Мәдениет

Шеберлер шедеврі

Written by Aray2005

Таразда «Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестивалі жоғары деңгейде өтті

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен бір аптаға созылған «Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестивалінің көрмесі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – сурет өнеріне халықтың қызығушылығын арттырып, өлкеміздің көркем табиғаты мен тарихи орындарын кескіндеу. Сондай-ақ қылқаламды жанына серік еткен жергілікті суретшілер мен фотограф, қолөнершілердің шығармашылығын насихаттау болып табылады. Фестиваль аясында пленэр ұйымдастырылып, оған өңірімзге белгілі суретшілермен қатар, республикамыздың өзге қалаларынан барлығы 20 үміткер қатысты.

Ең алдымен, пленэр қатысушылары қаланың тарихи-мәдени орындарын аралап, саяхат жасады. Фестивальдің бірінші кезеңі аясында 1-2 маусым күндері қатысушылар өздері таңдаған орындарды бар өнерін салып бейнелей бастады. Олар Қарахан, Айша бибі, Ақыртас қалашығы, «Көне Тараз» кешені, «Жеңіс» саябағы сынды бірқатар нысандарды туындыларына түсірді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген және жергілікті қатысушылар екі шығармадан Тараздың табиғаты мен тарихи-мәдени орындары бедерленген жалпы саны 40 сурет ұсынды.
Келесі күні суретшілер Жамбыл облысының аудандарына сапар шегіп, ол жақта да елге белгілі тарихи-мәдени орындарды назардан тыс қалдырмады. Бейнелеу өнері шеберлерінің бес күнге созылған шығармашылық жұмыстарынан соң, 7 маусымда Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында қылқалам шеберлерінің шығармаларынан ашық аспан астында көрме өтті. Көрмеде суретшілердің 100-ден аса шығармасымен қатар, жергілікті фотографтардың 80 шақты тың туындысы және қолөнершілердің бұйымдары да ұсынылды. Көрмені қала тұрғындары мен қонақтары үлкен ықыласпен тамашалады. Шараның шымылдығы К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әншілерінің әсем ән шашуымен түріліп, кештің көрігі одан әрі қыза түсті. Көрмені аралай жүріп әсем әнге құлағының құрышын қандырған жұрт марапаттау рәсімін асыға күтті.
Концерттік бағдарламадан соң облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз тізгіндеді. Басқарма басшысы өз сөзінде Әулиеата өңірінде ауқымды форматта өтіп жатқан шараның маңызына тоқталып өтіп, суретшілердің жұмыстарына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар қатысушылар арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Павлодар облысынан келген суретшінің бірі Жасыбай Қабылдин тарихымыздың темірқазығы атанған Таразға тәнті болғанын, қазақылық қаймағы бұзылмаған қарт қалаға деген ыстық ықыласын жасырмады. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан келген Әділғали Баяндин осындай жаңа, ауқымды форматтағы шаралардың тұрғындарға, әсіресе жас ұрпаққа берері мол екенін алға тартты.
«Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестиваліне қатысып, ерекше фото туындыларын ұсынғаны үшін жергілікті басылымдардың фототілшілері Алтынбек Қартабай, Ағаділ Рысмахан, Виктор Барбаш, Юрий Кимге және өзге қолөнер шеберлеріне де сый-құрмет көрсетілді.
Шара соңында фестивальге қатысушылардың жұмыстарына сарапшы болған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, доцент, профессор Байтұрсын Өмірбеков, Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының төрағасы Айдархан Сихаев, қолданбалы қолөнер шебері Пернебай Ахметов сөз сөйлеп, қатысушы шеберлерге жылы лебіздерін арнады.

Елдар БОРАНБЕК,
облыстық халық шығармашылығы
орталығының маманы

ПІКІР