Жамбыл жаңалықтары

Шаруашылық іріленбей, іс алға баспайды

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, аймақта коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл жағдай өңір басшысымен кездескен жергілікті тұрғындардың санына әсер еткенімен, Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары өз деңгейінде өрбіді. Өңір басшысы 13 нысанды аралап, ауданның қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан барынша хабардар болды.

Облыс әкімінің аймаққа жұмыс сапары Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектептен басталды. Онда Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков білім беру саласының жай-күйі туралы баяндады. Қазіргі таңда ауданда 36 мектеп жұмыс істейді. Оның 25-і жазда жылы дәретханалармен қамтылмақ, төртеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ағымдағы жылы Гранитогорск ауылында жаңа мектеп салынады. Ауданда жекеменшік балабақшалар ашу есебінен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,6 пайызды құраған. Білім сапасы жақсы деңгейде, ҰБТ-ның орташа балы 98,18-ді құраған. 33 бітіруші «Алтын белгіге» ие болды.
Сондай-ақ аудандағы №4 орта мектепте «Еңбек» бағдарламасы бойынша 36 миллион теңгеге шатырды жөндеу, есіктерді және терезелерді ауыстыру жұмыстары жоспарланған. Бірақ, білім ордасының парталары мен тақталары ескірген, су жоқ.
Одан кейін Ақтоған ауылының тұрғындарымен кездескен облыс әкімі оларды босқа қарап отырмауға, өз отбасы мен туған ауылдың игілігі үшін еңбек етуге шақырды.
– Індет мәңгі созыла бермейді, бүгінгі күні босаңсуға, жалқаулыққа жол жоқ. Егер адамның дені сау болса, жұмыс істеуге ұмтылуы керек. Бұл әсіресе жастарға қатысты. Бақша өсіріңіз, өздеріңізді көкөністермен қамтамасыз етіңіз. Үйлер мен көшелерді көркейтіңіз. Біз ең үлгілі ауыл бойынша байқау жарияладық. Осы байқауда жеңіске жетуге тырысыңыз, ең үздік елді мекендер міндетті түрде көтермеленетін болады. Біздің басты байлығымыз – қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштық. Оны көздің қарашығындай сақтай білейік, – деп атап өтті өңір басшысы.
Бердібек Сапарбаев бұдан бөлек аудандағы тағы үш білім беру мекемесіне ат басын бұрды. Савва атындағы мектеппен танысу барысында ол 1870 жылы ашылған бұрынғы үш жылдық орыс-түземдік мектептің ғимаратында құрылған мұражайға арнайы барды. Онда 1907-1910 жылдары қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұлов оқыған. Мұражайда тағдырлы тұлға туралы бірқатар тарихи жәдігерлер сақталған. Сондай-ақ Темірбек Қожакеевтің, басқа да атақты меркіліктердің құрметіне арналған еске алу бұрышы ашылған.
Мектепте облыс әкім жергілікті тұрғындармен кездесті. Тұрғындардың бірі аға буынның кәсіпкерлік бастамасын қолдауға бағытталған пилоттық жоба құруды ұсынды. Ол жаңа жұмыс орындарын құра отырып, зейнеткерлер де жұмыссыздықпен күреске өз үлесін қоса алатындығын айтты. Өңір басшысы бастаманың маңыздылығын тілге тиек етіп, бұл туралы ойланатындығын жеткізді. Бүгінде орташа өмір сүру жасы ұлғайып отырғандығы, көптеген ардагерлер әлі күнге дейін күш-қуатқа ие, әлеуетті екендігі ескерілді.
«Үміт» оқушылар сарайының ауласында тұрған «Ил-18» ұшағы өзіндік мәнге ие. Бұрын мұнда шағын кинотеатр, кафе, фотосалон орналасқан болса, қазіргі уақытта ұшу аппараты бос тұр. Дегенмен ондағы екі кабинетті педагогтар тігін цехына айналдырған. Цехта күніне 300 данаға дейін бетперде тігілуде.
