Жамбыл жаңалықтары

Шалғай ауданда шешілмеген мәселелер шаш етектен

Газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, облыс әкімі Асқар Мырзахметов Мойынқұм ауданында жұмыс сапарымен болып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды аралап шыққан өңір басшысы орын алған олқылықтар мен түйіні тарқамаған түйткілдерді қатаң сынға алып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Балқаштан балық түгілі, бақа бұйырмай тұр

Асқар Исабекұлы әуелі ат басын Мыңарал ауылдық округінде орналасқан «Мыңарал балық» зауытына бұрды. «Мыңарал компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі өндіріс орны 2014 жылы қайта жаңғыртудан өтіп, іске қосылған болатын. Жылына 1 200 тонна балық өңдеуге қауқарлы кәсіпорынның қазір өнімдері ел нарығынан бөлек, Ресей, Нидерланды, Германия және Белоруссия мемлекеттеріне шығарылуда. Десе де, зауыт бүгінде небәрі 10 пайыздық қана жүктемемен жұмыс істеп келеді. Оған себеп, балық аулауға берілген учаскелердің аздығы мен тарлығы. Серіктестік директоры Сергей Нидің айтуынша, бұл ең күрделі мәселе болып тұр екен.

– Дәл қазір 250 адамды жұмыспен қамти алатын өндіріс орнында бар-жоғы 50-ақ адам еңбек етуде. Оған себеп, шикізаттың аздығы. Көлде балық аулауға 70 учаске бөлінсе, соның 18-і облысымызға тиесілі. Алайда, біз соның тек екеуін ғана пайдалана алып отырмыз. Қосымша учаске алайын десек, телімдер жекеменшікке өтіп кеткен. Бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға бірнеше жыл болды, бірақ шешімін таппауда, – дейді балық зауытының директоры.

Мәселенің мәнісіне қаныққан өңір басшысы облысқа тиесілі балық аулау учаскелерінің қожайындарына тексеріс жұмыстарын жүргізіп, су айдынын мақсатсыз пайдаланып отырғандарды тәртіпке шақыруды тапсырды. Егер заң бұзушылықтарға жол берілсе, телімдерді қолынан іс келетін азаматтарға беруді жауаптыларға жүктеді.

Тасымал реттелсе,
тірлік те тіктеледі

Бұдан кейін аталған ауылдық округте орналасқан «Мыңарал тас компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цемент зауытында болған облыс әкімі А.Мырзахметов тағы бір түйіні тарқамаған түйткілдің куәсі болды. Жобалық құны 34,9 миллиард теңгені құраған кәсіпорынның қазіргі қуаттылығы жылына 1,2 миллион тонна өнім шығаруға жеткенімен, өндіріс ошағын одан әрі өркендетуге кедергілер кезігуде.

– Зауыт өніміне сұраныс жыл санап артып келеді. Цементімізді ел нарығынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерге де экспорттап жатырмыз. Аталған елдерде өнімге деген сұраныс артуына байланысты, өндіріс көлемін биыл 20 пайызға көбейтуді көздеп отырмыз. Алайда, өнімді тасымалдауға келгенде қиындықтар туындауда. Нақтырақ айтсақ, тауар тасымалын оңтайландыру үшін 20,9 миллион теңгеге 13,5 шақырым қосымша шойын жол төсегенімізбен, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы тарапынан берілетін вагондар саны жеткіліксіз болып тұр. Егер осы мәселені шешуге қол ұшын берсеңіз, экспорт көлемін арттырар едік, – деді «Мыңарал тас компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұртаза Бұлұтай.

Асқар Исабекұлы бұл мәселеге барынша көңіл бөліп, «Мыңарал цемент зауыты», «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ – «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бірлесе келісімге келу жағын қарастыратындығын айтты.
Бұдан кейін аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында болды.

Ағын су төңірегіндегі айқай

Іссапар барысында облыс әкімі Мойынқұм – Комсомол автожолы бойында орналасқан апатты жағдайда тұрған Радай көпірінің жайымен танысуды да назардан тыс қалдырған жоқ. Отыз жылдан бері жаңарту көрмеген көпір қазір өзеннің арғы бетінде орналасқан 25 шаруашылықтың тауарларын аудан орталығына тасуға айтарлықтай қиындық тудырып тұр. Осыған байланысты, көпір құрылысына өткен жылы 925,7 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Алайда, оның жобалық құны көп болуына байланысты қаржысы қысқартылып, 503,8 миллион теңгеге құжаттар қайта жасалған. Десе де, көпірді көзімен көрген Асқар Исабекұлы құрылысқа қажетті қаржы әлі де көп екенін айтып, жобалау жұмыстарын тағы зерделеуді тапсырды.

Мойынқұм ауданында ағын су мәселесіне қатысты күрмеуі қиын түйткілдің тағы бірі – «КазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының меншігіндегі Фурманов гидроқондырғысы мен Радай су реттегіш нысанының жайы. Су өткізу қуаты секундына 355 текше метр болатын Фурманов гидроқондырғысы бүгінгі күні құралдарының тозығы жетуіне байланысты күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал, Шу өзенінің төменгі жағында орналасқан елді мекендер мен оларға тиесілі жайылымдық жерлерді су басудан сақтау мақсатында салынған Радай су реттегіш нысаны 2014 жылы пайдалануға берілгенімен, 373,4 миллион теңгеге тұрғызылған бөгетті 2016 жылы су шайып кеткен. Міне, сол жылдан бері су реттегіш гидроқұрылғыны қайта қалпына келтірудің тетігі табылмай келеді. Нысанның қираған бөлігін жан-жақты қарап шыққан облыс әкімі бұл мәселені бірлесе шешу жолын ұсынуды жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне тапсырды.

Аудандағы жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы актив жиынын өткізді. Басқосу барысында облыс әкімдігіне қарасты бірқатар басқарма басшылары Мойынқұм ауданының соңғы жылдардағы көрсеткіштері мен кемшін тұстарын ашып айтты. Өз негізінде аймақ басшысы кеткен кемшіліктерді дереу ретке келтіріп, нақты нәтижеге қол жеткізу керектігін жауаптыларға шегелеп тапсырды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
Мойынқұм ауданы

ПІКІР