"Кәсіпкерлік"

Шағын және орта бизнес – экономиканың қозғаушы күші

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін атап көрсетті. Жалпы, өндірістің шикізат емес секторына қаржылай қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылған бұл бағдарлама аз уақыт ішінде-ақ өз тиімділігін айқындап берді. Себебі, маңызды бір бөлігі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік ресурстар аталған бағдарламаның арқасында қаржыландырылып, тірлігі алға басты. Келешегі кемел кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субъектілерінің саны көбейді. Бұған облыста тіркеуге алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 7 пайызға көбеюі дәлел бола алады. Аталған бағдарлама арқасында шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсету, әкімшілік кедергілерді төмендету, тауарлар сатып алу мен қызметтер көрсетуде қазақстандық мазмұнды ұлғайту үшін қажетті жағдайлардың жасалуына қол жеткіздік.

Бүгінде өңір бойынша заңды тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 79 943 болғанымен, нақты жұмыс істеп тұрғаны – 62 828. Десе де, алдағы уақытта әлі де талай кәсіпорындардың қатарға қосылуына осы бағдарлама арқау болатыны анық. Тағы бір айта кетер жайт, бағдарлама экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қамтамасыз етумен қатар, жаңадан жұмыс орындарының ашылуына да өз септігін тигізді. Соның арқасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 115 665 мың адамға жетіп отыр.
Негізінен, бұл бағдарлама Елбасының 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру барысында пайда болды. Баянды бағдарламаның жүзеге аса бастаған уақытынан бері барлық қаржы құралдары арқылы жалпы құны 98,2 миллиард теңгені құрайтын 1 302 жоба жүзеге асырылды. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша келісімге қол қойылған жобалар санына қарай өңіріміз республикалық рейтингте 7-орынды иеленді. Ауылдық жерлерде қаржыландырылған жобалар бойынша облысымыз 2-орынды еншіледі. Ал облыс орталықтарында жүзеге асырылып отырған жобалар бойынша 10-орынға тұрақтадық. Келісімге қол қойылған (315 жоба) кепілдік саны бойынша 6-орында тұрмыз. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір ілгері көрсеткіш.
Бағдарлама аясында субсидияланған жобалардың сала бойынша құрылымдық үлесі негізінен «Өңдеу өнеркәсібі», «Көлік және қоймалар», «Әлеуметтік саладағы қызмет түрлерін ұсыну», «Агроөнеркәсіп кешеніне» тиесілі болып отыр. «Өндірістік (инженерлік) инфрақұрылымды дамыту» құралы бойынша, жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайтын 92 жоба мақұлданды. Оның ішінде биыл мақұлданғаны құны 492,4 миллион теңгеге шақталған 8 жоба. Сонымен қатар 57 кәсіпкердің жобаларына 160 миллион теңге гранттық қаржы берілді. Бағдарлама бойынша ағымдағы жылға 2 миллиард 205,8 миллион теңге қарастырылды. Несиенің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға республикалық бюджеттен қарастырылған қаражат жеткіліксіз болғандықтан, жергілікті бюджет есебінен қосымша 488 миллион теңге бөлініп, жалпы 1 миллиард 635,8 миллион теңге тек өткен жылдың міндеттемелерін орындауға жұмсалды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың қараша айында республикалық бюджеттен қосымша 200 миллион теңге бөлініп, соның арқасында жаңа жобалар субсидияланды.
Мемлекет басшысы жаңа Жолдауда осы бағдарлама аясында жыл сайын қосымша 30 миллиард теңге қаржы бөлінетінін атап көрсеткен еді.
Осыған орай, келесі жылға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу көзделуде. Нақты айтқанда, несиенің пайыздық ставкасының бір бөлігін субсидиялауға қаржы екі есе артпақ. Ол үшін барлығы 2,5 миллиард теңге бөлінетін болады. Ал, несиені кепілдендіруге жоспарланған 126 миллион теңгенің орнына жалпы 392,2 миллион теңге жұмсау жоспарлануда.
Бөлінген қаржы есебінен 150-200 жоба несиесінің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, 150 жобаның несиесін кепілдендіру жоспарда. Соның нәтижесінде тұрақты 1,5-2 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оны іске асыру тетіктері, яғни, субсидиялау және кепілдендіруге жобаларды қарау, шешімді қабылдау жұмыстары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы жүргізіле береді.
Облысымызда бағдарламаға қатысуға екінші деңгейдегі 17 банк және 5 лизинг компанияның құқығы бар. Десе де, кәсіпкерлерге кредиттік қолдау көрсеткен банктер көшін 266 жобаны қаржыландырған «Қазақстан Халық Банкі» бастап келеді. «ЦентрКредитБанк» 119 жобамен екінші орында тұрса, үштікті «АТФ банк» 83, «Сбербанк» 78 жобамен түйіндеді. Ал кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде «Еуразиалық Банк» 32, «Нұрбанк» 25, «Банк ВТБ» 24 жобаны ғана қаржыландырды.
Кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдің барлық аудандарында және Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істеуге көшірді. Соның арқасында биылғы 10 айдың ішінде аталған орталықтарда 3 993 кәсіпкерге 14 888 кеңес берілді. Сонымен қатар 615 жоба бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, 550 жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша 906 адам оқыту курсынан өтті. «Бизнес Өсу» жобасы бойынша 120, тәлімгерлік қағидаларын қолдану аясында 65 адам оқытылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» тарапынан мемлекеттік бағдарламалардың 700 әлеуетті қатысушысына кеңес берілсе, 16 адам Назарбаев университетінде бизнес бағытында білімін жетілдірді.
Қазіргі таңда «Тараз» ӘКК» акционерлік қоғамы тарапынан индустриалды аймақтарды құру бойынша тұжырымдама әзірленуде. Онда индустриалды аймақтың инфрақұрылымына арналған жер телімін бөлу, өндірістік инфрақұрылымның құрылысы, индустриалдық аймаққа инвестициялық жобаларды енгізу және қызметін жүзеге асыру мәселелері қамтылады.
Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама іске асырылған уақыттан бері банктік ортаның қаржы көздері нақты экономиканы несиелеуге қарай бағытталды. Соның арқасында өндірістерде жаңа әрі мүмкіндігі жоғары технологиялар қолданысқа енді. Шағын және орта бизнес аяққа тұрып, болашаққа батыл қадам басып келеді. Ендігі кезекте, 2025 жылға дейін жалғасатын бағдарлама облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік оң септігін тигізе береді деп сенеміз.

Арнұр МҰХАМЕДЖАНОВ,
облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы

ПІКІР