Облыс әкімі оларға игілікті істері үшін алғысын білдіріп, оқушылар сарайының директоры Зәуре Бейсенбаеваға азаматтық авиацияның есептен шығарылған аталған нысанын тиімді пайдалануды ұсынды.
Ойтал ауылында орналасқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаңғыртудан өткен күрес залдары, таэквондо, үстел теннисі, футбол алаңдары көз тартады. Мұнда армрестлингтен әлем чемпионы Жарқынай Рахымбаева, еркін күрестен және басқа да жекпе-жектен Азия чемпиондары жаттығуда.
127 адам еңбек ететін Меркі ірімшік зауыты аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Өндіріс бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнім көлемін 422 тоннадан 462 тоннаға дейін арттырған. Алайда бұл толық өндірістік қуат емес. Өйткені зауыт 55-60 пайыздық жүктемемен жұмыс істеуде. Бүгінде зауыттағы желілерді жаңғыртуға 300 миллион теңге қаражат қажет. Сонда ғана кәсіпорын толық жүктемесіне шыға алмақ. Сатып алушылар аз емес, әсіресе ресейліктер Меркі ірімшіктері мен йогурттарына қызығушылық танытуда. Директор Дастан Айтөленовтің айтуынша, оларға сүті көп ірі бірлестіктермен жұмыс істеу тиімдірек, олардың сапасы ұсақ шаруашылықтарға қарағанда жоғары.
Аймақтағы тағы бір ірі кәсіп­орын– «Мерке ет» ЖШС-нің Меркі ет комбинатында шикізаттың жетіспеушілігі туындауда. Кәсіпорында 4 мың қой мен 800 бас ірі қара бар. Директор Берік Егембердиевтің айтуынша, шұғыл түрде кемінде 50 мың қойдан тұратын мал қорын жасақтау керек, бірақ оларды қайдан алу керектігіне қатысты сұрақ туындауда. Кеше ғана меркіліктер Дубайға 60 тонна қой етін жіберген. Арабтар ұшақтарды жолаушыларсыз жөнелтіп, екі жаққа да ұшу ақысын төлеп отыр. Олардың жамбылдық етке қызығушылығы жоғары.
«Ар-Ас» шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысуда, үш ай мерзімде сақтауға болатын бөтелкедегі қымыз шығаруда. Шаруа қожалығының басшысы Мақсұт Несіпбаевтың айтуынша, шаруашылық неміс технологияларын пайдаланады. Ондағы барлық процесс автоматтандырылған. Шаруашылық құрғақ қымыз шығару ісін бастауды жоспарлауда.
Алайда ол идеяны жүзеге асыру үшін үлкен қаражат қажет. Жалпы «Ар-Ас» шаруа қожалығы аяққа нық тұрып, өзінің дамуын оң жолға қойып алған дей аламыз.
Өңір басшысы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барды. Онда өңірдегі қызылша шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Шаруашылықта 6,5 мың гектар жер бар десек, оның үш мыңы егістік алқапты құрайды. Шаруа қожалық жетекшісі Қанат Шайхиевтің айтуынша, қызылшаға 200 гектар жер бөлінген. Өткен жылы әр гектардан 861 центнер өнім жиналыпты. Қызылша өсіруші шаруалар шығынға ұшырамас үшін француздық элиталық тұқымдарды, «ЕвроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ең жақсы минералды тыңайтқыштарды алды. Ол өз нәтижесін көп ұзамай-ақ беруде. Сондай-ақ Қанат Шайхиев тәулігіне 80 гектарға дейін арамшөпті тазалай алатын құрылғымен таныстырды.
Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының тұқым қорының 10 пайызын құрайтын төртінші репродукциялы тұқымдардан бас тарту қажеттігін атап өтті.
Естеріңізде болса, аудандағы емдеу мекемесінің бұрынғы басшысы салғырттық пен рушылдыққа қатысты айыпталып, жұмыстан босатылғаннан кейін, жергілікті емхана мен ауруханаға жаңа бас дәрігер тағайындалған болатын.
