Шайданада спорт мұражайы ашылды

0 20

Жыл басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Жомарт түлек» жобасы қолға алынған еді. Жуырда ауданымызда осы жоба аясында үлкен форум өтіп, оған шетелде, елімізде түрлі салада абыройлы қызмет етіп жүрген 420-дан астам түлек қатысқан болатын. Сол форумда туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан бірқатар азамат лайықты марапатталған. Меценат Әділ Байұзақов солардың қатарында. Жомарт түлектің ауылына сіңірген еңбегін тұрғындар да жоғары бағалап, рақмет айтып отыр. Алғыс арқалаған жанның игілікті істері көпке үлгі.

Өткен сенбіде Әділ Әбубәкірұлының демеушілігімен Шайдана ауылындағы «Шайдана-Алмаз» кіші футбол алаңы жанынан спорт мұражайы ашылды. Аталмыш жоба аясында бой көтерген нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов арнайы келді. Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, жылы лебіздерін жеткізді. Әділ Әбубәкірұлына аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығын табыстады. Жомарт жанға ауылдастары да құрметпен шапан жауып, ризашылықтарын білдірді.
Ауыл имамы Тұрғынбек Оңғарбаев пен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Амангелді Қоңырбаев киіз үй форматында салынған спорт мұражайының кермесін қиды. Осы мұражайдың салынуына атсалысқан жандарға алғысын айтып, ізгі тілектерін арнады.
Өз кезегінде жиналған көпшілік мұражайдың ішін аралап көріп, ауыл спортының тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерге үңілді.
Нысанның ашылу құрметіне кіші футбол, волейбол, шахмат, қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, түрлі номинация иеленген әуесқой спортшыларға тиесілі дипломдар мен бағалы және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.