Шәкірттерінің сүйіктісі, отбасымыздың ұйытқысы

0 9

Данияр Омарбеков,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің майоры:

– Менің анамның аты-жөні Исматова Сейсекүл Молдабекқызы. 1950 жылы туған. Руы – Шымыр атамыздан тарайтын Жаңабай. Перзенттің бәріне өз анасы сұлу көрінеді ғой. Бірақ менің анам кескін-келбеті көркем мінезбен үйлескен ерекше адам. Анамды көрген таныс, достарым «мамаң көрікті кісі екен» деп жиі айтып жатады. Сөйлесіп, дастархандас болғандары «Мамаң мәдениетті, жөн-жоралғыны білетін кісі екен» деп тағы да мақтайды.
Біреу маған «Анаңның түр-сипатын сипаттап берші» десе, жазушы болмасам да «Толқын шашты, шүңірек көз, қыр мұрынды, қыран қабақты», деп сипаттайтын едім. Анамның анасы, яғни нағашы әжем әзербайжанның қызы. Діні бір әзербайжан халқымен Каспий теңізі арқылы шектесеміз ғой. Картадан көргенімдей теңізі мен тауы бар ел. Анамның да туған жері – Жуалы ауданы. Алатаудың етегі, Терістің жағасы. Болмысындағы таудай тәкаппарлық та, Терістей телегейліктің де болуы содан шығар.
Осы уақытта жазғы демалыста әулетімізбен Алакөлге баруды әдетке айналдырып жүрміз. Бірде сол саяхаттан келе жатып таудың етегіне тыныстағанымызда бұлт тіреген биік шыңдарды тамашалап, анамның көзінің оттай жанғанын көріп таңырқағаным бар.
Анам тоғыз ағайынды. Ата-анасының тұлабойы тұңғышы болған соң үлкен қызын Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқытыпты. Дипломын алған соң елге келіп, әкемізбен отасқан. Әке-шешемізден өсіп-өнген перзент төртеуміз. Алдымда үш әпкем, сүт кенжесі менмін. 1998 жылы ТарМУ-ды қызыл дипломға бітіргелі тұрған Манзура әпкем жол апатынан көз жұмды. Анама айнымай тартқан қыз еді, амал не? Бұл қаза отбасымызға, әсіресе анама өте қатты батты. Көзінің қарашығындай қаршадай қызынан айрылу оңай ма? Жазмыш солай шығар, Құдай қалған перзенттерінің амандығын берсін!
Үлкен әпкем Алматыда, екінші әпкем Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Екеуі де үйлі-баранды. Қазақ кіші баласын «ұябасар» дейді ғой. Біз осы Таразда ата-анамызбен бірге тұрамыз. Қызметім де осында.
Сотқар бала болып өспесем керек, анамның мені қатты ұрып-соққаны есімде жоқ. Тек қана бөлелерім келіп, солармен ілесіп көрші үйдің асыранды кептерлерін «рогаткамен» атып, жазатайым жазаланғаным болмаса. Ол жерде де бұзықтықтың бастаушысы емес, «Ешкіге ерген қойға тас тиеді» дегендей, жұмсартып айтсам жәбірленушімін ғой.
Анама түр-әлпетім ұқсайды, мінезім де. Мінсіз адам жоқ шығар, бірақ анам өте әділетті. Айтар сөзін әбден пісіріп, ойланып барып сөйлейді. Шешім шығарарда да асықпайды. Ашуланса да, мейірленсе де шектен шықпай, бәрін орнымен қолданады. Адам болған соң кей шаруаларда менің де шытынайтын кездерім болады. Бірақ анамдыкі басым болып бара жатқан соң, амал жоқ, қоя саламыз. Ескерту жасайтын болса, біреуді мысал етіп, оны алыстан меңзеп, астарлап жеткізеді. Бірақ «сен сондайсың» деп тіке баттитып, жігерімді жасқап, көңіліме тиетіндей тіке айтқан емес. Жалпы ата-анам жұдырықтың астына алып, қатаң талаптар қойып, қатты қадағалаған емес. Солардың бойындағы бекзат болмысты көріп, солай бой түзедім-ау деп ойлаймын. Сүткенжесі болған соң ба, білмеймін, үш әпкемді ес тұтып, анамның тұнық мейіріміне қанып өстім. Бірақ жалғыз баласы болсам да жаратылысымнан өбектеп, еркелете бергенді ұнатпайтынмын. Кейде ұйықтап жатқанымда анам мейірлене бетімнен иіскеп, сүйетін.
Мамандық таңдар кезде аздап тартыстар болды. Мен о бастан құқық саласында қызмет етуді аңсайтынмын. Өзімді бала кезден жәбірленушілерді қорғаушы ретінде елестететінмін де. Кейін еліміз батыстағы мұнайды игеріп жатқанда үлкендер жағынан «Мұнайшы болсаң қайтеді?» дегендей ұсыныс-тілектер көбейді де, сол сала бойынша диплом алдым. Алғашында «Амангелді газға» жұмысқа орналасып, сосын полицияда да еңбек етіп, тәжірибе жинаудың да сәті келді. Кейін мұнайлы өлке Атырауда да болдым. Біраз жылдан бері Таразда қазіргі қызметімдемін.
