Сараптама

Шегірткемен «Шайқасқа» шама жете ме?

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары өңір дихандары мен шаруалар көресіні шегірткеден көріп келеді. Егін алқаптары мен шабындық тұрмақ, жайылымдық жердің өзін әп-сәтте ту-талақай ететін зиянкестерге қарсы қолданылған айла-тәсіл мен қарекеттен былтыр олардың мұрты да қисаймағаны есімізде. Есесіне «Жаздың күні гөлайттап, ыршып жүріп ән салуға» құмар шегірткелердің бейқам да масатты шырылы даладағы диқандардың дегбірін қашырған болатын. Бұл өткен жылы шегірткемен күрес шаралары дер кезінде жүргізілмегенін айғақтай түссе керек. Ал, биыл қандай тірлік атқарылуда, өткен жылғы қателіктер қайталануы мүмкін бе? Біз осы мәселені зерделеп көрген едік.

Жалпы, елімізде 271 мың шегірткенің түрі бар болса, соның 120-дан астамы облыс аумағында кездеседі екен. Соның ішінде үйірлі шегірткенің Марокко, италияндық және азиялық түрлері аса қауіптілер санатында. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының» облыстық филиалы биыл Жамбыл, Байзақ, Талас, Сарысу аудандарын осы зиянкестер жайлауы мүмкін деген өңірлер қатарына қосқан. Облыс бойынша 355 мың 210 гектар жер зақымданудың алдында тұрған болса, соның ішінде 298 мың 10 гектарында Марокко шегірткесі бар деп жоспарланған. «Фитосанитариялық диогностика және болжамдау орталығы» облыстық филиалының басшысы Жәнібек Кеңесбековтің сөзіне сүйенсек, тек Марокко шегірткесіне қатысты зерделенуі тиіс 790 мың гектар жердің 528 мың гектары тексеріліпті. Оның 298 мың 210 гектарында Марокко шегірткесі бар деп есептелгенімен, нақты 220 мың гектарда жұмыртқасы бар екені белгілі болған. Қазір осы аумаққа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілу үстінде екен.

– Жасыратыны жоқ, өңірімізде игерілмей бос жатқан жерлер көп. Мәселен, Байзақ ауданы, Тегістік ауылының маңында бос жатқан 1 800 гектар жүзімдіктің орны бар. Жамбыл ауданының Қаракемер, Ерназар ауылдық округтерінде және басқа да елді мекендер маңында осы тектес ескі егістік алқаптары жетерлік. Кеңес одағы кезінде мұндай жерлер тұрақты пайдаланылғандықтан, зиянкестер дернәсіл кезінде жойылып кететін. Өйткені, жерді өңдеу кезінде жұмыртқалар тез жойылатыны тәжірибеде бар. Соңғы үш жылды алып қарасақ, бос жатқан жерлер өңделмегендіктен және шегірткеге қарсы қарекет дер кезінде қолға алынбауы салдарынан олардың бір орыннан екінші орынға ауысып отыруы, тиімділігі төмен препараттардың нәтиже бермеуі секілді жайттар шегірткенің көбеюіне ықпал етіп келген болатын. Былтыр химиялық өңдеуден өтті деген аумаққа тексеру жүргізгенімізде бірен-саран шегірткелер кездескен еді. Биыл мұндай жағдай кездескен жоқ. Бұл қолданылып жатқан препараттың нәтижесі жоғары екенін көрсетеді. Жалпы, аталған шегіртке үш мәрте жұмыртқалайды. Сондықтан, оларды дер кезінде жою өте маңызды, – дейді Жәнібек Кеңесбекұлы.

Біз нақты қандай жұмыс атқарылып жатқанын білмек болып, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтың инспекциясының басшысы Нұрби Жігітековті сөзге тарттық.
– Қазір шегірткелер үш жаста. Олар әр апта сайын 1 жасқа үлкейіп отырады. 5 жасқа жеткенде «шабуылға» шыға бастайды. Біз олардың көзін 4 жасқа жеткенше жойып үлгереміз. Жұмысты еңсеруге қолымыздағы 20-дан астам дәрі, улы газ және бу шашатын техника, адам арқалап жүруге ыңғайлы 62 аспалы бүріккіш мол мүмкіндік беруде. Жалпы, зиянкестердің ошағы ретінде 4 аудан анықталғанымен, Марокко шегірткесі 10 ауданның 80 ауылдық округінде кездеседі. Сондықтан, химиялық өңдеу жұмыстары барлық ауданда бірдей жүргізілуде. Бүгінде 200 мыңға жуық гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Бұдан кейін италияндық пус атты шегірткені жою үшін 38 мың 850 гектарға химиялық өңдеу жұмысы жүргізіледі. Ал, азиялық шегірткемен күрес маусым айында басталады. Себебі, азиялық шегіртке осы айда пайда бола бастайды, – деді Нұрби Рахметханұлы.

