Шәкен ниязбеков ауылы Татулықты ту етіп, берекелі істерге ұйытқы болуда

0 4

Облыс орталығына жақын, іргелі де берекелі Жамбыл ауданының қай ауылдық округін алып қарасаңыз да әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінің қалыпты екені байқалады. Ауылдарда әлемдік пандемияға қарамастан халықтың әлеуетін арттыру, тұрмысын жақсарту, ауылды көркейту сынды толағай жұмыстар тоқтаған емес. Әсіресе 300-ге жуық түтіні бар Шәкен Ниязбеков атындағы елді мекен (бұрынғы Бесжылдық ауылы) ауызбірлігі, еңбексүйгіштігі жағынан кісі қызығарлықтай көпке үлгі ауыл.

 

Қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков дүниеге келіп, білім алған бұл елді мекенде бүгінде мың жарымға жуық адам тұрады. Шәкен Ниязбеков тұңғыш «Волга» жеңіл көлігін құрастырған бас инженердің бірі, теледидарды қашықтықтан басқаратын құрылғы– пультті ойлап тапқан қазақ. Оның баспасөз беттеріне берген бір сұхбатында өзі жасаған тудың бейнесі жайлы: «Күн бар, Көк Тәңіріміз бар. Бірақ Қазақстанымыз да керек дедім. Содан баяғыда Марко Полоның кітабында жазылған пікірі есіме түсті. Онда «Қай қазақтың үйіне кірсем де әрқайсысы бір-бір қыран ұстап отырады екен», делінген. Қыран бізге жақын болғанымен, Қазақстан биік аспанға көтеріліп, әлеммен елміз деп санасты. Көп жасайтын, биік ұшатын қыранды бейнелеген себебім – сол. Қазақтың қыран ұстап өскені емес, қазақтың символы ретінде, мемлекеттің символы ретінде бердім», дейді. Қазақстанның өнер қайраткері Шәкен Ниязбековтың жерлестері, Кеңес дәуірінен қалған Бесжылдық атауын Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбековтың атына ауыстыру туралы бірнеше рет өтініш беріп, бұл мәселе ағымдағы жылдың 25 наурызында ономастикалық комиссия отырысында мақұлданып, ауыл атауын өзгертуге шешім шығарды.

Сол қаулының қабылдан­ғанына екі ай өткенде аталмыш ауылдың Әзімбек Ысмайылұлы атындағы орта мектептен 20 жыл бұрын түлеп ұшқан 1984 жылы дүниеге келген шәкірттері ыстық ұясына оралып, «Туған жерге туыңды тік!» жобасын жалғастырды. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлестерін қосу мақсатында ауылдың атауы жазылған кіреберіс қақпа орнатып, ауылдықтардың ризашылығын алды. Игі баста­маға ұйытқы болған жастар өздерінің бүгінгі жеткен жетістіктері– мектептен алған білімі мен тәрбиенің арқасы деп біледі. Білім ұясынан түлеп ұшқан азаматтар жыл сайын өнегелі іс жасап, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді.

– Біз ауданы­мыз­дан елге белгілі азаматтың шыққанын мақтан тұтамыз. Ауылымыз ол кісінің есімін иеленіп, үлкен жолдың бойынан тұғыры биік көк байрағымыз тұрғызылғанда біз қарап жата алмадық. Ауыл әкімі Бақыт Садырбаевқа және ауыл ақсақалдарына ойымызды айтып едік, ол кісілер бірден қолдау білдірді. Сөйтіп, бірге оқыған 11 жігіт ортадан қаржы шығарып, осы істі бастап кеттік,– дейді түлектердің бірі Данияр Әлежанов.

Темірмен өрнектеліп, арканың төбесіне тудағы күн мен қыран құс бейнеленіп, оның төменгі жағына Шәкен Ниязбековтың есімін ойып жазған арканы тұрғызуға түлектер 1,5 миллион теңге жұмсапты. Темір дәнекерлеуші де өздерінің арасынан табылған. Арканы Асанхан Төлембаев жұмысына ақы алмастан, достарымен бірлесе қиюластырып, құрастырып шыққан. Ауылдың кіреберісіне қойылған арка сонадайдан менмұндалап, бұл ауылда қандай азаматтың дүниеге келгенін әлемге паш етіп тұрғандай.

Билікке ауыз ашпай, ізгілікті іске ұйытқы болған түлектердің бұл қажырлы істері көпке үлгі болғандай.

Бірлігі жарасқан берекелі ауылдағы игілікті іс мұнымен бітпейді.

Жуырда ауылдың шығаберісіне (Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолының маңы) еліміздің көк байрағы желбіреген саябақ ел игілігіне берілген болатын. Кешқұрым саябақтың әр тұсынан жарықшамдар жанып, ауыл көркін алыстан менмұндалатып тұр. Саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысып, мемлекетіміздің айшықты нышандарының бірі саналатын байрақ Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына тарту екенін жеткізді.

 

Айжан Өзбекова

Жамбыл ауданы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.