Анам жоғары оқу орнының ұстазы болғандықтан студент қыздар маңайында көп жүреді. Бірде сабақ жөніндегі тапсырмасын пысықтауға, бірде анама іс-қағаздар бойынша ақыл-кеңес сұрап келген қыздар үй шаруасына да көмектесетінді шығарды. Әр апта сайын әдемі қыздар үйде жүреді. Аңғалдық па, адалдық па олардың біріне де көз тоқтатып қараған емеспін. Бір күні менімен оңашада қалғанда анам: «Бізде оқитын қыз бар, өзі сондай сүйкімді, сүйегі таза қыз. Тәртібі дұрыс, тәрбиелі қыз. Өзімнің Манзурама ұқсатамын. Сонымен сөйлессем жаным жай тауып, соған көңілім ауып тұрады. Көрші, сөйлесші!» деп маған қолқа салды. Ол уақытта сөйлесіп жүрген қызым болатын. Бірақ Алматыда оқитын студент. Анам мақтауын жеткізген соң ба, қайдам, ол қыз маған да ұнады. Сол қызбен 7-8 айдай сөйлесіп, танысып, біліскен соң бас қостық. Балаға қашанда ана сыншы ғой, талғамын да, ішкі қалауын да дөп басатын болуы керек. Анам таңдап берген жарыма үйленгенімді тағдырым деп қабылдадым. Жарымның аты–Алтынай. «Келін-ененің топырағынан жаралады» деген бар ғой, жарымның мінез, іс-әрекеттерінен анама көп ұқсастықты көремін.
Мінезім тік. Кімге болса да жарамсақтанып, жағынып сөйлеу деген менде жоқ. Үй болған соң өзіндік ішкі-сыртқы саясаты бар дегендей, кей кезде бір шаруаларға келісе алмай жұмсақ қана ренжісетін де сәттеріміз болады. Оны несіне жасырайын. Тура сөз – ең жақсы сөз ғой. Кейде мені әлі бала көре ме, әйтеуір менің ыңғайыма келмейтін істер үшін «не былай істемейсің» дегендей ренжісіп қалатын да кездеріміз болады. Ондай кезде біраз уақыт сөйлемей қалады. Мен «Мама, былай еді» деп түсіндірсем, «Қойшы!» деп, өкпесін зілсіз сездіреді кей кезде. Бөлмесіне барып, ол кісі ойланады, оңаша қалып, мен ойға батамын. «Қап, неге бұлай еттім, басқаша жеткізуім керек еді», деп мен ойланамын. Ренжіспейміз, сәл-пәл ғана келіспей қаламыз. Мұндай сәттер енді қайталанбас үшін қатты ойланамын. Мінезім тұйықтау болған соң кейбіреулер секілді қатты елжірей де алмаймын. Тура бір термос секілді ішімдегі ыстықты да суықты да сыртқа шығара алмай қиналамын да. Сол үшін көп қателік жібермеуге тырысамын. Өйткені ренжіткен адамның көңілін аулап, кешірім сұрау дегенге онша жоқпын.
Әкем мен анамның құрған шаңырағындай менде де әзірге 3 қыз, бір ұлым бар. Тұңғышымнан анама ұқсайтын көп қасиет байқалатындай.
Анама жиі сыйлық жасаймын. Есімде, ертеректе алғашқы айлықтарымның бірінен «Индезит» деген тоңазытқыш әпергенмін. Қатты қуанды. Әлі күнге дейін айтады. Қанша дегенмен баласының еңбекақысына алғаш алған сыйлығы ыстық болса керек. Ендігі уақытта сыйлық жағын келіншегім ұйымдастырады. Себебі, екеуі қатты сырласады. Көңіліне не жақын екенін сол біледі.
Жерүйде тұрғандықтан, есік алдында ауламыз бар. Көктем шыға салысымен анам гүл егу қамына кіріседі. Сол гүлдердің байыпты баппен, тамаша талғаммен егілгенін көрсеңіз, шіркін! Есігіміздің алды жайқалған гүлдермен тура анамның жан-дүниесіндей жайнап тұрады. Бұл анамның көп қасиетінің бірі ғана. Анамның сүйікті ісі – кітап оқу. Уақыт өткізу үшін жасалатын әуесқойлық емес, кәсіби оқу. Шу бойының бұрынғы өткен ақындарының шығармаларын зерттеп, әдеби айналымға қосқан адам. Мысалы, Сауытбек ақынның шығармаларын ел аузынан, архивтерден тауып, кітап етіп шығарды. Қанша ғылыми конференциялар, әдеби кештер, ақындарды еске алу жиындары мен кездесулер ұйымдастырады.
Ертеректе мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған анам кейінгі уақыттың бәрінде ЖОО-да жас әдебиетішілер дайындаумен өткізді. Шәкірттері тіпті көп. Ғылымдағы ұстаз бен шәкірт арасы тіпті жақын болады ма деймін. Іздеп келіп болмаса бұл кісі іздеп барып жататын ақын, жазушы шәкірттері жетерлік. Арқа-жарқа ажарлы дастархан дайындап, домбырамен ән шырқалып, өлең оқылып жатса рахаттанып отырады.
Анам барлық тамақты тәтті дайындайды. Әсіресе манты мен сорпаны ерекше пісіреді.
Алла қаласа биыл анам 70 жасқа толады. 50 жылдай еңбек еткен ұстаз әрі әдебиетші, ғалым. Қазақстанның әдебиетіне үлкен еңбек қосқан әдебиетші болса да, отбасымызда қарапайым ғана ана. Шәкірттерінің сүйіктісі, отбасымыздың ұйытқысы болған анам жайлы қысқаша ой толғамым осы болды. Сәтін салса тағы да бір ұзағынан толғап жазармын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.