Осы орайда аудандарда атқарылып жатқан шаруалар жайына назар аударған едік. Жамбыл аудандық аумақтық бөлімшесінің басшысы Сейтмахан Қошмағамбетовтің айтуынша, зиянкес жәндіктердің ошағы саналатын 74 мың 380 гектардың 70 мың 380 гектарын Марокко, 4 мың гектарын италияндық, қалғанын азиялық шегіртке жаулауы мүмкін екені болжамдалған. Бүгінде Марокко шегірткесіне қарсы химилық өңдеу 65 мың 370 гектар жерге жүргізіліпті. Ол үшін 20 шақты әуе және жерүсті дәрі бүріккіш техникалар мен 12 аспалы бүріккіш жұмылдырылған. Бұл жұмыс толық еңсерілгеннен кейін, зиянкестермен күрес шаралары кезең-кезеңімен италияндық және азиялық шегірткелерге қарсы жүргізілетінін, зиянды жәндіктердің ошақтары тек Көделі мал жайылымынан ғана анықталып отырғанын сөз етті.

Талас ауданында да 86 мың гектар анықталып, оның 63 мың гектарына дәрі шашылған. Ал, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей аудан аумағында болжам бойынша жалпы зиянды организмдерге қарсы химиялық препараттармен өңделетін 33 мың 100 гектар жер көлемі анықталғанын айтады. «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Сарысу аудандық филиалының жүргізген зерделеу жұмыстарына сәйкес, зиянды организмдермен болжамды зақымдану ошағы деп Байқадам, Жайылма, Жаңаталап, Игілік, Тоғызкент және Досбол ауылдық округтері есепке алыныпты. Зиянды организмдердің басым бөлігі Жаңаталап ауылдық округінде екен. Өңдеуге ұсынылған алқаптарға «Комбат» препаратының 15 грамы 15 литр суға араластырылып қолданылуда.

– Негізінен, зиянды организмдердің болжамды алаңын анықтауға аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы әр ауылдық округке 5 адамнан тартылған болатын. Одан бөлек, арнайы сенбілік ұйымдастырылып, оған 200-дей сарысулық тұрғын қатысты. Жұрт болып жұмылған істе көпшілікке қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Акцияға қатысушылар зиянкестермен зақымдану ошағы анықталған аумаққа жалаушалар немесе түрлі-түсті целлофан қалталардан жасалған арнайы белгі қойып, көмек қолын созды. Осы белгі аудандық аумақтық инспекция мамандарының зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жұмысын жеңілдеткенін айта кетуіміз керек. Жалпы, Марокко шегірткесі дернәсілдеріне 57 мың 200 гектар алқапта тексерулер жүргізіліп, 25 мың 610 гектар жер көлемі зақымдану ошағы деп танылған болатын. Бүгінде 25 мың 50 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді, – деді Олжас Тұрғынұлы.

Негізінен шегірткелер үйірлі және саяқ деп екіге бөлінетіні белгілі. Осының ішінде саяқ шегірткелердің зияны болмағанымен, олар да шамадан тыс көбейетін болса, шаруаның ісін шатқаяқтататын көрінеді. Осы мәселені ескерген облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы өңірдің он ауданында саяқ шегірткелерді жоюға кірісіп кеткен екен. Басқарма басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, анықталған 14 мың 124 гектардың 7 мың 516 гектарына өңдеу жұмысы жүргізіліпті.

Тиісті мамандардың қай-қайсысымен тілдессек те, олар биыл шегірткеге қарсы күрес шаралары жылдағыдан қарқынды әрі сапалы жүргізіліп жатқанын айтады. Халыққа қажеті де – осы. Себебі, зиянкестер түп-тұқиянымен жойылса, егістіктер алқабы мол түсім беріп, жаз бойы жайылымдық жердің де жайқалып тұратыны анық. Десе де, атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін тап басып айтуға тек уақыт төреші екенін еске саламыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР