Қоғам

Шалғай аудандағы шаттық

Written by Aray2005

Дана қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар. Туған жерге ту тігіп, өскен өңірдің өркендеуіне өріс ашу да осы ұлағатпен тығыз астасып жатса керек. Бұлай сөз саптауымызға соңғы уақыттарда Сарысу ауданында қолға алынған серпінді істер түрткі болып отыр.

Күні кеше жоғары деңгейде аталып өткен бірлік мерекесі аясында осы аймақтағы Жаңаталап ауылында «Құрметті азаматтар» аллеясы ашылды. Бұл шынында да өзге елді мекендерде кездесе бермейтін бірегей бастама. Шымкент қаласындағы «Сан-Сервис» ЖШС-ның директоры Кеңесбек Егізбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылын абаттандырып, жерлестеріне керемет тарту жасады. Білгеніміздей, бұл жұмыстарға 40 миллион теңге қаржы жұмсалыпты.

Алыстан көз тартатын аллеяның ішіне орындықтар, жаздық сахна, ардагерлердің аты-жөндері жазылған мемориалды тақта, түнгі шамдар мен 107 метрлік құбырлы құдық қазылып, жасыл желекті суаруға арналған заманауи қондырғылар орнатылған. Жалпы көлемі 1 335 шаршы метрлік жүргіншілер жолақтары мен орталық алаңшаға жасанды төсемелер төселген. Аумақ толықтай қоршалып қана қоймай, бес жағынан жоғары сапалы бейнебақылау камераларымен қамтылған. Сонымен қатар мұнда 300 түп арша, 60 түп бөртегүл, 60 дана сауыт, 80 түп бұғы мүйіз және басқа да сирек кездесетін сәнді талдардың көшеттері егіліпті.
Жаңа аллеяның ашылу салтанатына қатысқан игі жақсылар ізгі тілектерімен бөлісіп, атымтай жомарт азаматқа алғысын жаудырды. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек Кеңесбек Егізбаевтың иығына шапан жауып құрмет көрсетсе, Жаңаталап ауылының тұрғындары ат мінгізді. Шырайлы шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Осынау оңды істің артынша Ұ.Сыздықбай­ұлы ауылында да сыйымдылығы 100 адамға арналған жаңа мешіттің есігі айқара ашылды. Сәулетті құрылыс былтырғы жылдың қыркүйек айында басталып, аяқталуы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Жаңа мешіттің облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың қолдауымен және Сағдат Айнабеков бастаған кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтергенін айта кеткен жөн. Мешіттің ашылу салтанатында құран оқытылып, аудан басшылығы атынан демеушілер мен бірқатар қонақтарға сый-сияпат көрсетілді.
Содан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық Һибатулла Тарази мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл, Қатар қайырымдылық қорының жетекшісі Абжалил Шалбай, Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, ардагер Құдайберлі Әбіловтер жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, кәсіпкерлерге игілікті ісі үшін алғыс айтты.

Гүлнұр ТЕМІРЛАН,
Сарысу ауданы

ПІКІР