Жастар.kz

Шаңырақ шаттығы өз қолыңызда

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан жастарға қатысты жүзеге асырылып жатқан жарқын жобалар мен баянды бастамалар, атқарылған нақты істер жетерлік. Соның бірі – «Жаңа-Ру» жастар коалициясы заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған «Жас отбасы-2018» облыстық жас отбасылар слеті.

Жалпы, аталған басқарманың қолдауымен жастар коалициясы жыл басынан бері өңіріміздің түкпір-түкпірінде отбасы құндылықтарын арттыру, жастар арасында дәстүрлі отбасы институтын насихаттау бойынша бірқатар іс-шаралар өткізген. Оның ішінде арнайы медиаторлардың, психологтардың қатысуымен отбасында туындайтын әртүрлі кикілжіңдердің алдын алу, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасын нығайту мақсатында семинар, тренингтер мен кездесулер өткізіп, жастарға қатысты өзекті мәселелер бойынша кеңес алуына мүмкіндік жасалған. «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарымен әртүрлі санаттағы жастар жүздесіп, өміріне сабақ, болашағына үлгі боларлық мағлұматқа қаныққан. Осындай ауқымды мәселелерді қамтудағы басты мақсат – жас отбасылар арасында белең алған ажырасу көрсеткішін төмендетуге күш салып, өзгеге үлгі боларлық жанұялар қатарының санын арттыруға себепкер болу.
Айта кету керек, Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен форум аталған іс-шаралардың қорытындысы іспетті. Жиын барысында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Бауыржан Мурбеков сөз алып, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан бөлек, форумда көп балалы ана Ардақ Жантаева, «Жаңа-Ру» жастар коалициясы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Азамат Лесбек сөз алып, өз лебіздерін білдірді. Негізінен, үздіктерді анықтау үшін шараға әр ауданнан ұсынылған жасы 29-ға дейінгі жас отбасылар қамтылып, олардың қоғамға сіңірген еңбегі сараланыпты. Соның ішінде 60 шақты жас отбасы форумға арнайы шақырылып, Тараз қаласы және аудандардан келген 10 жас отбасы үздік отбасы ретінде марапатталып, арнайы сыйлықтар иемденді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР