Шегіртке ақылдасып «шабуылдамайды»

0 0

зиянкестермен күресті қазірден қолға алу қажет

Облыстағы жылдағы «жырға» айналған тақырыптың бірі – шегірткемен күрес. Соңғы екі-үш жылда еліміздің оңтүстік аймағы, оның ішінде өзіміздің Сарысу, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандары осы шегірткеден зардапты көрудей-ақ көріп келеді.

Жылдағы әдетпен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мимлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы биыл да уақыт создырмай күн жылыса дала «жауымен» күреске кіріскелі отыр.
Аумақтық инспекцияның астық инспекциясы және өсімдіктерді қорғау бойынша мемлекеттік инспекция бөлімінің 2019 жылы атқарған жұмысына көз жүгіртсек, былтыр да инспекторлар шегірткемен аз алыспапты.
Аталған бөлім басшысы Азамат Құрбановтың айтуынша, облыс аумағындағы ерекше қауіпті зиянды организмдерге 2018 жылы жазғы шағылысу кезіндегі мамандар жүргізген методикалық есептеулері нәтижесінде 203 808 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу болжаныпты. Бірақ, барлығы 74 325 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Әрине болжанған аумақ пен нақты орындалған аумақтың ара салмағы жер мен көктей. Бірақ, түсіне білген адамға 74 325 гектардың өзі аз емес. Өйткені оның ішінде аса қауіпті шегірткелерге қарсы 64 535 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, оған республикалық бюджет есебінен 56 миллион 193 мың 975 теңге жұмсалған.
– Бұлардың ішіндегі аса қауіптісі – Марокко шегірткесі. Былтыр олардың дернәсілдеріне қарсы жоспарланған 89 792 гектар алқаптың 2 325 гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 2,58 пайызы, италиялық прус шегіртке дернәсілдеріне қарсы жоспарланған 75 946 гектар аумақтан 44 540 гектар алқап өңделіп, 58,65 пайызы және азиялық шегірткеге қарсы жоспарланған 18 780 гектар алқаптан 17 670 гектарға өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 94 пайызы орындалды.
Былтыр үйірлі шегірткелерге болжанған көлемнің төмендеуі 2018 жылғы марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының сапалы орындалуының нәтижесінен болып отыр. Сонымен қатар, бұл төмендеу облыстың барлық өңірлерінде туындаған жаңбырлы қолайсыз ауа-райы салдарынан және күбіршектердің физиологиялық жағдайын анықтау үшін жүргізілген көктемгі тексеру жұмыстары барысында энтомофагтармен, саңырауқұлақ және тоғышар ауруларымен залалдануымен де байланысты, – дейді бөлім басшысы А.Құрбанов.
Өзге де зиянды тіршілік иелеріне тоқтала кетсек, егіс алқаптарының зиянды бақашық қандаласы, тышқантектес кеміргіштер, колорадо қоңызы және саяқ шегіртке сынды да үндемей жүріп-ақ егіс алқаптарына үлкен зиянын тигізетіндер де бар. Былтыр көктем, жаз айларында бақашық қандаласына қарсы 9000 гектар жер химиялық өңделсе, тышқантектес кеміргіштерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 340 гектар алқапта жүргізіліпті. Картоп алқаптарының зиянкесі колорадо қоңызына қарсы химиялық өңдеу жұмыстары да маусым айында 450 гектар алқапта қолға алыныпты. Ал саяқ шегірткелерге қарсы жергілікті бюджет есебінен 15 336 гектар аумаққа өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Биыл 69 338 гектар алқапқа ғана химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуі болжанғанына қарағанда шегірткеден келер қауіп аздап сейілгенге ұқсайды.
Бұл ретте фитосанитариялық диагностика және болжау бойынша республикалық әдістемелік орталығының жұмысын айрықша атап өту керек. Мекеменің он ауданда филиалдары бар. Штаттық кестеге сәйкес облыстық филиалда – 12, аудандарда 51 маман бар екен. Ал маусымдық анықтау жұмыстарына 43 адам өз көліктерімен уақытша анықтаушы ретінде қосымша жұмысқа алынады.
Соңғы 5 жылдың көлемінде орталық пен инспекция мамандары GPS-навигатор құрылғысымен жұмыс істеп келеді. Аталған құрылғымен филиал мамандары экзоотиялық зиян шегі асқан алқапты анықтап, нақты координатын қою арқылы өңдеу жұмыстары атқарылады. Инспекция мамандарының өңдеу жұмыстарын тиімді жүргізілуін қадағалау да, бақылау жұмыстары да осы құрылғы арқылы жүзеге асырылады екен.
Десе де биылғы өңдеу жұмыстарының кейбір түрлері алаңдатып тұрғаны да жасырын емес. Мәселен облыста кездесетін ерекше қауіпті зиянды организмдер – зиянды бақашық қандаласы, колорадо қоңызы, тышқантектес кеміргіштер және тат (септориоз) ауруларына қарсы химиялық өңдеу жұмыстары осы күнге дейін республикалық бюджет есебінен жүргізіліп келсе, биыл 2019 жылдың 28 қазанындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңындағы өзгерістерге байланысты өсімдіктерді қорғау саласы бойынша фитосанитариялық іс-шараларды, яғни химиялық өңдеу жұмыстарын қаржыландыру ауыл шаруашылығы тауар өндірушінің өз қаражаты есебінен жүргізілетіндігі белгілі болып отыр. Әрине әркім өз егіс алқабы үшін аянып қалмас. Оның үстіне жұмсалған пестицидтер құнының ережеге сәйкес субсидиялануына 2020 жылға жергілікті бюджеттен шамамен 6 миллион 710 мың теңге қаражат бөлініпті. Дегенмен егін егіп отырған шаруалар бұл жүйеге қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын уақыт көрсетер.
– 2020 жылы ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы күресу іс-шараларын сапалы және тиянақты атқару мақсатында аудан әкімдеріне хат жолданып, үйірлі шегірткелерге қарсы штаб құру туралы және химиялық өңдеу жұмыстары кезінде әр ауылдық округтерде жұмыс тобын құрып, инспекция мамандарымен бірігіп жұмыс істеу керек екендігі аудан басшыларына ескертілген, – дейді инспекцияның астық инспекциясы және өсімдіктерді қорғау бойынша мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы А.Құрбанов.
Сондай-ақ бұл шегірткетектес зиянкестермен күресте күш біріктіре әрекет еткен де өз пайдасын береді. Әсіресе, біздің облыс көрші Қырғыз елімен бұл мәселе төңірегінде жиі бірлесе жұмыс атқарады. Өзге де көршілес мемлекеттермен фитосанитариялық іс-шараларды ынтымақтаса жүргізуге жылда келісімшарт жасалады.
Қалай десек те осы саладағы тиісті заңнамаға енгізілген былтырғы өзгеріске байланысты биыл өсімдіктерді қорғау бойынша фитосанитариялық іс-шаралар, яғни химиялық өңдеу жұмыстарының қаржысы алқап иелерінің қалтасынан шығатыны қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екенін шегірткемен күрес нағыз қызған кезде белгілі болар.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.