Шарипова қарсыласын төртінші раундта құлатты

0 4

Жаса, Жамбыл боксы! Жерлесіміз Фируза Шарипова кәсіпқой бокстағы 13-жеңісіне қол жеткізді. Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен бокс кешінде Фируза ресейлік Юлия Чернобородованы төртінші раундта құлатты.

Әуел баста боксшымыздың қарсыласы ретінде бұған дейін ресейлік Софья Очигава белгіленген. Фируза онымен 2016 жылы жұдырықтасып, жеңіліп қалған. Сондықтан бұл есе қайтаратын кез еді. Сондай-ақ қос боксшы жеңіл салмақтағы IBA және WBC Silver белбеуін сарапқа салып, жекпе-жек жеңімпазы абсолютті әлем чемпионы Кэти Тейлормен кездесуге міндетті еді. Алайда қарымта кездесуге екі күн қалғанда Очигава белгісіз себептермен жекпе-жектен бас тартты. Сол себепті Шарипова ресейлік Юлия Чернобородовамен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек басталмай жатып жерлесіміздің сөзсіз жеңіске жететіндігін бокс мамандары болжаған. Мамандардың байламы дөп келіп, Фируза қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Бірінші раундтан бірінші нөмірмен жұмыс істеген боксшымыз үш раунд бойы қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады. Ал төртінші раундта бүйрек тұсынан ауыр соққы алған Чернобородова үш мәрте нокдаунға кетіп, кездесуді одан әрі жалғастыра алмады.
Осылайша Шарипова техникалық нокаутпен он үшінші жеңісіне қол жеткізді. Оның жетеуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Енді жерлесіміз Кэти Тейлормен абсолюттік әлем чемпионы титулын қашан сарапқа салатыны белгісіз. Десе де біз «алтын қызымызды» жарқын жеңісімен құттықтаймыз!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.