"Алтын бесік"

Шаруалар судан тапшылық көрмейді

Written by Aray2005

Агроөнеркәсіптік кешеннің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, импортқа тәуелділіктен құтқару. Оның әуелгі жолы – өңірлерде суармалы егіс алқаптарын қалпына келтіру, сол арқылы агросектордың әлеуетін арттыру. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке алдағы бес жылдың ішінде суармалы жерлердің көлемін 40 пайызға ұлғайтып, 2 миллион гектарға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл межелі міндеттің іске асырылуы барысында атқарылар тірлікке облысымыздың да қосатын өзіндік үлесі орасан. Өйткені өңірдегі негізгі асыраушы саланың бірі осы – егіншілік.

Жалпы, аймақта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 4,6 миллион гектарды құраса, оның ішінде егістігі –
781,8 мың, суармалы жер – 182,4 мың, көпжылдық екпелер – 3,9 мың, шабындық – 123,5 мың, 3,5 миллион гектар жайылымдық және бөгде жерлер 139,2 мың гектарды құрайды екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, аудандарға берілген тапсырма бойынша ағымдағы жылдың өніміне дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 310,4 мың гектарға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға артпақ. Сондай-ақ майлы дақылдар 3 пайызға (97,2 мың гектар), қант қызылшасы 6 пайызға (9 мың гектар), картоп 7,6 пайызға (9,8 мың гектар), көкөніс-бақша дақылдары 1,5 пайызға (43,9 мың гектар), мал азығы дақылдарының 1 пайызға (217,5 мың гектар) артуы жоспарланып отырған көрінеді. Әрине, арттырылған егістік жерлерден шашпай-төкпей мол өнім алудың негізгі жолы – судың жүйелі түрде келіп тұруы.
Бұл орайда биылғы жылы ауа-райының өзі қарайласып, жаңбыр молырақ жауды. Соның есебінен жыл сайын сәуір айында басталып кететін суару маусымы биыл мамыр айының соңына таман басталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Күлкеевтің айтуынша, өңірдегі егін алқаптарын суару үшін 2 миллиард текше метр су қажет екен.
– Негізі, облыстағы егінді аймақтарға келетін судың 80 пайызы көрші Қырғыз Республикасындағы су қоймаларынан шығады. Бүгінде ондағы су мөлшері 95-100 пайыз көлемінде. Мәселен, Киров су қоймасында жыл сайын судың мөлшері 60 пайыз ғана болатын. Биыл 98 пайызды құрап отыр. Ендігі жерде шаруалар келген суды тиімді пайдалана алса болғаны. Айта кетерлігі, өңірдегі 182,4 мың гектар суармалы жердің 100 мың гектарына ғана су барады. Ал қалған 80 мың гектарды сумен қамтуға мүмкіндік болмай отыр. Дегенмен Азиялық даму және Еуразиялық банктердің демеушілігімен сол 80 мың гектарға су тарту мәселелері қаралады. Нақтырақ айтқанда, каналдар жөнге келтіріліп, лотоктар қайта салынатын болады. Сондай-ақ өңірде 18 200 гектар жер инновациялық технология арқылы, яғни тамшылатып суару арқылы сумен қамтамасыз етілуде. Алдағы уақытта оның көлемін 20 000 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Ол үшін мемлекет тарапынан сатып алынатын жабдық бағасының 50 пайызына дейін субсидия қарастырылған, – дейді Ерлан Елібайұлы.
Негізінен, өңірдегі егінді алқаптарды сумен қамтамасыз етуде «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл филиалы жұмысының маңызы зор. Филиал директорының орынбасары Қазыбек Бедебаевтың сөзінше, облыстағы су шаруашылығы нысандарының басым бөлігі сонау кеңестік кезең ішінде салынған. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен нақты қолданыстағы жүйелер іс жүзінде өз міндеттерін толыққанды атқара алмай отырған көрінеді. Сол себепті едәуір бөлігі қайта жаңғырту жұмыстарын қажет ететіндіктен, өңірде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр екен.
