Шарапаты мол Шағбан

0 3

Дінімізде кейбір айлар мен күндер және түндердің өзіндік ерекшеліктері бар. Берекеті мол сол қасиетті айлардың бірі – Шағбан айы. Шағбанның келуі барша мұсылманның сағынышына айналған Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді.

Шағбан биыл наурыздың 15-і күні басталды. Шағбандағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Өйткені Айша (р.а): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін Шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын», дейді.
Шағбанның Ережеп айы мен Рамазан айының ортасында келуінің өзі берекесі мол ай екенін білдіреді. Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, әрбірімізге осынау мүбәрак айда шама-шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен.
– Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде өздеріңді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі – ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының көбін оразамен өткізетін болған. Шағбан айындағы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен Айша анамыз (р.а) «Алланың Елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ Шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім», деп баяндайды.
Сондай-ақ бұл айдың ерекшелігінің бірі– Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айту. Себебі хадисте: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы», деп, Ережеп айында кәлиманы, Шағбанда салауатты, Рамазанда Құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді, – деген Шу қалалық «Жәми» мешітінің бас имамы Қуат қажы Дүйсенбайұлы Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал екенін айтады.
Шағбан айының тағы бір қасиеті, осы айдың орта шенінде ұлық бір түн бар. Ол – наурыз айының 28-нен 29-на қараған мүбәрак Бараат түні. Себебі бұл түні мұсылмандарға рақмет, берекет, жақсылық, кешірім жауады.
– Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнде құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма? Кешірейін. Ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма? Шипасын берейін», деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», дейді. Қай жағынан алып қарасақ та құт пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді, – дейді Қ.Дүйсенбайұлы.
Олай болса, Алла Тағала мүбәрак Шағбан айын және ұлық Бараат түнін баршамызға құтты қылып, осы айды Алла разылығы үшін құлшылықпен, сауапты істермен өткізіп, аман-есен Рамазанға жетуді нәсіп етсін!

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.