Жас дәрігерлермен кездескен Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке қажетті құжаттарды жинап, сала мамандарына тұрғын үй алуға көмектесуді тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы шындықты жайып салғандардың ешқандай қудалауға ұшырамауы тиіс екендігін атап өтті.
Өңір басшысы дәрігерлерді ұжымдағы жақсы аураны сақтауға шақырды. Сондай-ақ аймақ басшысы 1983 жылы салынған ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін, ЖСҚ дайындау ісі қолға алынғандығын хабарлады.
Облыс әкімі әр аудандағы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылатын ауылдық округтерге барып, жұмыстармен танысуды әдетке айналдырған. Мұндағы Сұрат ауылдық округінде «Даму Сұрат» кооперативі құрылып, оған 19 бірлік техника сатып алынып, 135 кооператив мүшесіне жер телімдерін өңдеуге көмектесуде. Алайда оның өз жерінің жоқтығын Бердібек Сапарбаев сынға алды. Дегенмен нәтижелі жұмыстар да жоқ емес. Пилоттық жоба басталғаннан кейін АӘК алушылар саны 85 пайызға қысқарған. Жоба аясында тиімді пайызбен 158 адам несиеге қол жеткізіп, 2385 бас мал сатып алынған.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарына малдарды еліміздің басқа аймақтарынан сатып алу қажеттігін тағы да еске салды. Бұдан соң ол өз бизнесін бастаған Қарақат Сатымбаеваның жылыжай жұмысымен танысты.
Ақарал ауылының тұрғыны Елдар Селимшаев бірнеше жыл Алматы облысының Шонжы ауылындағы шаруашылықтарда жұмыс істеп, жылыжай ісінде айтарлықтай тәжірибе жинаған.
Тәжірибелі маман өткен жылы несие алып, бес сотық жерге жылыжай салған. Енді жылына үш рет қияр жинап, бір келісін 280 теңгеден сатуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер жер мәселесі шешілсе, жылыжай көлемін кеңейтуге ниетті. Облыс әкімі аудан әкіміне жылыжай иесіне жан-жақты қолдау көрсетуге, соның ішінде жер бөлу жөнінде тапсырма берді.
Аудандағы жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Меркі ауылының батыс жағындағы кіреберісте орналасқан №1 блок-бекеттің қызметімен танысты. Мұнда 12 адам жұмыс істеуде, оның ішінде полицейлер, СЭС, ауыл әкімшілігінің қызметкерлері және медицина мамандары бар. Блок-бекет дене қызуының жоғарылауы байқалған адамдарға арналған оқшаулағышпен қамтылған. Дегенмен коронавируспен ауыру дерегі тіркелмеген.
Аудан активімен кездесуде Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарын қорытындылап, барынша пайдаланылмай отырған Меркі ауданының жоғары әлеуетін атап өтті. Ауданның жері құнарлы. Облыс әкімінің болжамы бойынша ағымдағы жылы суармалы су мәселесі болмайды.
Өңір басшысы жыл сайын егіс алқабын кем дегенде 10 пайызға ұлғайтып отыруды тапсырды.
Кеңесті қорытындылай келе облыс әкімі өз-өзін жұмыспен қамтығандар санының қысқаруына назар аударды. Жастардың ауылдан кетуінің себептерін анықтауды, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмыстармен айналысуды талап етті.
– Жерді барынша толық және тиімді пайдалану, оның құнарлылығын, дақылдардың өнімділігін және тұқым сапасын арттыру қажет. Әлі күнге дейін шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі шешілмей келеді. Бұл орайда ауылдық округ әкімдері тарапынан шаруаларға мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндіру бойынша жұмыстар әлсіз жүргізілуде.
Алты айдың қорытындысы бойынша аудан әкімдері ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру бойынша пилоттық жобаның барысы туралы есеп береді. Соған сәйкес, олардың ұйымдастырушылық қабілеттері бағаланатын болады, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Меркі ауданы

ПІКІР