Жамбыл жаңалықтары

Шаһарда құрылыс жұмыстары қарқынды

Written by Aray2005

Соңғы жылдары елімізде жұмыссыздық деңгейі 13 пайыздан 4,9 пайызға төмендеген. Бұл – жұмыссыздықпен күреске мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, мәселені шешуге дендеп кіріскеннің нәтижесі.

Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы Тараз қаласына 389 жобаны қаржыландыруға 16 млрд 965,8 млн теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде қаладағы еңбек нарығына да сұраныс артып, 405 тұрақты және 5 666 уақытша жұмыс орнымен қамтылмақ. Қазір осы мақсатта 389 жоба мақұлданып, қалада жұмыс басталып кетті.

Екі қолға бір күрек іздеген азаматтарға адалдан нан табуға мүмкіндік туды.  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласы бойынша жоспарланған 389 жобаның конкурсы өткізіліп, 14 млрд 231,2 млн теңгеге 347 жобаның жеңімпаздары анықталған, оның ішінде облыстық басқармалардан өтетін нысандар – 23 жоба, 4 742,8 млн теңге, ал қала арқылы өтетін нысандар – 324 жоба, 9 млрд 488,4 млн теңге. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы қаладағы бірқатар мәселені шешеді. Қазір қаладағы 163 көпқабатты үйдің алдындағы аулаларды, 96 көше мен 4 көшенің жолдары мен тротуарлары жөндеу жүргізіп жатырмыз. Жол салу, саябақтарды абаттандыру сияқты жұмыстардың барлығы осы бағдарлама арқылы бөлінген қаражатпен жасалуда. Биыл біз қаржы көзін тауып, қаладағы мектептердің сыртта орналасқан дәретханаларын ішке орнатуды жоспарлаған едік. Енді жол картасы бойынша 7 мектептің ішіне дәретхана салуға қаржы бөлініп, оның да жұмыстары басталды. Сондай-ақ қалада 6 бірдей білім нысанында құрылыс жұмыстары бір мезетте басталды. Транспорттық инфрақұрылым бойынша  жалпы 92,5 шақырымды құрайтын 100 көшені орташа жөндеуге  3 млрд 334,3 млн теңге бөлінсе, қала көшелерінің шұңқырларын қалыпқа келтіру жұмыстарына қала бюджетінен 200,0 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа алқапта ішкі кварталдық автомобиль жолдарының құрылысы мен «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу жұмыстары ағымды жылы жалғасын табатын болады.

Сонымен қатар биылғы жылы қала көшелерінің сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 50,0 млн теңге қаржы қарастырылды. Алматы қаласының «Altocom Asia» ЖШС-нің ұсынысы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Ақылды көше жарығы» жобасы аясында Тараз қаласының сыртқы жарықтандыру желілерін қайта жаңғыртуға үш жақты келісімшарт жасалған. Алайда коронавирус (COVID-19) пандемиясына салдарынан Алматы қаласынан тауарларды жеткізуге шектеу қойылып, мүмкіндік болмағандықтан, жоба бойынша жұмыстар басталмады. Жоба негізінде қаланың 158 көшесіне сыртқы жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады және қала бойынша 14131 дана шамшырақ ауыстырылатын болады. Тараз қаласы көшелерінің бойындағы бағаналардан ескі жарық шамдары жинақталып, жинақталған жарық шамдарының жарамдыларын кәдеге жаратылуға жіберіледі. Бұдан өзге, Сүлейменов көшесінің соңындағы 6 тұрғын үйдің құрылысы, 6 тұрғын үйдің инженерлік желілері, осы алқаптағы жеке тұрғын үйлерді электрмен қамтамасыз ету, «Даңқ» аллеясын абаттандыру, «Әуежай» аумағындағы дренаж желісін жөндеу, аула алаңдарын абаттандыру, Қонаев және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы скверін абаттандыру және жалпы ұзындығы 41,1 шақырымды құрайтын 35 көшені орташа жөндеу,  Тараз қаласындағы құбыр өткелдерін және лотокты арық жүйелерін қалпына келтіру, жалпы 55 нысанның жұмыстары басталған. Осы басталған жұмыстарда жалпы 625 жұмыс орны ашылып, оның ішінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы жалпы 264 адам жолданды. Алдағы уақытта «Тектұрмас» мәдени-тарихи кешенінің құрылысын жалғастыру және «Әулиеата» ескерткішінің аумағын абаттандыру, магистралдық-коммуникациялар желісі және  Оқушылар сарайы құрылысын жүргізілетін болады. Дәл қазір «Тектұрмас» этнотарихи кешенін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі басталып кетті. Жоспар бойынша  ескі бекініс жөнделіп, кешен шекарасы кірпіштермен қаланған қабырғамен қоршалады. Ондағы бақылау алаңдары мен қамал аллеямен жалғасып,  облыстың тарихи нысандары мен жәдігерлердің макеттері орналасады. Бекініс пен бақылау алаңдарының арасында ұзындығы 15-20 метр болатын панорамалық панель  жобаға енген. Мұнда  ел  тәуелсіздігі тарихындағы маңызды оқиға – Атлах пен  Аңырақай шайқастары туралы құнды дүниелер көрініс табады.  Бұдан бөлек, жағалау, тоған және жасанды сарқырама салу да көзделіп отыр. Тағы бір үлкен жоба – «Қарасу» алқабында «Денсаулық» саябағы бой көтереді. Саябақта бірнеше спорт алаңдары, велосипед жолағы және workout алаңшалары ашылады деп күтілуде.

Таразда бой көтеретін «Анаға тағзым» ерекше ғимараты да  қаланың көрікті жерлерінің біріне айналмақ. Қазіргі таңда аналардың құрметіне арналған ескерткіштің макеті әзірленуде. Сондай-ақ  мұндағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш маңында этноауыл пайда болмақ. Жақын арада «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аллеясының құрылыс жұмыстары аяқ­талады деп күтілуде. Бірегей сәндік элементтері мен жарықтармен безендірілген аллея серуендеушілерге керемет көңіл-күй сыйлайтыны  сөзсіз.

Тараз қаласының әкімдігі

ПІКІР