Шаруасы шалқыған шаруашылықтар еңбек көрігін қыздыруда

0 7

Талас ауданы шаруашылыққа қолайлы өңір болғандықтан мұнда асыраушы саланы дамытуға айрықша мән беріледі. Талас Талас болғалы агросала бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп, көш соңында қалған кезі жоқ.

Бір ғана Талас ауданының өзінен 61 Социалистік Еңбек ері шыққан. Сайын даланы төрт түлікке толтырып, абырой биігіне көтерілген еңбек ерлерінің саны бойынша облыс бойынша ең жоғары көрсеткішке ие. Міне осыдан-ақ көп нәрсені бағамдауға болады.
Ағымдағы жылы да ауданда кешенді жұмыстар жүргізіліп, асыраушы саланың алға озуына серпін беріп отыр. Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубаевтың айтуынша, биыл жалпы сомасы 11 миллиард 626 миллион 200 мың теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 128,6 пайызға орындалған. Мал басы көбейіп, ет пен сүт өндірісінің көлемі ұлғайған. Ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларына 1 миллиард 918 миллион 422 мың теңге болыпты.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында мал басы да бірнеше есеге өскен екен. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, «Әулие-Ата» несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 5 шаруа қожалық 100 миллион теңге несие алып, 2499 қой сатып алған. Сондай-ақ 2 шаруа қожалық 57 миллион 750 мың теңге несие алып, 125 ірі қара, 405 қой, «Іскер» бағдарламасы арқылы 1 шаруа қожалық 4,5 миллион теңге несие алып, 150 қой сатып алған. Ал С.Шәкіров ауылдық округіндегі «Табыс» шаруа қожалығы 150 миллион теңгеге 3000 асыл тұқымды қой алып, табыс тайқазанын тасытып отыр.
Ауданбек Тәжібекұлы келтірген мәліметтерге сүйенсек, егін жинау жұмыстары да ойдағыдай аяқталған. 2020 жылдың өнімі үшін барлығы 13525 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып, ол меже 100 пайызға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 1303 гектарға немесе 9 пайызға өскен.
– Көктем айларында 4260 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Атап айтсар болсақ, 1500 гектар жаздық арпа, 480 гектар дәндік жүгері, 560 гектар мақсары, 40 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс, 130 гектар жерге қант қызылшасы және 1000 гектар көпжылдық шөп жаңадан орналастыру межеленген. Қант қызылшасы 50 гектарға егілді.
6300 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылды. Әр гектардан орташа есеппен 18,5 центнерден өнім алынды. Жалпы жиналған өнім көлемі 11 мың 655 тоннаны құрайды.
Айрықша атап кетер жайт, ауданда minagro.kz веб-порталында мемлекеттік жер кадастрының деректеріне сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы мақсатына арналған (егістік) жерлерінің барлық алқаптарын электрондық картаға қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінде егістік жер бойынша 186 шаруашылықтың 337 мемлекеттік актісі бойынша 15 мың 123 гектар жері қалыптастырылды. Орындалуы 81,7 пайызды құрайды. Жайылым жер бойынша 437 шаруашылықтың 807 мемлекеттік актісі бойынша 296 мың 463 гектар жері қалыптастырылды. Орындалуы 73,3 пайыз. Сол секілді шабындық жер бойынша 51 шаруашылықтың 71 мемлекеттік актісі бойынша 4661 гектар жері қалыптастырылды, –деген Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті. Ағымдағы жылы 191 миллион 500 мың теңгеге 88 техника алынып, индикаторлық жоспар 100 пайызға орындалған.
Мақаламызда келтірген көрсеткіштер аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Бастысы атқарылған жұмыс аз емес. Аудан басшысы алда тұрған міндеттердің де ауқымды екенін айтады.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.