихи мазмұн беріп тұр.  Ал алып тұлғалы Әулиеата ес­керт­кіші аңыздан сыр шертетін символикалық бейне ретінде көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Аталған кешен ға­жайып архитектуралық шешім­дер­­ді сабақтастыруымен де құн­ды.

Талас өзенінің бойын­ жа­ға­лай салын­ған «Көне қа­мал» да келу­шілерге ерекше әсер сыйлай­ды. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев нысанға арнайы барып, онда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. «Көне Тараз» этномәдени кешені мен «Тектұрмас» этнотарихи кеше­нінің жұмыстары 2018 жылы бұрынғы өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен басталған. Ол бірінші кезең болса, біз соны жалғастыра түстік. Мынау екін­ші кезеңі. Әрі қарай үшінші кезең бойынша да жос­парлы жұ­мыстар атқарылатын болады. Жібек жолының тарихы, тарихи шайқастар, өңірімізде туы тігілген Қазақ хандығы, Тәуел­сіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар сияқты құндылықтарды біз осы кешен арқылы қонақтарға таныта түспекпіз. Халықтың жаяу аралауы үшін жағдай жасалады. Ең бастысы, әрине, бо­ла­шақ ұрпаққа тарихымызды жет­кізуіміз керек. Осы кешен сол мақсатқа қызмет етеді», деді Б.Сапарбаев.

Жалпы, «Тектұрмас» этнотарихи кешені мен «Көне Тараз» нысанындағы жағалаудың ұзын­дығы 1423 метрді құраса, қоршап тұратын қорғанның ұзындығы – 220 метр. Нысанға кірген кездегі оң жақ қабырғасы жасанды тас­тармен көмкеріліп, ол жерлерге көне түркі жазулары жазылып, петроглифтер салынған. Нысанның кіреберісінен жағалаудың соңы­на дейін сан түрлі түстегі са­ма­ла­дай жарқырайтын шамдар­мен көмкерілген 86 аралық ағаш бас­палдақ орналасқан. «Біз­дің негізгі мақсатымыз – Тараз қаласының тарихи мүмкін­дік­терін пайдалана отырып, туризмді дамыту. Ол үшін Әулие­ата же­ріндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, біріншіден, өз жерлестерімізге, екіншіден, өзге өңірлерден ке­летін қонақтарға танытуымыз керек.

Сондай-ақ биыл Тәуел­сіздік­тің 30 жылдық мерейтойы­на орай біздің өңірімізде де көп­­те­ген жобалар жүзеге асуда. Мәсе­лен, біз былтырдан бас­тап, өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасын жүзеге асырып келеміз. Ондағы мақсат – елді мекендерде тұратын жастар­дан бастап, ақсақалға дейін ұл­ты­на қарамастан біріктіріп, сол ауыл­дардағы аз қамтылған көп­балалы отбасыларға асарлатып үй салып беру. Өткен жылы біз 99 үй салдық. Ал биыл кем дегенде 170-180 үйге жеткізсек дейміз», деді Б.Сапарбаев.

Өңір басшысы «Жомарт түлек» жобасының маңыздылығын да атап өтті. Бұл жоба өңірден шық­қан табысты, танымал түлек­терді біріктіру арқылы туған өлке­лерін көркейтуге, әлеуметтік мә­се­­лелерін шешуге үлес қосуға шақыра отырып, олардың өмір жол­дарын өскелең жастарға өнеге ретінде таныту мақсатында қолға алынған.

«Азаттықтың 30 жылдығына орай қолға алынған маңызды жобамыздың бірі – «Таразға тарту» жобасы. Облыс орталығын туризм орталығына айналдыру керек. Сол үшін көне шаһарды жан-жақты дамытуымыз керек.  Сондықтан да «Таразға тарту» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды тарта отырып, аудандар мен басқармаларды және барша жерлестерді жұмыл­дырып, саябақтар мен скверлерді, көшелерді жөндеуден өткізіп, көркейту болып отыр», деді
Б.Сапарбаев.

Бұған қоса, облыс әкімі Ел­басы тапсырмасына сәйкес са­лын­ған «Қазақ халқына мың ал­ғыс!», «Біз біргеміз!» мону­мент­­терінің мазмұны мен тағы­лымына тоқталып, «Төрткүл» кер­уен сарайын да жандандыру керектігін жеткізді.

 

Жамбыл облысы

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.