Суару маусымына дайындық барысында мекеме теңгеріміндегі барлық гидротехникалық құрылымдар, оның ішінде жер және бетонды каналдарға тазалау жұмыстары жүргізіліпті. Каналдардың бойындағы қамыстар шабылып, қыс бойы оған жиналған күл-қоқыстар тазаланып, бетонды каналдардың табандары тесілген жерлерін жамау жұмыстары атқарылған. Бұдан бөлек барлық су реттегіш қақпалар мен су өлшегіш гидробекеттер сырланып, қалыпты жағдайға келтіріліпті. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы Талас-Аса, Бошмойын, Бескемпір, Қапал және Меркі ауданындағы Аспара каналдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын егуші шаруа қожалықтарына қажетті көлемде су жеткізу жоспарлануда. Облыс көлемінде республикалық меншіктегі барлық су қоймаларына қажетті көлемде су жиналды. 2018 жылмен салыстырғанда тек Қордай ауданындағы «Қақпатас» су қоймасынан бөлек, барлық су қоймалары, атап айтсақ «Тасөткел», «Теріс-Ащыбұлақ», «Ынталы» және «Қарақоңыз» су қоймаларының толуы 88-100 пайыз көрсеткіш аралығында тіркелді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының аумағында орналасқан «Чон-Қақпа» (Киров) және «Орто Тоқой» қоймаларының су көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек. Сондықтан Талас өзені мен Шу өзені бойындағы аудандарда былтырғы жылмен салыстырғанда судың тапшылығы болмайтыны күтілуде, – дейді Қазыбек Қошқарбайұлы.
Өткен жылы өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы ағын суды реттейтін механикалық жасақ құрылғаны белгілі. Аталған жасақтың жұмысын тиімді пайдаланып отырған өңірлердің бірі – Мойынқұм ауданы. Мәселен, механикалық жасақ ондағы 12 су тоғанының алтауын тазалап, су жүретіндей етіп берген. Айта кетерлігі, ол су тоғандарына соңғы 25 жылдың ішінде ешқандай техника бармапты. Нәтижесінде ауданда биылдыққа суармалы егістіктің көлемі 1 290 гектарға артып отыр екен.
– Жалпы ауданда суармалы егістік көлемі 5 074 гектарды құрайды. Өткен жылы оның көлемі 3 783 гектар болған еді. Суармалы алқап аумағының бұлайша артуы ауыл шаруашылығы мақсатындағы ағын суды реттейтін механикалық жасақтың жұмысымен тікелей байланысты. Сондай-ақ ауданда биыл «Қазсушар» Республиканың мемлекеттік кәсіп орны Жамбыл филиалының өндірістік бөлімшесі ашылды. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 69 300 метрді құрайтын канал тазаланып, су тоғандары аталған өндірістік бөлімшенің меншігіне өтті. Сонымен қатар әр дақылдың түріне қарай судың текше метріне төленетін қаржысы белгіленіп, шаруа қожалықтары мен «Қазсушар» республиканың мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының аудандағы өндірістік бөлімшесі арасында келісімшарт жасалды, – дейді Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Самат Тұңғышбеков.
Расында, ауданда қолға алынып жатқан осындай жағдайлар шаруа қожалықтардың жұмысына тың серпін беріп отыр. Мәселен, егінді аймаққа су көздерінің көптеп тартылуына байланысты ауданда жаңадан «Байбарақ Агро» кооперативі құрылыпты. Олар 30 гектар аумаққа жүгері егіпті.
– Суару маусымы басталғалы жатыр. Сондықтан егін басында қарбалас жұмыс. Яғни «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының аудандағы өндірістік бөлімшесі тарапынан 2 экскаватор және 1 бульдозер бөлініп, бізге келетін каналды тазалауда. Оның жалпы ұзындығы 16 шақырым болатын болса, бүгінде 2 шақырымы толықтай тазаланды. Бізге су «Биназар» каналынан «Бірлік» каналы арқылы келеді. Айта кететіні, бұл каналмен су жүрмегеніне 30 жылдың жүзі болды. Жүгері суды көп қажет ететіндіктен биыл 30 гектардан бастап отырмыз. Қазылған каналдардың арқасында келер жылы егістік аумағын 150-200 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді кооператив жұмысын ұйымдастырушы Алмабек Әбдіхалықов.
Қалай дегенде де суармалы жердің аумағын ұлғайтудың маңызы айтпаса да түсінікті. Сондықтан жауапты маман­дар осы бағыттағы жұмыс­тарын жүйе­лен­ді­ріп, бірқатар баста­ма­лар­ды қолға алуда. Ендігі жерде өңірдегі ырзығын жерден теріп отырған шаруалар бар мүмкіндікті тиімді пайдалана алса болғаны.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР